«Театр. Тарих. Тағылым»

«Театр. Тарих. Тағылым»

«Театр. Тарих. Тағылым»
ашық дереккөзі
Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрына 25 жыл толды. Осыған орай, театр актері әрі бас режиссері Самал Әбуовтің «Театр. Тарих. Тағылым» атты кітабының тұсауы кесілді. Жинақта театрдың ширек ғасырлық тарихы, оның алғашқы директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Амантай Сұлтанғалиев, еліміздегі үш театрдың негізін қалаған режиссер Жамбылбек Есенбеков, КСРО халық әртісі Хадиша Бөкееваның шәкірттерінің бірі, дарынды актер Тельман Имашев, пантомимо өнерінің хас шебері Зефиль Ситдиков, Сырым батырды сомдаған Темірболат Есенғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов сынды бірегей тұлғалар жөнінде сыр шертіледі. Театрдың ширек ғасырлық тойына қазақтың «Қыз Жібегі» атанған Қазақ-станның еңбек сіңірген әртісі Меруерт Өтекешова, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының директоры Айболат Сексенбаев, Орал театрында жары Мұрат Ахмановпен бірге еңбек еткен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Хазима Нұғманова және басқа да өнер қайраткерлері арнайы қатысты. Айта кетейік, биыл 25 жылдық мерейтойын атап өткен театрдың негізі өткен ғасырдың 30-жылдарында-ақ қаланған. Айтулы театрдың негізін қалаушы Жұмат Шанин «халық жауы» атанып, атылып кетті. Оның ізінше театр әртістері де қуғын-сүргінге ұшырады. Ал 1948 жылы Оралдағы қазақ музыкалық драма театры «қаражат жетіспейді, көрермен жинай алмайды» деген желеумен жабылып тынды. «Әрине, театр тарихына байланысты деректер аз емес. Ол үшін архивтерді қопаруға тура келеді. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылғанындай, ұлықтауға тұрарлық тұлғалар біздің театрда да аз емес. Осы мақсатта театр музейі ашылды. Алдағы уақытта зерттеу жұмыстарын жалғастырып, музей қорын толықтыра беретін боламыз», – дейді театр режиссері Самал Әбуов.