Бүлдіршіндер шаттыққа бөленді

Бүлдіршіндер шаттыққа бөленді

Бүлдіршіндер шаттыққа бөленді
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы мүмкіндігі шектеулі балаларды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Соның бір дәлелі – Шымкент қаласында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өткен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жаңа жылдық шырша. Бұл шараны «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы мен Еңбекші аудандық әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Бүлдіршіндерді құттықтауға келген Еңбекші ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Ғалымжан Ілиясов: «Жаңа жыл барлық балалар үшін ең керемет, ең сүйікті мереке. Жаңа жылды әрбір бала асыға күтеді, оны қуаныш, көптеген сыйлықтар түрінде елестетеді. Осы орайда, «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында бүгінгі шараны ұйымдастырдық», – деп атап өтті. Одан кейін аудан әкімі мерекелік шараға қатысқан бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар тапсырды. Сонымен бірге, балдырғандар арнайы әзірленген жаңа жылдық концерттік бағдарламаны тамашалады. Бағдарлама шеңберінде ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылым көрсетіліп, әртүрлі қызықты байқаулар өткізілді. «Қамқорлық қажет ететін жандарға қол үшін беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды. Қамкөңіл балаларға қуаныш сыйлаған партияға алғысым шексіз», – деп мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарының атынан сөз алған Гүлжахан Қайназарова ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді. Мереке соңында мүмкіндігі шектеулі балалар ертегі кейіпкерлері, Аяз ата және Ақшақармен бірге суретке түсіп, ұйымдастырушылар дайындаған сыйлықтарға ие болды.