Жамбылда кәсіпкерлік жандануда

Жамбылда кәсіпкерлік жандануда

Жамбылда кәсіпкерлік жандануда
ашық дереккөзі
Жамбыл облысында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында соңғы 8 жылда жалпы құны 97 миллиард теңгенің 1 мың 306 жобасы жүзеге асырылған. Мемлекеттік бағдарламамен іске қосылған кәсіпорындардың бірі Қордай ауданында табысты жұмыс істеп тұр. Заманауи үлгідегі цехта мал еті бастапқы өңдеуден өткізіледі. Қазір экологиялық таза өнімге сұраныс артып, экспортқа шығарыла бастады. Кәсіпорын әлемдік стандарт талаптарына сай етіп салынған. Жобалық қуаты жылына 6,5 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы. «Бір ауысымда 80 бас ірі қара және 150 бас уақ мал етін өңдейміз. Бірінші кезекте еттің сапасына мән беріледі. Осы жерден санитарлық бақылаудан өткізіліп, арнайы тексеруден өткіземіз. Тек содан кейін барып өнім сатылымға шығарылады. Мұнда ет бастапқы өңдеуден өткізіледі. Дайын отандық өнім ел нарығына ғана емес, шетелдерге де экспорттала бастады. Қазір бұл бағытта мемлекеттік қолдау көрсетіліп, өнім көлемін еселеу мақсатында қажетті инфраструктура тартылып жатыр», дейді технолог Гүлмира Әбдіжапарова.  «Жыл басынан бері 60 тонна ет экспортталды. Бахрейн еліне уақ мал еті жөнелттік. Қазір бірқатар мемлекетпен келіссөздер жүріп жатыр. Қытай мен Біріккен Араб Әмірлігінің нарығына шықсақ дейміз. Сонымен қатар көрші Ресей елі де үлкен экспорт алаңы болып табылады», дейді кәсіпорынның бас инженері Александр Баханцов. «Қазір Қордай ауылынан газ құбырларын тартып жатырмыз. Ұзындығы 5,5 шақырым болады. Жоба құны 29 миллион теңге шамасында. Көгілдір отын жеткізілсе, бұл кәсіпорынға жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді», дейді Қордай аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Мамедов. Бүгінде өңірде экспорт көлемін арттыру мақсатында ет бағытындағы ірі қара малын өсіру қолға алынып отыр. Биыл асылдандыру шараларына 1500-ге жуық мал шетелден әкелінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бірнеше есеге артық. Айта кету керек, аймақта 26 мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Онда 26 мың бас малды бірден бордақылауға мүмкіндік бар. Дегенмен жыл басынан бері экспортқа облыстан 2200 тонна еті өнімдері шығарылған. Сонымен қатар, Жамбыл ауданында ағымдағы жылға кәсіпкерлікті дамыту картасына 2 жобаны енгізу жоспарланып отыр. Олар Қарой ауылдық округінен «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысы мен Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысы.  «ТаразГазӨнімдері» ЖШС-нің «Сұйытылған газ өнімдерін өндіретін зауыт» құрылысының жобасы Қытай Халық Республикасының «Визон Инжиниринг ЛТД» компаниясымен бірлесе іске асырылады. Жоба құны шамамен 16 млрд. теңгені құрайды. Жер көлемі – 16,0 га. Нәтижесінде, 108 адам жұмыспен қамтылатын болады. Жобаның бас жоспары мен техника-экономикалық негіздемесі әзірленген. Сондай-ақ, «Визон Инжиниринг» компаниясымен жобаны іске асыру бойынша алдын-ала тиісті келісім-шарт жұмыстары жүргізілген. Қытайлық инвестор компания тарапынан жобаның сметалық құжаттары әзірленуде. Ал Айшабибі ауылдық округінен «Супер Фарм» ЖШС-нің «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауытының көлемін кеңейту» құрылысының жоба құны шамамен 3,5 млрд. теңге. 250 адам жұмыспен қамтылатын жобаның жер көлемі – 1,5 га құрап отыр. Қазіргі таңда құрылыс монтаж жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Айта кетейік, аталған екі жоба Жамбыл облысының Индустриаландыру картасына енгізілді. Сондай-ақ, ірі және орта кәсіпорындар ағымдағы жылы «КнауфГипсТараз» ЖШС 991 млн. теңгеге  гипс өнімдерін өндірген. Ал, «БиномСтройДеталь» ЖШС-і 242,2 млн. теңгеге темірбетон бұйымдарын шығарды.