ЖАДЫНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ

ЖАДЫНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ

ЖАДЫНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ
ашық дереккөзі
Президент әкімшілігінің жетекшісі Әсет Исекешевтің төрағалығымен өткен селекторлық жиын барысында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Елбасы мақаласында айтылған міндеттерді орындауға байланысты өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы уақытта іске асырылатын жобалармен таныстырды. «Мемлекет басшысының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы, әрі елді биік мақсаттарға жетелейтін маңызды құжат, – деп атап өткен облыс әкімі осы Бағдарламадағы тапсырмаларды орындау мақсатында Түркістан облысында бірқатар жұмыстардың қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мәселен, атбегілікті, аңшылықты, салт-дәстүрді насихаттау мақсатында облыста арнайы фестивальдер ұйымдастырылып жатқанын, сондай-ақ, Елбасы мақаласының «Түркі әлемінің бесігі» деп аталатын бөлімінде Түркістан қаласында туған Ясауи мен Отырардан түлеп ұшқан Әл-Фараби ғұламалар туралы да айтылғанын, ал бұл бағытта да облысымызда тарихи тұлғалар мен көне қалаларды насихаттау үшін анимациялық фильмдер мен телехикаялар түсірілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, облыс әкімі 2019 жылы Түркістан облысында «Сәйгүліктер» фестивалі ұйымдастырылатынын жеткізді. Ұлттық сананы, жадыны жаңғырту мақсатында өткізілетін шара аясында ұлттық ат спорт ойындары: теңге алу, аударыспақ, қыз қуу, жамбы ату, сәйгүліктер шеруі, сондай-ақ, ат әбзелдері, аттылы жауынгерлердің киімі мен қару-жарақтарына арналған көрмелер, жылқы малына байланысты жыр мүшәйрасы, жыршылар мен термешілер байқауы, «Шығыс базары» атты фестиваль өткізу жоспарға қойылған. Бұдан бөлек, Қ.А.Ясауидің тарихи болмысын жаһанға танытып, насихаттау мақсатында бірқатар шаруалар атқарылмақ. Атап айтқанда, Елбасы тапсырмасы бойынша, жаңа Түркістанда Яссауи музейі салынбақ. Бұл мұражайда атақты ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің де еңбектері қойылмақшы. Сондай-ақ, Ясауи бабаның ғылыми мұрасын зерттеп жүрген ясауитанушылардың басын қосып, Түркістан қаласында халықаралық конференция өткізудің  де маңызы зор екенін облыс әкімі осы селекторлық мәжілісте мәлімдеді.

Сейітхан Зеберханұлы