Цифрландыру: 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылықты оқыды

Цифрландыру: 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылықты оқыды

Цифрландыру: 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылықты оқыды
ашық дереккөзі
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асқалы бері қағазбастылықтан құтылып, уақыт үнемдеуге біртіндеп көшіп келеміз. Әсіресе, білім саласы бұл үрдісті жедел қабылдап, бірқатар нәтижеге қол жеткізіп үлгерді. Бүгінде өңір мектептерінде ашылған IT сыныптары соның жемісі.   «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Білім және ғылым министрлігі тарапынан бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, ведомство бұйрығына сәйкес, 2018-2019 оқу жылында «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 3-сыныптың оқу бағдарламасына енгізілді, сондай-ақ, 2019-2020 оқу жылында 4-сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныптарға енгізу жоспарланған. Одан әрі 5-11 сыныптардың бағдарламалары, ең алдымен STEM-элементтердің, яғни робот техника, виртуалды шындық, 3D-принтинг және басқаларының қосылуын ескере отырып, бағдарламалау тілдерін қайта қарау өзекті болмақ. Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Айдарбекұлының айтуынша, білім саласындағы цифрландыру мәселесіне келсек, бұл – адами капиталды дамыту бағыты. «Бұл бағыт білім берудің басқару жүйесін құру, бастауыш білім беруде бағдарламалау негіздерін 2-сыныптан енгізу, жетекші АКТ мамандықтар бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту сияқты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде заманауи трендтерді ескере отырып, студенттердің цифрлы дағдыларын арттыру мақсатында еліміздегі жоғары оқу орындарының базасында құзыреттілік орталықтарын ашу көзделген. Жалпы бағдарламаның орындалуы жақсы деңгейде деуімізге болады», – дейді. Бүгінде электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі республика бойынша 6 мыңнан астам мектептерде енгізілді. Кез келген ата-ана ғаламтор арқылы сол жүйеге кіріп, баласының үлгерімін қадағалай алады. Барлық мектеп жүйеге құпия сөз және логин арқылы кіреді. Әр оқу жылына бір рет сабақ кестесі бекітіліп, автоматты түрде барлық тоқсанға қойылады. Мұғалім сабақ кестесіне сәйкес электронды журналға баға қояды. Баға автоматты түрде оқушының күнделігіне түседі. Жүйеде үйге берілген тапсырма да көрініп тұрады. Бүгінгі таңда жүйеде 300 мыңға жуық мұғалім мен 2,5 млн астам оқушы және 1,5 млн астам ата-ана тіркеулі, жүйенің мобильді нұсқасы да әзірленді. Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №615 бұйрығымен құжаттардың қайталануын және қағаз түрінде жүргізілуін болдырмау мақсатында «Білім беру ұйымдарымен білім беру қызметінде пайдаланылатын қатаң есептілік құжаттарының нысанын бекіту туралы» бұйрығына енгізілген өзгерістерде орта білім беру ұйымы электронды жүйеге қосылған кезде құжаттар тек электронды түрде толтырылатындығы мен оларды қағаздық нұсқада толтыру қажет еместігі айтылған. Сондай-ақ, бүгінгі таңда шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі және мектептерде компьютер жетіспеушілік мәселесі бар. Министрлік бүкіләлемдік банкпен бірлесе 2020 жылға дейін техника сатып алуды және бұл мәселені шешуді жоспарлап отыр. Екіншіден, байланыс операторларымен бірлесіп, білім ақпараттық жүйесінде жұмыс трафигі тегін болатын арнайы мұғалімдер үшін тариф жасау жоспарлануда. Қазіргі таңда жаңартылған орта білім беру мазмұнын енгізу шеңберінде әзірленген информатика және физика мұғалімдері үшін 5 білім беру бағдарламасы министрліктің бұйрығымен бекітілді. Биыл білім беру ұйымдарында 3D-­­­­прин­­тингті дамыту бойынша курстардың 3 білім беру бағдарламасы әзірленді. Сондай-ақ, «Өрлеу» АҚ филиалдарында «Робот техника негіздері» білім беру бағдарламасы бойынша 2 500 педагогты оқыту жоспарланып, 3D-принтинг және бағдарламалау жөніндегі курстарды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданды. Атап айтсақ, Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында Нысаналы салыным шеңберінде биыл жазғы уақытта «Педагогикалық шеберлік орталығы» 80 сағаттық курста 50 жаттықтырушыны, қыркүйек-қараша аралығында өңірлердегі Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында жалпы білім беретін мектептердің 1 500 информатика пәнінің мұғалімдеріне дәріс оқу жоспарланған. Сонымен қатар «Өрлеу» БАҰО АҚ базасында 1250 мұғалімді 3D-принтинг және бағдарламалауға және 1250 мұғалімді робот техникаға оқыту бойынша 2019 жылы курстарды ұйымдастыруға бюджеттік өтінім дайындалып, Қаржы министрлігіне жіберілді. Министрлік 2018 жылдан бастап аталған білім беру бағдарламалары бойынша курстарда жалпы білім беретін мектептердегі 4 000 мұғалімді оқытуды жоспарлап отыр. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикада 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылық бойынша оқытылды. Оқыту курстары бірнеше дағдылар бойынша өткізілді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде білім беруді басқару жүйесі білім алушылардың есебі мен қозғалысын, ресурстардың республикалық есебін автоматтандыруды, кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру бойынша мемлекеттік тапсырыс бюджетін талдау мен жоспарлауды, білім беру ұйымдарын ресурстармен қамтамасыз етуді, білім беру ұйымдарының қызметін бақылауды жоспарлау мен жүргізуді көздейді.