29 Қараша 2018, 18:01 1370 0 Білім Ахмет ӨМІРЗАҚ

СЕНІМГЕ СЕЛКЕУ ТҮСПЕСЕ...

Жалпы сенімнің түрі көп: мемлекетке сену, ұлтқа сену, болашаққа сену, басшылыққа сену... ең ақыры өзіңе сену – «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» (Абай). Бірақ адамзат үшін ақиқаттың түп-бастауын іздеудегі ең үлкен сенімі – діни сенім.

О бастан «Құран – Құдай сөзі. Құдай қылғанды былай қылма» дейтін қазақ дінді рухани тазалық, адамды адалдыққа, әділетке бастайтын жол деп білген.

Кез келген діни сенімнің өзіне тән көзқарасы, тыйымы, сол дінді ұстаушылар орындауға тиіс жөн-жоралғысы болады. Алайда ұлттық салт-санасы орныққан кез келген халық белгілі бір дінді ұстанғанда, өзінің ұлттық болмысымен үндестіріп ұстанатыны белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда, ислам дінін Орталық Азияға жорық жасаған араб дін таратушыларының қаһарынан сескеніп қана ұстамай, мұсылмандық көзқарастың ұлттық санаға деген үйлесімін танып ұстаған қазақ халқы ғасырлар бойы өздерін мұсылман үмбеті санап келеді. Ал ислам дінінің қазақ арасына орнығуына Орталық Азияда ислам дінін таратуда белсенділік танытқандардың еңбегі орасан зор. Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) кейінгі халифалар Әбу Бәкр-ас-Сыдық (632- 634), Омар (634-644), Оспан (644-656) және Әли Әбу Талибтің (656-661) ұрпағы болып есептелетіндерді қазақ халқы ерекше құрметтеп, дінге қатысты ырым-тыйым, жол-жоралардың тізгінін соларға ұстатқан. ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақи жазып қалдырған «Насабнама» атты шежіре кітапта дін таратушы Ысқақ Баб (Баб Ата), Әбдіжәлил Баб (Абд-ал-Жалил, Хорасан Ата), Әбдірахим Бабтың (Абд-ар-Рахим) Орталық Азия аумағына 1366 жылы келгені айтылады. Демек, жеті ғасырдан бері қазақтар ислам дінін ұстанып келеді деп айта аламыз.

Кеңестік дәуірде дінге деген көзқарастың қатал болғаны белгілі. Халықтың діни сеніміне тыйым салып, дінді ұстаушыларды ашық жазаламаса да, діни көзқарастың реакцияшылдығы жайында (мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін, барлық ғылыми орталықтарда, мемлекеттік органдарда) күшті атеистік насихат жүргізілді. Осының әсерінен ол тұста дінге сенбейтіндердің қарасы қалың болды. Дегенмен халық дінді біржола ұмытып кеткен жоқ. Мәселен, Орталық Азия елдерінің көбісінде тұрмыстық өмірде діни жоралғылар жасалатын (бала туғанда азан шақырып, ат қою; ұлды сүндетке отырғызу, өлі әруақтардың рухына құран бағыштау, зейнет жасындағылардың намаз оқуы, өлген адамға жаназа шығару т.б.). Солай болса да, КСРО құлаған тұста басқа елдердегі сияқты Орталық Азия елдерінде де діни сауаты жетік, дін ілімін жан-жақты меңгерген діни мамандар тапшы болды. Міне, осы кезде Орталық Азияның көптеген жастары діни білім алу үшін Египет, Пәкістан, Саудия, Түркия секілді елдердегі діни оқу орындарына аттанды. Бұл, әрине, діни көзқарас бостандығына жол ашылған елдер үшін қажетті қадам еді. Дегенмен бұл тұста біз ескермеген бір нәрсе болды, ол – әр елдегі исламға деген көзқарастардың өзгешелігі еді. Шетелдерде діни білім алып келгендер елімізге оралып, өздері алған білімі негізінде елге діни уағыз айта бастаған тұста олардың көзқарастарындағы алшақтық айқын көріне бастады. Бейсенбі күндері шелпек пісіруді, қайтыс болған адамға арналған жеті, қырық, жүз күндік садақаларды, ел пір тұтатын әруақты адамдарға арнап құран бағыштауды, келіндердің ата-енесіне сәлем жасауын, т.б. бұрыннан елдің санасына сіңген дәстүрді, діни жоралғыларды терістеу – елге ұлттық салт-дәстүр мен діни сенімді қарсы қойған сияқты болып көрінді. Осының кесірінен елдің ішінде бұрыннан қалыптасып келе жатқан сенімге селкеу түсті десе де болады. Бұл жағдайда діни сенімді ретке келтіру мемлекеттің діни басқармасына жүктелетіні белгілі.

Іргетасы ХІХ ғасырда қаланған Орта Азия және Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы 1990 жылға дейін Ташкентте тұрды. Тек 1990 жылғы 12 қаңтарда өткен Қазақстан мұсылмандарының тұңғыш құрылтайында дербес Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған болатын. Міне, осы басқарма жаңа ғасырдан бастап, Қазақстандағы ислам дініне қатысты көзқарас бірлігін қалыптастыруға тер төкті. Соның нәтижесінде 2003 жылы 2 шілдеде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың № 460-11 жарлығымен Алматыда «Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдениеті университеті (қазіргі «Нұр» Қазақ Египет ислам университеті деп аталады) ашылды. Бұл оқу орнының ашылуы елімізде ислам дінін уағыздайтын сауатты діни қызметкерлердің көбейіп, халықты біртұтас діни көзқарасқа ұйытуда маңызды рөл атқарды.

Жалпы, діни сенім – әр адамның жеке шаруасы. Сондықтан осыны ескере отырып, елімізде діни сенімі бөлек адамға тиісуге, қудалауға заңмен қатаң тыйым салынған. Бұл туралы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңының 3-бабының 5-бөлімінде «Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді» деп көрсетілген. Сондықтан біздің елімізде діни сенім еркін. Солай болса да кейде түсініспеушіліктер орын алып жатады. Мысалы, жыл сайын жаңа оқу жылы басталар кезде мектепке жас қыздарының хиджап киіп барғанын қалайтын ата-аналардың дауы қоғамның назарына жиі түсіп жүр. Өздерінің діни сеніміне еркіндік берген мемлекеттің жоғарыдағы көрсетілген заңның 3-бабының 7-бөліміндегі «Ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ» деген ескертуді елегісі келмейтіндер шын мәнінде дінді де, мемлекетті де құрметтей білмейтіндер. Зайырлы мемлекет ешкімнің құқығын шектемейді, бірақ өзгенің де құқығын қорғайды.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі діни ахуал күрделі болмаса да, халықтың алаңдатуын туғызатын жағдайлар баршылық. Өйткені заң бойынша Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлік тіркеуден өткен соң, миссионерлік қызметке рұқсат етілетінін пайдаланып, түрлі діни наным-сенімді уағыздайтындар аз емес. Осының себебінен қоғамда діни сенімнің көптүрлілігі байқалады.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылғы 1 қаңтарда ресми тіркелген 18 конфессия атынан өкілдік ететін 3 658 діни бірлестік тіркелген. Бұның ішінде саны көбі – ханафи мазхабындағы мұсылман мен православ христиандар болса, одан кейінгі орында – католиктер және протестанттар конфессиялары, иудейлер, буддашылар т.б. діни қауымдар.

Мәліметтерден көріп отырғанымыздай, еліміздегі халықтың ханафи мазхабын ұстанатын мұсылмандардың көптігі қазақ қоғамында діни сенімнің бірлігін байқатады. Сондықтан діни конфессиялардың көптігі көзқарас қайшылықтарын тудыратын сияқты көрінгенмен, ұлтымыздың о бастан ұстанған діни сенімі өз деңгейінен төмен түспегеніне ризалық танытуға болады.

Бүгінде күллі әлемде адамзат санасына үлкен әсер етіп отырған діни сенімнің өзінде біртектілік азайып барады. Оған себеп – әлемдік діндердің өзі (Будда, Христиан, Ислам) іштей көзқарастар қайшылығына ұрынып, секталарға бөлініп кеткен. Оның соңы жер бетінде сенім алауыздығын тудырып, түрлі қақтығыстарға себеп болып жатқаны ақпарат құралдарынан белгілі. Десек те, көптеген елдерде ондай наным-сенім қайшылығынан туатын түрлі жанжалдардың алдын алу шаралары үнемі іске асырылып, маңызды басқосулар өтіп жатады. Мәселен, конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған кең көлемдегі алғашқы іс-шаралар – әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесуі 1986 жылдың қазанында және 2002 жылдың қаңтарында Италияның Ассизи қаласында өткен-ді. Одан кейінгі дәуірде осы бағыттағы ең басты іс шара – әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің сьезі Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астанада өтіп келе жатыр.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің 2003 жылы 23-24 қыркүйекте Астана қаласында өтсе, одан бері ІІ съезі 2006 жылы 12-13 қыркүйекте, ІІІ cъезі 2009 жылғы 1-2 шілдеде, IV сьезі 2012 жылы 30-31 мамырда, V сьезі 2015 жылы 10-11 маусымда және VI сьезі биылғы жылдың 10-11 қазанында «Бейбітшілік және келісім сарайында» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың төрағалық етуімен өтті. Бұл – Қазақстанның тек өз ішіндегі ғана емес, әлемдегі діни ахуалды жақсартуға жасаған үлкен гуманистік қадамы.

P.S. Елімізде діни саладағы қызметкерлер – дінтанушы, теолог, исламтанушы, дін саласын ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген әлеуметтанушы, саясаттанушы, психологтар әлі күнге жеткіліксіз. Сондай-ақ, бүгінде дінге сенушілер арасында радикалдану үрдісі ішінара байқалады. Дегенмен олардың қатарында жүргендердің дәстүрлі исламға бұру бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көп жұмыстар жүргізуде.

Сондықтан еліміздің мұсылман қауымы бір пәтуға мойынсұнып, сенім бірлігін қамтамасыз етсе, сенімімізге селкеу түспесі анық. Сенім бірлігі де мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қызмет етеді.

Соңғы жаңалықтар