БҮКІЛ ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

БҮКІЛ ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

БҮКІЛ ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ
ашық дереккөзі
Осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын, Қазақстан өз Тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізген елең-алаңда, 1993 жыл – Түркияда «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланған болатын. Одан бері де талай айлар ағындап, жылдар жылжып өтті. Қазақстанда бүкіл әлемге  танылған ұлы бабамызды ұлықтауға талай ізгі істер атқарылды. Бірақ  қазақ баспасөзі, зерттеуші ғалымдар Қожа Ахметтің тегін әлі күнге түрлі нұсқада: бірі «Ясауи», енді бірі «Яссауи», келесісі «Йассауи», өзге бірі «Иассауи» деп тәпсірлеп келеді және бұл Қазақстан кітапханашыларына айтарлықтай қиындық туғызуда. Өкінішті-ақ! «Turkistan» газетінде бірталай жыл қызмет атқарған ақын, белгілі аудармашы  марқұм Әбіраш Жәмішев кезінде Қожа Ахмет Ясауидің хикметтерін қазақ халқының игілігіне ұсынғаны белгілі және сол еңбегінің толық нұсқасы 2009 жылы «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген шығармаларының екінші томында оқырманға жол тартқан болатын. Әбіраш Жәмішевтің кітабына енген «Бүкіл түрік әлемінің төл перзенті» еңбегін газетіміздің қалың оқырмандарының назарына қайта ұсынуды жөн санаймыз.               

 Редакция

Әлденеше ғасыр бойында аялап, ардақтамақ түгіл атын атаудың өзінен айбынып, қаймығып келген қасиетті бабамыз Қожа Ахмет Иассауи жөнінде бұл күнде емін-еркін, мақтан тұта айтатын күнге де жеттік. Теріс насихат ол жайында бізге не айтпады?! Ол мистик делінді, пессимист делінді, діншіл делінді, негізгі күнәсі «Ислам дінін уағыздаушы» болғандығы екен. Соның салдарынан соңғы жетпіс жыл ішінде дүниеге келген біз сияқты бейбақтар оның бүкіл мұрасынан бейхабар қалды. Әрине, біз білмегенмен біздің ата-бабаларымыз, әкелеріміз бен аяулы ағаларымыз білген, әжелеріміз бен аналарымыз оның қасиетті есімі алдында тағзым етіп тұрған. Соңғы жылдары республикамыздың басылымдарында Қожа Ахмет Иассауи жайында арнаулы мақалалар жарияланғаны, «Хикметтердің» де қайбір қилы-қилы аудармалары көрінгені жадымызда. Ұлы бабамыздың ұлағатты мұрасын игеріп, халыққа таныстыру мақсатындағы мұндай ізгі ниет, игі қадам құптарлық та, қуанарлық та құбылыс. Өйткені біз ғасырлар бойы осыған қол жеткізе алмай, зар болып келдік қой. Бұл да – елдік еңсеміз көтеріліп, тәуелсіздік тұғырымыз бой көтеріп, мемлекеттік туымыз желбіреп тұрғанының арқасы! Айрықша қуанар айтулы бір оқиғаны арнайы түрде айтуымыз да керек. Ол – біздің газеттерімізде жарияланған хабарда айтылған жаңалық «Заман-Қазақстан» (қазіргі «Turkistan» – ред.) газетінде «1993 – Қожа Ахмет Иассауи жылы» деген шағын мақала тағы жарияланды. «Түрік үкіметі, – делінген мұнда, – 1993 жылды Қожа Ахмет Иассауи жылы деп жариялады. Түркі сопысы, ақын әрі ойшыл Қожа Ахмет Иассауидың 900 жылдың мүшелтойы 1993 жылы Түркия, түркі республикалары мен қауымдастықтарында кеңінен тойланады. Үкіметтің осы мәселеге орай жарияланған мәлімдемесінде Иассауи мұрасының түркі республикалар мен қауымдастықтарында ортақ мәдени қазына екендігі, әрі ойшылдың біріктіруші рухының бүгінгі күн үшін ерекше мәнге айналғаны атап көрсетілген...». Қазақ халқының қасиетті топырағында дүниеге келген, бүкіл әлемге танылған біздің ұлы бабамызға деген бұл зор ілтипаты мен құрметі үшін түбі бір туыстарымыздың бәріне көп-көп рахмет! Мұндай кеңпейіл бұрыннан-ақ болатын. Түркияда арнаулы зерттеу еңбектері де жетерлік. Станбұл шаһарында ертеректе шыққан «Ислам ғұламаларының энциклопедиясы» деген үлкен кітапта Қожа Ахмет Иассауи туралы арнаулы мақала жарияланған. Ол былайша басталады: «Түркістанда өсіп-кемелденген үлкен әулиелердің бірі. Түркістанның пірі, Әзіреті Түркістан, Әзірет Сұлтан, Қожа Ахмет, Құл Қожа Ахмет деген есімдермен танылған. Әкесі Қожа Ибраһим Әзіреті Әлінің баласы Мұхаммед-Ханафиядан тараған ұрпақтан. Ана жағынан Әзіреті Фатимаға барып тірелетіндіктен бүкіл Пайғамбар ұрпағы ретінде сейіт делінеді... Қожа Ахмет жеті жасқа жеткенде әкесі қайтыс болған, шешеден де тым ерте қалған...». Ал түріктің үлкен бір ғұламасы Фуад Көпрұлының «Түрік әдебиетіндегі софылық ағымның алғашқы өкілдері» деген еңбегінде Қожа Ахмет Иассауидың өмір тарихы кең баяндалған. Шығармалары жөнінде арнаулы тараулар жасалған. Біз «софылық» деген сөздің өзінен шошынып жүргенде түрік туыстарымыздың мұндай зерттеу еңбектер, кітаптар шығарғанына қалай разы болмассың?! Сірә, біз сол «софы», «софылық ағым» деген сөздердің шын мағынасын ұқпаған болуымыз керек. Өйткені бізге мұны кілең теріс ұғындырып келді ғой. Бүкіл мұсылман шығысындағы софылық ағымның алғашқы жолбастаушыларының бірі Әбу Хамид әл-Ғазалидың «Сенім туралы ғылымның жандануы» деген еңбегіне жасалған шолуда бұл ағым туралы айқын түсініктеме бар. Софылық ағым өзінің табиғатында тазалықты, әділдікті уағыздау, өмірге енгізу мақсатын көздейді. Ол тақуалықты, барға қанағат, жоққа төзімділік мұраттарын уағыздай отырып, байлығы асқан, мейманасы тасқан феодалдар мен халыққа жағымсыз діндарлар іс-әрекетін мансұқтайды. Дін өзінің әуелдегі турашыл тұғырынан таймай, оның барлық рәсімдері мен ғұрыптары дұрыс сақталуы да, бұлжымай атқарылуы да керек. Мұсылман қоғамының мүшелері барынша таза, адал болуға тиіс. Ғазалидың ұғымында және өзінің бүкіл көзқарасында суннизм мен шиизмнің бір-бірімен талас-тартысқа түсер реті жоқ. Біздің Қожа Ахмет бабамыз да осы Ғазали тектес ғұлама. Ол әрбір мұсылман баласы, Мұхаммед пайғамбардың әрбір үмбеті діннің тура жолымен жүрсе екен деп, ары мен жаны, тәні, іс-әрекеті таза болса екен деп ойлайды. Дүниеқор болма, опасыз дүние үшін жамандық жасауға барма. Бір-біріңе мейірімді, қайырымды бол! Момынның, жетімнің ақысын жеме, кем-кетік пен кедей-кепшікке жәрдемдесіп жүр. Нәпсіқұмар, тойымсыз болсаң күнәға да көп батасың. Мұндайда мұсылманшылығың ғана емес адамшылығың да азып-тозады. Иә, Қожа Ахмет – софылық ағымның үлкен бір өкілі. Өзі де софы, діндар және дін уағыздаушысы. Ол өзінің Нанымына, Танымына мейлінше адал. Сондықтан да барлық жалғандық атаулыға, күнәға батудың барлық түріне, ұрлық-қарлыққа, зорлық-зомбылыққа барынша қас. Адамды түзету арқылы қоғамды, қоғамды түзету арқылы заманды түзету, жалпыға бірдей әділетті өмір орнату – оның адамдық мұраты, діндарлық мақсаты, ақындық парызы. Бұл оның таза табиғатында бар қасиет. «Меккеде бар Мұхаммед, Түркістанда Қожа Ахмет» деген сөздер халық жүрегінде, әлемнің сан тарапында, сан ықылым елдерде бекерден бекер замандар бойы сақталып келе жатқан жоқ. Аты аңызға айналған, аңызға айналардай қасиеті бар, адамгершіліктің бүкіл шарттары бір бойына жиналған ұлы тұлға. Бұл – оған ана сүтімен, ата тәрбиесімен дарыған қасиет. Бұған ол өзінің адалдығымен, бүкіл ғұмыр бойындағы адал еңбегімен, таза мінез-құлқымен жеткен. Құл Қожа Ахметтің бүкіл өмірі – ұстазға адалдықтың, адамгершілік парызына адалдықтың, Аллаға құлшылық етуге адалдықтың, өзіңнің нанымына, яғни дініне адалдықтың айқын көрінісі. Өтірік айту, жалған сөйлеу, көлгірсу, жасандылық, тәкаппарлық дегендердің қандайын болса да қатты айыптайды. Өзінің хикметтерінде жалған софылықты, софысынған суайттарды әбден әшкере етеді. «Хикметтерді» оқып отырғанда кездесетін: «Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым», «Жалған ғашық, суайт софыны жүндей түттім», «Менмен болсаң тамұқ күтіп алар алда», «Арың сақта болсаң да малға кедей», «Жалғаншылар дозақының өзі ғой», «Заман азар уағында, патша айналар залымға», «Алдамшылар, жалғаншылар, бұзықтар мен арамдар» деген сөздерде адамның құлқын тазартудың қаншалықты маңызды екені өткір айтылады. Бабамыздың биік мұраты, күрескерлік қуаты мына бір жыр жолдарында жинақтала айтылғандай, кімнің кім екенін ащы да болса ашық айтып тұрғандай: Дүние-мүлікке құмартып жаһан малын жиғандар, Құзғын жемін жегендер арамға әбден батпақшы. Молла, мүфти болғансып жалған дұға қылғандар, Ақты қара дегендер тамұққа барып жатпақшы. Қазы, имам атымен қол қойса нақақ жалаға, Сол үкімнің салмағы өздерін басып қалмақшы. Арам жеген әкімдер, құныққандар параға, Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы. Міне, осындай ойлы, өткір өлеңдер жазған ақынды «мистик», «пессимист, өмірден қол үзген, дінді ғана уағыздаушы, күрескерлік танытпаған» деген сияқты сұрықсыз сөздермен сылқита даттауға қалай жол берілген, бұл кімге не үшін керек болған десеңізші?! Ғасырлардан-ғасырларға кететін, сөзі замандарға жететін ұлы тұлғаны тарихымыздан сызып тастауға қалай қол барды екен?.. Әділін айтар болсақ, Құл Қожа Ахмет өзінің кім екенін де, сөзінің салмағын да жақсы білген және болашаққа сенім де артқан. Бұған оның «Мінәжат-намасын» оқығанда көзіміз анық жетеді. Замандардан замандар арада өтсін мейлі, Ғаріп Ахмет сөздері ешқашан ескірмейді. Ешкім де оны әсте мансұқ ете алмас, Оқығандар ортасынан үзіп тастап кете алмас... Хикметтерім әлемге жатыр тарап, Оқығандар атыма айтар мадақ... Бұлар – ұзақ «Мінәжат-наманың» кейбір жолдары ғана. Ал тұтас оқып шыққанда жақсылыққа деген, болашақ байыпты ұрпаққа деген, өзінің ел-жұртына деген зор сенім, мол үміт лебі соғып-ақ тұр. «Хикметтерді» оқыған, мән-маңызын білген жандарға «Қиямет күнінде ақ жолын меңзеуші болармын» деп те ағынан жарыла сөз арнайды. Бабамыздың өзі де, сөзі де халқының ортасына қайта оралып келді деуге әбден болады. Баба мұрасын игеру жолында атқарыла бастаған, алда атқарылмақ көп жұмыс осылай деп сеніммен айтуға мүмкіндік беретіндей. Баба мұрасының бүгінгі күні біздің ұрпаққа жетуіне дәнекер болған, оны аман-сау сақтап қалған және баспа жүзін көрсеткен татар, түрік, өзбек бауырларымызға мың да бір рахмет! Әрине, «Хикметтердің» жалпы саны, реттелуі, шәкірттер жасаған көптеген көшірмелердің түпнұсқалық негізі мен жасалған өзгерістер жөнінде анықтай түсер жайттар де жетерлік. Әр кезде әрқалай жасалған және осы күні бой көрсете бастаған әрқилы аудармалар ахуалы да көп ойландырады. Мағына дәлдігі мен айқындығы, өлеңдік қуаты мен әуендік (мақам) ерекшелігі «Ә, бәрекелді!» дерліктей деңгейге жеткен жағдайда ғана парызымыз өтелмек.

***

Биыл ұлы ғұлама, кемеңгер ақын, бүкіл Тұран жерін мекендеген түркі халықтарының рухани атасы, бәріміздің данышпан бабамыз – Қожа Ахмет Иассауидың туғанына 900 жыл. Бүкіл түркі тілдес халықтар мемлекеттерінің игі жақсылары, дәлін айтқанда мәдениет министрлері бас қосқан Баку мәжілісінде 1993 жылды Қожа Ахмет Иассауи жылы деп атауға, мерекелеуге ұйғарым жасалды. «Мәдинеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет» атанған осынау ұлы тұлға, заманалардың заңғар биігі, ғаламдық ғұлама, ақылман жырдың асқан жүйрігі жайында Қазан төңкерісінен кейінгі жетпіс жыл бойында қазақ жұрты жарытып еш нәрсе біле алмай келеді. Ал азын-аулақ, тиіп-қашты білгеніміздің өзі бүтіндей бұрмаланған бәнәйі сөз екені бүгінде бәрімізге аян болып отыр. Б абамыздың туған жері – Оңтүстік Қазақстандағы Сайрам қаласы, ал өскен, ғылым мен ақындық аспанына көтерілген, бүкіл әлемге даңқы жайылған жері Түркістан шаһары. Сөйте тұра біз ол жайында білмей келдік. Бұл – біздің мініміз ғана емес, қасіретіміз де. Әрине, біз білмегенмен өзгелер білген. Түркия мемлекетінде Қожа Ахмет Иассауиге деген құрмет – дәстүрлі ресми міндет қана емес, ұлттық істің бөлінбес бір бөлігіне, ұрпақ парызына айналған, арнаулы зерттеу кітаптары жазылған. Ал мынау тұрған тетелес көршіміз, түбі бірге туысымыз Өзбекстанда Қожа Ахмет Иассауи талай уақыттан бері айтылып та, зерттеліп те келе жатыр. Өзбек әдебиетінің тарихында ұлы бабамыз орнықты орында тұр. Бұл елде Қожа Ахмет мұрасын игеру, қалың қауымның игілігіне айналдыру жөнінде соңғы кездің өзінде көп жұмыс тындырылған. «Хикметтердің» өзбек баспагерлері 1991 жылы шығарған, ғылыми жүйеленген неғұрлым толық нұсқасы қолымызда. Шүкір, қазір біз де қатардан қалмау қамындамыз. Қожа Ахмет Иассауи – заманының бар шындығын ашып айтқан, әділдік пен адамгершілік мұраттарын аңсаған және уағыздаған, халықты имандылық пен қайырымдылыққа шақырған, ақиқат жолын іздеген және оны таба білген данагөй, пәтуалы батагөй. Ғұлама ақынның басты туындысы – «Хикметтер жинағы». Бұл – әлемдік рухани қазынаға қосылған қымбат мұра. Ол өзінің бұл туындысын «Дәптер сәни» деп те атапты. Бұл – «екінші дәптер» деген сөз. Бұған қарағанда ұлы ойшыл ақынның бұған дейін де жазылған осы тектес туындысы болса керек. Ал бірқатар зерттеушілер: «Сірә, Қожа Ахмет бірінші дәптер есебінде бір Алланың еркіндегі «Лауһыл-Мауфузды», яғни «Жазмыш тақтасын» (дәптерін) айтып, өзінің хикметтер жинағын содан соңғы орынға қойған болар» деп те жорамалдайды. Қалай дегенде ұлы ғұлама-ақын дін мұсылман қауымына осы «Хикметтер» арқылы Алланың ақ жолын, Ақиқат жолын айтып беруді, ұғындыруды мақсат еткен, халықты адамгершіліктің асыл мұраттарына шақырған. Әрине, «Хикметтер» Құран сүрелері мен аяттарының аудармасы да, сол ауанда жазылған шариғат шарттары да емес. Кемеңгер бабамыз өз уақытының шындығымен қоса өз өмірінің бүкіл болмысын, ғұмырлық тәжірибесін, ізденістері мен құлшыныстарын, Алланың ақ жолын – ақиқат жолын табу мен тану үшін не істеу керектігін өлеңдік өрнекпен, ғұламалық тереңдікпен, шын мұсылмандық ұғыммен айтып отырған. Ана сүтімен, ата тәрбиесімен, ұстаз ұлағатымен қаршадайынан қанына сіңген, бойына дарыған, жүрегінен жай алған ұлы наным оны ақиқат жолындағы тынымсыз ізденіске түсірген, басынан кешкен барлық хикметтер туралы толғандырған, бүкіл ынта-ықыласымен, құштар көңілімен ақиқат жолын табуға, тануға ден қойған, бұл мұрат жолында ол қиналыс пен қиындықтың қандайына болса да көнген, төзген. Әруағыңнан айналайын, қасиетті бабамыздың қастерлі мұрасын игеру бағытында соңғы жылдары бірқыдыру айтарлық шаралардың төбесі көрініп қалды. Соның ішінде «Хикметтерді» қазақ тілінде сөйлету мақсатында талаптанып жатырмыз. Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни сексенінші жылдардың бас кезінде үлкен ақынымыз Асқар Тоқмағамбетов ағамыздың «Қожа Ахметтің «Хикметтерін» аударуға кірістім» дегені, сол аудармасының біраз бөлігін «Қазақ әдебиеті» газетіне жібергені есімде. Кейінгі кезде «Хикметтердің» басқа да үзік-үзік аудармалары (негізінен жолма-жол аударма санатында) бой көрсетіп қалды. Солардың ішінде қазақ филология ғылымы мен әдебиетінде есімдері белгілі Мұхамедрахым Жармұхамедов, Сәрсенбі Дәуітов, Мақсұт Шафиғов еңбегі елеулі. Менің де тәуекел етуіме осы соңғы топтың аудармасы бір себепкер болса, ғұлама ақын ағамыз Әбділда Тәжібаевтың осындай аудармалар туралы айтқан сөзі («Парасат» журналы, 1991 жыл, №8) ынта-ықыласымды да күшейтіп, жауапкершілік жүгін молайта түсті. Мен де Қожа Ахмет есімі мен оның бәйіт, ғазалдарын бала кезден естіп өскен ұрпақтың соңы едім. Әкем Жамаладдин (Жәміш) аздап айтып отыратын. «Пайғамбары бір Алланың, қорқып Хақтан ұялмадым. Саһар тұрып, зар-зар жылап, Хаққа тағат қыла алмадым» деген жыр жолдары мен айтылу әуені әлі күнге жадымда жаттаулы. Құл Қожа Ахметтің өзі дәл осылай қазіргі қазақ тіліне жақын сөздермен айтты ма екен, әлде бұл да алғашқы аудармалардың бірі болды ма, анығын айта алмаймын. Әкем ұлы ақын өлеңінің әр жолындағы соңғы сөзі «ғашықлар» болып қайталанып келетін ғазалын да жиі айтатын және көне түркі тілінде айтатын. Менің сол кезде жазып алуымша бұл өлең: Гәһі йузи сарғайып, Гәһі йузи дағайып, Тәспихлары не ғарип, Нағлан болған гашықлар... Күйіп-жанып күл болған, Ішхида бұлбұл болған. Кімни көрсә қул болған, Нағлан болған ғашықлар. Һіммәт күшін бағлаған Юүрәк, бағрын дағлаган, Ьу-һу да һу-һу шер білгән, Көзі Хаққа телмірген, Нағлан болған гашықлар... – болып айтылатындай еді... Мансұрдың «Әнел де Хақ, мен де Хақ» (Әнел де ақ, мен де ақ) деп шумақ сайын қайталап айтылатын өлеңін де бала кезден естігенмін. Менің пайымдауымша, «Хикметтер» негізінен он екі, он төрт, кейде он алты буындық өлең жолдарымен аударылса, мақам (ырғақ) жағынан түпнұсқаға сәйкес болатын тәрізді Асылы, хикметтер – Алланың ақ жолы – ақиқат жолы туралы толғаныс. Сәл әріректегі әл-Фарабидың, сәл беріректегі Ахмед Иүгінеки (қазақша Жүйнек) адамды адалдыққа, қайырымдылыққа шақыратын, дүние сырын танып-білуге бастайтын шығармаларымен бір желілес туындыдай көрінеді. Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» ойға оралады. Ал «Хикмет» сөзінің дәл мағынасына келсек, «керемет» дегенге саяды. Тәуекел! Баба әруағына сыйынып, баба рухынан медет тілеп, аудармаға кірістім. Я, бабам – Құл Қожа Ахмет! Ұрпағыңа рұқ­сат ет, пұрсат бер, жәр­дем жаса! Мен де іздейін ақиқаттың жолдарын, қиналғанда өзің демеп қолдағын!  

Әбіраш Жәмішев