БАСТАУЫШ  ҰЙЫМДАР – БАСТЫ КҮШ

БАСТАУЫШ  ҰЙЫМДАР – БАСТЫ КҮШ

БАСТАУЫШ  ҰЙЫМДАР – БАСТЫ КҮШ
ашық дереккөзі
Кеше Астана қаласында «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өз жұмысын бастады. Бұл – партия Төрағасы,  Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен алғаш рет өткізіліп отырған ауқымды іс-шара. Форумға еліміздің әр өңірінен 600 делегат келді. Олар – бастауыш партия ұйымдары мен аймақтық және аумақтық партия филиалдарының басшылары және белсенді партия мүшелері. Сонымен бірге бұл жиынға отандық және шетелдік сарапшылар, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары арнайы қатысып, партия жұмысын жан-жақты жандандыру мәселелерін талқылады. Соңғы уақытта «Нұр Отан» партиясының жұмысын жаңғырту ерекше қарқын алғаны әмбеге аян. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, партияның беделін арттыру бағытында жер-жерде белсенді атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі айқын көріне бастады.  width= Партия Төрағасы, Мемлекет басшысы жаңғыру жұмыстарының аясында бастауыш партия ұйымдарының да қызметін жандандырып, олардың іс-әрекетіне тың серпін беруді нақты тапсырған болатын. Осыған орай Шымкент, Қарағанды, Павлодар және Ақтөбе қалаларында бастауыш партия ұйымдарының төрт бірдей аймақтық форумы өткізілген болатын. Сол жолы партия мүшелері жергілікті ұйымдардың жұмысын заман талабына сай жетілдіру мен жандандыру жөнінде нақты ұсыныс-пікірлер мен тұжырымдар айтқан еді. Оның бәрі ескерусіз қалған жоқ. Сол ұсыныс-пікірлердің барлығы ескеріле отырып, «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының жұмысын жандандыру Тұжырымдамасы дайындалып, алдағы басым бағыттар айқындалған болатын. Енді республикалық форумда да партия мүшелері осы жайында кең ой-пікір алмасты. Партия Төрағасы, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасы халықтың арасында кең қолдау тауып, «Нұр Отан» партиясы осыған байланысты игілікті істерді қолға алған болатын. Осы жөнінде форумда жан-жақты айтылды. Елбасының бес бастамасын одан әрі тиімді де нәтижелі жүзеге асырудың жолдары жайлы әңгіме болды. Форумның басты тақырыбы осы. Бес бастаманы жүзеге асыруға байланысты арнайы «Жол картасы» әзірленгені белгілі. Оның ішінде көпшіліктің көкейінен шыққан негізгі бағыттың бірі – «Әрбір отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Бұл бағыттың басты орындаушысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жылдық 7 пайызбен 25 жылға арналған, бастапқы жарнасы 20 пайыз көлеміндегі бағдарлама іске қосылғанынан жұртшылық хабардар. Қазақстандықтарды осындай жеңілдетілген бағдарлама бойынша баспанамен қамтамасыз ету мақсатындағы басты бағыттың тиімді жүзеге асуына ұйытқы болып отырған ұйымның бірі – «Нұр Отан» партиясы. Тек бұл ғана емес, форумда талқыланған тақырып – Президенттің бес бастамасы болғандықтан, жиынға қатысушылар басқа төрт бағыт бойынша да ой-пікір алмасты. Ал ауқымды жиынның негізгі мақсаты – бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандырудың тиімді жолдары мен тетіктерін талқылау. Бұл – өте маңызды әрі өзекті. Оны жиынның ашылуында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев баса айтты. Ол форумға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеп, «Нұр Отан» партиясының жұмысын одан әрі жақсартуға байланысты іс-шараларға белсенді түрде атсалысуға шақырды. – Елбасы бізге партия қызметін жүйелі жаңғыртуды тапсырғанын білесіздер. Бастауыш партия ұйымдарының тиімділігін арттыру – сол жұмыстың басты бағыттарының бірі. Сондықтан соңғы айларда осы салада айтарлықтай жұмыстар атқарылып, төрт бірдей аймақтық форум өтті. Соның қорытындысы ретінде бүгін республикалық форумда бас қосып отырмыз. Осындай игі бастамалар бастауыш партия ұйымдарының жұмысын заман талаптарына сай жетілдіріп, олардың тиімділігін арттыра түсетіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев. Бастауыш партия ұйымдары жергілікті жерлерде партия саясаты мен оның стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықпен және әрбір нұротандықпен етене жұмыс істейтін құрылым. Бүгінде партияның 6 мыңға жуық бастауыш ұйымы бар. Оның ішінде 1000-нан астам мүшесі бар 104 ірі бастауыш ұйым тіркелген. Кейінгі жылдары партияның ұйымдық құрылымын жетілдіру, өзара іс-қимылды жақсарту және басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында шағын ұйымдарды ірілендіру жүргізілген. Бастауыш партия ұйымдарының 47 пайызы қалаларда, 53 пайызы ауылдық елді мекендерде. Бұл үлкен күш екені айтпаса да түсінікті. Енді олардың жұмысын жетілдіріп, жақсарту қажет. – Бастауыш ұйымдарымыздың жұмысы партиямыздың жеңістері мен жетістіктерінің негізі екенін атап өткен жөн. Сондықтан біздер үшін Сіздердің әрқайсыңыздың орныңыз бөлек. Біз әр бастауыш ұйымның еңбегін аса жоғары бағалаймыз. Өйткені әр ұйым өз өңіріндегі Елбасының сенімді тірегі болып саналады, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев. Оның осы сөзін форумға жер-жерден келген «Нұр Отан» партиясының мүшелері құптап отыр. Соның бірі – Алматы қаласындағы №157 мектептің директоры Светлана Ағабекқызы Ахметова. Ол бастауыш ұйымның жұмысын жандандыруға ерекше атсалысып жүрген жанның бірі. – Бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жаңа арнаға бұру бағытында қолға алынып жатқан барлық іс-шараларды толық қолдаймын. Сонымен бірге бастауыш ұйымдардың тыныс-тіршілігіне байланысты республикалық ауқымда тұңғыш рет форум ұйымдастырылуы да өте орынды болды деп ойлаймын. Бұл партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауыш ұйымдарға ерекше көңіл бөліп, оларды ел игілігі мен мүддесі жолындағы ортақ іске жұмылдыру жолындағы нақты қадам деп есептеймін. Біздер, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері, өзімізге жүктеліп отырған міндеттерді айқын сезінеміз. «Нұр Отанның» бедел-абыройын арттыру мақсатындағы жұмыстарға белсене атсалысуға тырысамыз, – дейді форумға қатысушы Светлана Ахметова. Форумға қатысушылардың қай-қайсысымен әңгімелессеңіз де, бастауыш ұйымдар үлкен күш екенін баса айтады. Олар халық арасында белсенді жұмыс істесе, алға қойған мақсат-міндеттердің бәрін толық орындауға мүмкіндік бар екенін тілге тиек етеді. Иә, шынында да бұл пікірдің жаны бар. Өйткені бастауыш партия ұйымдарының жалпы санының 49,8 пайызы партия мүшелерінің тұрғылықты жері бойынша немесе ұйымдарда, 28,8 пайызы ауылдық округтерде құрылған. Олардың қызметін реттейтін негізгі құжат – «Нұр Отан» партиясы» қоғамдық бірлестігінің бастауыш партия ұйымы туралы Ереже. Онда бастауыш партия ұйымдары қызметінің мақсаттары мен міндеттері, негізгі бағыттары, партияның жоғары тұрған органдарымен өзара іс-қимылы айқын көрсетілген. Форумға қатысушылар осы Ережені басшылыққа ала отырып жұмыс жүргізілсе, нәтижелі болатынына сенімді. Бастауыш ұйымдар тағы бір басшылыққа алуға тиісті негізгі құжат – «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру Тұжырымдамасы». Бұл Тұжырымдама партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың партияның Саяси кеңесінің 2017 жылғы 3 қарашадағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын, партияның Саяси кеңесінің 2018 жылғы 1 маусымдағы кеңейтілген отырысында мақұлданған және партияның Саяси кеңесі Бюросының 2018 жылғы 29 маусымдағы №016 қаулысымен бекітілген партияны жаңғыртудың нақты жоспарын, «Қазақстан Республикасының» кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 29 маусымдағы Заңын орындау мақсатында әзірленген. Осы Тұжырымдама бастауыш партия ұйымдары мүшелерінің қатысуымен өткен төрт аймақтық форум кезінде әбден сүзгіден өткен. Жергілікті жердегі ұйымдардың бұл құжаттан жан-жақты хабары бар. Бұл Тұжырымдама да олардың жұмысына тың серпін беретініне сенімді. Бүгінгі республикалық форумға қатысушылар осындай пікірде. Тұжырымдаманы әзірлеудегі негізгі мақсат не? Жасыратыны жоқ, қазіргі уақыттың жаңа сын-қатерлері, Қазақстанның партиялық жүйесіндегі бәсекелестіктің өсуі партиядан партиялық брендті неғұрлым сапалы және белсенді ілгерілетуді, партияның жаңа жақтастарын тарту үшін пәрменді идеологиялық ықпал етуді, партия ішіндегі бірлікті нығайтуды және Тұжырымдамада бағытталған партиялық жобаларды іске асыруды талап етіп отыр. Сондықтан бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жақсарту үшін осындай Тұжырымдама дайындалған. Партия қызметін жаңғырту аясында жүргізілген сараптамалар нәтижесінде көз жеткені – бастауыш ұйымдардың партия филиалдарымен және Орталық аппаратпен байланысы жүйелі жолға қойылмаған. Тағы бір кемшілік – бастауыш ұйымдар деңгейінде жүзеге асырылатын нақты жобалардың жоқтығы. Бастауыш ұйымдарды қаржылай қолдаудың ретсіздігі тағы бар. Сонымен бірге бастауыш ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы да мәз емес. Басқа да мәселелер байқалған. Ал оны шешудің жолдары мен мүмкіндіктері қандай? Не істеген жөн? Бастауыш партия ұйымдарының жұмысына белсенді серпін беру үшін қандай іс-шараларды қолға алған жөн? Осының бәрі бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жақсарту мақсатында жасалған Тұжырымдамада көрініс тапқан. Форумның алғашқы күнінде панельді сессиялар өтіп, қатысушылар түрлі тақырыпта бастауыш ұйымдардың, жалпы партия қызметін одан әрі жетілдірудің тиімді тетіктерін талқылады. Бұл жөнінде отандық қана емес шетелдік сарапшылар да ой-пікір қосты. Тағы бір сессияға қатысушылар партиялық кадрлық резервін қалыптастырудағы жаңа әдіс-тәсілдерге назар аударды. Соның ішінде іріктеу талаптары мен механизмдері және резервке алынған партия мүшелерін ары қарай оқытып, қызметте өсуін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Бұл тақырыптың сессия жұмысына таңдап алынуы жайдан-жай емес. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев партия Саяси кеңесінің 2017 жылғы 3 қарашадағы кеңейтілген отырысында «... саяси бәсекелестік күшейе түседі және оны «Нұр Отан» өз жұмысында ескеруі тиіс. Партия орталық және аймақтық деңгейлерде партияның саяси ұстанымдарын нақты ілгерілететін кандидаттарды ұсынуы тиіс» деген болатын. Партия Төрағасының осы тапсырмасы да орындала бастады. Партиялық кадр резерві дегеніміз – саяси және сайланбалы лауазымдарға ұсыну үшін партия мүшелерінің белгіленген тәртіппен қалыптастырылған әрі жүйеленген тізімі деген сөз. Жаңа енгізілген жүйеде іріктеудің негізгі өлшемдері – кәсібилік, жұмыс тиімділігі, кандидаттардың саяси жетілуі мен жекелеген қасиеттері ең басты орын алады. Тағы бір сессияда талқыланған тақырып – «Тиімді коммуникация». Оған қатысушылар партия жақтастарын ортақ мақсатқа жұмылдыру, қоғамдық пікірлерге байланысты әрекет ету, қоғамдық күн тәртібін қалыптастыру секілді партия жұмысындағы базалық міндеттерді жүзеге асыру кезіндегі заманауи коммуникацияның рөлі жайында пікір алмасты. Цифрлы технологиялар мен ақпараттық-коммуникациялық жұмыс та бастауыш партия ұйымдары үшін таңсық болмауы тиіс. Өйткені бастауыш партиялық ұйымдардың алдында таңдалған коммуникация құралдарының негізінде партия мүшелерімен ішкі партиялық және сыртқы – түрлі мақсатты топтармен және тұтастай алғанда қоғаммен байланыс құру жұмысы тұр. Сондықтан бұл бастауыш партия ұйымдары үшін өте-мөте қажет. Заманауи үдерістен қалыс қалмай, жаңа жағдайдың талаптарына бейімделе білген жөн. Сонымен бірге панельдік сессия кезінде бастауыш ұйымдардың жұмыс тиімділігінің көрсеткіштері де жан-жақты талқыланып, қатысушылар өзара байланыс, қаржыландыру, жергілікті жердегі мәселелерді дер кезінде анықтау сияқты бірқатар басымдықтар бойынша өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Форум жұмысына Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Айтмағамбетов және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев қатысып, Елбасының 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде бастауыш партия ұйымдарының қызметін жандандыру мәселелеріне қатысты өз ойларымен бөлісті. Жалпы бастауыш партия ұйымдары жергілікті жерлерде партия саясаты мен оның стратегиялық міндеттерін жүзеге асырып, халықпен және әр нұротандықпен етене жұмыс істейтін партиялық құрылым. Бүгінде партияның 6 мыңға жуық бастауыш ұйымы бар. Соның ішінде 1000-нан астам мүшесі бар 104 ірі бастауыш ұйым тіркелген. Партия қызметін жаңғырту аясында жүргізілген сараптамалар нәтижесінде бастауыш ұйымдардың партия филиалдарымен және Орталық аппаратпен байланысы жүйелі жолға қойылмағаны, бастауыш ұйымдар деңгейінде жүзеге асырылатын нақты жобалардың болмауы, оларды қаржылай қолдаудың ретсіздігі және материалдық-техникалық жабдықталуының көңіл көншітпейтіні сияқты бірқатар өзекті мәселелер анықталған. Осы түйткілдерді тиімді шешу жолдары жоғарыда аталған Тұжырымдамада айқын көрсетілген. Форум делегаттары аталған құжатты талқылау жұмыстарын панельді сессияларда кеңінен талқылады. Мәселен «Партияішілік менеджмент» сессиясында қатысушылар партия жұмысындағы заманауи технологиялар, соның ішінде ішкі бизнес үдерістерін автоматтандыру, Е-Аналитика жүйесін енгізу, жобалық тәсіл және бастауыш ұйымдардың өз жобаларын жүзеге асыру сияқты партия қызметін жандандыратын ұтымды тұстарды қарастырды. Осы мәселе жөнінде шетелдік сарапшы, Түркияның Әділет және даму партиясының Шығыс Анадолы өңіріндегі үйлестірушісі Махмұт Сами Маллы кеңінен сөз қозғап, шетелдік тәжірибеге тоқталды. Келесі сессияда қатысушылар партияның кадрлық резервін қалыптастырудағы жаңа әдіс-тәсілдерге назар аударды. Соның ішінде іріктеу талаптары мен механизмдері және резервке алынған партия мүшелерін әрі қарай оқытып, қызметте өсуін қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Бұл сессияда Ресейдің «Единая Россия» партиясының департамент басшысы Николай Финько кадрлық резерв қалыптастырудың халықаралық тәжірибесіне назар аударды. Сондай-ақ қатысушылар украиналық саясаттанушы Всеволод Зелениннің пікірін тыңдап, өз сауалдарына жауап алды. Ал бұл жиында шетелдік тәжірибе жөнінде Ұлыбританияның саяси консалтинг бағытында қызмет көрсететін CSM компаниясының атқарушы директоры, Халықаралық саяси консультант қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Мерфи айтып берді. «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымдарының жұмысын жақсарту жөніндегі форум бүгін одан әрі жалғасты.

                        Ғалым Орынбасарұлы