Қазақ хандары не үшін күресті?

Қазақ хандары не үшін күресті?

Қазақ хандары не үшін күресті?
ашық дереккөзі

Ғасырлар бойы қасарысқан қилы заман ақыры қазақтың пайдасына жұмыс жасай бастады. Шүкіршілік, бір кездері Керей мен Жәнібектің бастауымен қазақ атанған алғашқы ұлттық мемлекет тағы да тәуелсіз саяси құрылымға айналып, 550 жылдығын тойлауда. Мұндайда Қазақ хандығының қайсар қайраткерлері де еріксіз еске түседі. «Аттың жалы, түйенің қомында» жүріп, ұлттың мүддесі жолында аянып қалмаған олардың жанқиярлығы назар аударарлықтай. Ең алдымен айтарымыз, қазақ хандарының басым көпшілігі жауға қарсы күресте қол бастап, қазақ жасақтарының алдында жүрді. Әрине, денсаулығына немесе кексе тартуына байланысты мұндайдан шеттеп қалғандар да баршылық. Рулық, жүздік деңгейдегі көптеген батырларды қазақ хандары өздерінің батырлығымен, батылдығымен мойындатты.

Қазақтың соңғы ханы Кенеса­рының қырғызбен болған ақырғы ұрыста қашып шығуға мүмкіндігі бола тұра табандап тұрып алуы, өлім­нен тайсалмауы осындай дәстүрдің жалғастығы еді. Қазақ хандарының алғашқы шоғырын хан­дықты негіздеген және мем­лекет ретінде күшейткен ірі тұлғалар бастайтыны белгілі. Олар: Керей, Әз Жәнібек, Бұрындық, Қасым. Қазақ хандарының екінші тобын әртүрлі субъективтік және объективтік себептерге байла­нысты айбынды мемлекетті әлсіретіп алғандар құрайды. Олар – Мамаш, Қожахмет, Тахир, Тоғым. Үшінші топ Қазақ хандығының даңқын асырып, дербес ел ретінде оны басқаларға мойындатқан, осылайша өздері де халық мақтанышына айналған хандардан тұрады. Олардың қатарында Тәуекел, Хақназар, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір, Әз Тәуке, Абылай, Кенесары тұр. Көрші, қуатты отырықшы империялардың күшімен Қазақ хандығын сақтап қалуға және нығайтуға болады деп, осы саясатты ұстанғандар да қазақ хандарының үлкен тобын құрайды. Олар – Шығай, Әбілқайыр, Нұралы, Ералы, Есім, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Болат, Сәмеке, Айшуақ, Бөкей, Қаратай, Арынғазы. Қазақ халқының өкілі болса да қазіргі Қазақстан аумағынан тыс жерлерде билік құрған хандар да бар. Олардың қатарына Оразмұхаммед, Қайып, Тұрсынмұхаммед тәрізді тұлғалар жатады. Әрине, бүгінгі тарихта қазақ хандары елге, мемлекетке сіңірген еңбектеріне байланысты әртүрлі сипатталуда. Алайда мынаны да ұмытпағанымыз жөн: саясатта жіберген ірілі-ұсақты қателіктеріне қарамастан аталған хандарымызды қазақ халқының белгілі бір бөлігі ақ киізге отырғызып, хан көтеріп, олардың соңынан ілесті және қолдады. Сондықтан да оларды сынаушылар ең алдымен осыны ескерулері керек.               Ал енді хандар легін әңгімелегенде әрине, алғаш есімізге Керей хан түседі. Өкінішке қарай, Керейдің туған жылы әлі күнге дейін анықталмаған. Ал қайтыс болуын 1473-74 жылдар шамасы деп жүрміз. Әсілі, тарихи деректерде Керейдің ата тегі туралы мәліметтер біршама жақсы сақталған. Ол кезінде Ақ Орданың тағына және біраз уақыт Алтын Орда тағына отырған Орыс ханның шөбересі. Дәлірек айтсақ, ол Орыс ханның баласы Тоқтақиядан туған Болаттың жалғыз ұлы.

Өзбек мемлекетінің билеушісі Әбіл­хайырмен жұлдызы жарас­паған Керей туыстасы Жәнібекпен бірге 1459 жылы бөліне көшіп, Моғолстанға қоныс аударғаны белгілі. 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұғаның қайтыс болуынан кейін онда қалыптасқан шырғалаң жағдай және шайбандық Әбілхайыр мемлекетінен үздіксіз қауіп-қатердің төнуі Керей мен Жәнібекті 1465 жылы жаңа мемлекет – Қазақ хандығын елге әйгілеуге итермеледі. Жаңа мемлекеттің алғашқы ханы Керейдің өзі болды. Шын мәнін­де бұл Керейдің байырғы Ақ Орданы билеген әулеттің билігін жалғастыруы еді. Керей­ бастаған Жетісудағы ру-тайпаларды ғана емес, Шығыс Дешті-Қыпшақтағы Әбілхайырдың қол астындағы бірқатар алаш руларын өз қарамағына алуы Көшпелі Өзбек ұлысының ыдырауына алғышарттар қалады. Бұған төзе алмаған Әбілхайыр Қазақ хандығына жорық жасап, осы сапарда қайтыс болды. Мұның өзі Керейдің алғашқы Қазақ ханы ретіндегі тұлғасын айшықтай түсті. Енді Әбілхайырға туыс шайбандықтар әулетімен Шығыс Дешті-Қыпшақ үшін қанқұйлы тартыстар басталды. Осындай жанталастардың бірінде қазақтардың алғашқы ханы Керей қайтыс болды. Оның есімі 1473-1474 жж. қыстағы оқиғалардан кейін тарихи деректерде кездеспейді. Алайда Керей Қазақ хандығының дербес мемлекет ретінде бой көтеруіне берік негіз жасап кетті.

Керейдің қайтыс болуына байла­нысты бос қалған Қазақ хандығының тағына енді Жәнібек отырды. Оның Қазақ хандығын басқаруы 1474-75 жылдарға дейін созылды және Әз (бәрінен үстем) Жәнібек атанатыны да осы тұс. Егер алғашқы қазақ ханы Керей жаңа хандықтың шаңырағын көтеріп, елге әйгілесе, ал оның немере туысы Жәнібек шын мәнінде осы мемлекетті аяғынан тұрғызып қана қоймай, оны көрші халықтарға, ең алдымен байырғы Қыпшақ даласына мойындатып кетті. Ол шығу тегі жағынан Ақ Орданың әйгілі ханы Орыс ханның сегізінші ұлы Қойыршақтың баласы Барақ ханның үшінші ұлы. Барақ хан Шығыс Дешті Қыпшақтағы Ақ Орда мемлекетін 1412-22 жылдары билеп, онан соң Алтын Орда тағында 1426 жылға дейін отырған. Ол 1428 жылы ноғай мырзаларымен болған тайталаста қаза тапты. Жәнібектің ата дұшпанына айналған, жоғарыда аталған шайбандық Әбілхайыр, Барақ өлген соң ғана Қыпшақ даласындағы билікке қол жеткізе алды. Әкеден қалған құтты мекен – Сырдың орта ағысынан шығыстағы Созақ аймағына, ал солтүстікте Балқаш көлі аймағына дейін созылып жатқан Жәнібектің ұлысы оңтүстікте Түркістаннан батысқа қарай жалғасып, Мәуереннахрмен шектесетін немере туысы Керейдің ұлысымен көрші еді.  Әз Жәнібектің хандық билігінің дара және қуатты болғанын ханның Ақ Ордасына атақты Жиренше шешенмен бірге ілесіп барған, сол тұста елге кеңінен танымал болған шипагер емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы жан-жақты жазып қалдырған. Бұл 1467 жыл болатын. Көп кешікпей қаһарлы Жәнібек те жаумен жағаласта құрбан болды.

Енді хан тағына Керей мен Әз Жәнібектің балаларының ішінде жас жағынан ең үлкені Бұрындық отырды. Оның таққа келу жолы да күрделі. Ол Жәнібек ханның билігі тұсында Қазақ хандығының қалың әскерін бастап, алғаш Әбілхайырдың ұлы Шейх Хайдарға, онан соң Әбілхайырдың тағы бір баласы Шах Будақтың ұлы Мұхаммед Шайбаниге қарсы күресте ерекше ержүректігімен көзге түсті. Қазір қабірі жат жерде қалған Бұрындыққа мемлекет қайраткері ретінде зор құрмет көрсетуге исі қазақ міндетті.

Қазақ хандарының ішіндегі байыр­ғы бабалары Жошыдан кейінгі атағы дүркіреген, ең даңқтысы және Әз Жәнібектің ұлдары ара­сында ақылымен де, ерлігімен де ­ерекшеленген тұлғалысы Қасым болды. 1445-46 жылдары өмірге келген ол, балаң жігіт жасында әкелерінің Қазақ хандығын негіздеуіне куәгер болып, мемлекетті шайбандықтардан қорғау жолында тер төгіп, Бұрын­дық­пен бірге тақымы кеппес жортуыл­дарға белсене қатысты. Әз Жәнібек бала­сының қолбасылық және қайрат­керлік тамаша қасиеттерін ерте­рек аңғарса да, оны билікке тар­туға асықпады және жасы үлкен неме­релес ағасы, қазақтың алғашқы ханы Керейді қалай құрметтесе, Қасымнан да Керейдің жасы үлкен ұлы Бұрындықты солай құрметтеуді қатал талап етті. Сондықтан да Қасым 1480-жылдардың басында-ақ, әйгілі Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбаниге қарсы күресте аты елге мәлім болып тұрса да, хан тағында отырған Бұрындықпен тайталаспай, оған бағыныштылығын сақтап, атты әскерлерінің бас қолбасшысы болу лауазымымен қанағаттанды. Тіптен кейінірек өзінің даңқты жорықтары оның есімін Бұрындық ханның деңгейіне көтеріп, халық ханды емес, өзін тыңдай бастаған тұста да әке өсиетіне адал болып қалған ол, Бұрындықпен ашық айтыс-тартыстарға бармай, бойын пендешіліктен аулақ ұстауға тырысты. Сондықтан да жау жағадан алған тұста да, егер Бұрындықтың қыстауы Сыр бойында болса, Қасым одан едәуір қашықтықтағы Балқаш, Қаратал маңын қоныстанып, шайбан әулетімен күресті жалғастыра берді. Қасым шайбаниліктерге Ұлытау өңірінде ойсырата қарымта соққы берді. Жанталаса қашқан жаудың ізіне түскен Қасым Түркістан жерінде оларды екінші рет талқандады. Мұның өзі Қасым сұлтанды күшей­тіп, ол 1511-жылы Қазақ ханды­ғының тағына отырды. Енді Қазақ ханды­ғының территориялық аймағын ұлғайта түсуіне толық мүмкіндіктер туды. Осылайша ол, 1513-жылға дейін Жетісу аймағын түгелдей және Түркістан аймағын Сайрам қала­сына дейін, сәл кейінірек Тәшкент айма­ғына дейін бағындырып, оларды Қазақ хандығына қосып алды. Қасым батыс­та да айтарлықтай жеңістерге қол жеткізіп, Қазақ хандығының шека­расын Еділ мен Жайық өңірлеріне дейін жеткізді, Сарайшықты өзінің астанасы етіп жариялады.

Заманы аумалы-төкпелі болса да, Қасым хан қазақ мемлекетін құқықтық және саяси-әлеуметтік тұрғыдан нығайтуға барынша күш салды. Осы бағыттағы оның реформалары «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен белгілі. Бұл заңдар топтамасы «Құдай жалғыз, хан жалғыз» деген басқару ұстанымын басшылыққа алды. Яғни Қасым ханның мақсаты – билік бір орталыққа, бір адамның қолына шоғырланатын мемлекеттік басқаруды өмірге енгізу болды. Бұл саяси жүйеде ең жоғарғы билеуші болып табылатын хан мемлекетті өзінің уәзірлер кеңесі арқылы басқа­руды жүзеге асыратын болды. Бес ережелер топтамасынан тұратын бұл заңдарды хан көшіртіп, елге таратты. Зор беделінің арқасында күшті билікке қол жеткізген Қасым хан қазақ мемлекетінің солтүстіктегі және солтүстік батыстағы шекарасын қазіргі Қазақстан аумағына сәйкес келетін көлемге жеткізді. Батыста қазақ жері Жайық өзеніне дейін созылса, ал оңтүстікте Сырдың оң жағын қамтыды және Тәшкент аймағына дейінгі өлкелерді де өзіне қосып алды. Жаңа жүйеде бұрынғы Алтын Орда дәуірінде таққа әкенің орнына баланы ғана отырғызатын дәстүр де өзгеріп, таққа Жәнібек хан әулетінен шыққан кез келген төре тұқымының (інілердің, немерелердің, туған бауырлардың) отыра беруіне мүмкіндіктер туғызды. Осындай әкімшілік басқаруды басшылыққа алған Жәнібек хан ұрпақтары орталық билік әлсірей бастаған тұста өздерінің орталарынан әр бөлікке жеке хан сайлап ала алатын болды. Орталықтанған хан билігін әлсірететін мұндай келеңсіздіктер өзін бүкіл қазақ ру-тайпаларына берік мойындатқан Қасым хан қайтыс болған 1521 жылдан соң айқын көрініс бере бастады. Осылайша, Мамаш (1521-1523), Тахир (1523-1533) Қазақ хандығы тағында отырған тұста жергілікті төре тұқымдарының өздерін қолдайтын рулар мен тайпаларға сүйеніп, белгілі бір аймақта шағын хандық құру әрекеті үдеп кетті. Жаңа саяси жүйеде жергілікті тайпа басшыларына тек Мамаш ханның немесе Тахир ханның баласына ғана бағынышты болу міндетті болмай қалды. Осылайша, орталықтан бір ғана хан басқаратын биліктің әлсіреуі 1533-1538 жылдар аралығында қазақ даласында үш бірдей ханның таққа қатар отыруларына алып келді. Яғни Батыста Ахмет хан(Қожа Ахмед хан) билік құрса, орталық өңірлерде Тоғым хан, ал оңтүстік шығыста Бұйдаш хан билік жүргізді.

Қазақтың осындай бытыраңқы­лығын жою жолындағы күресте Тәуекел хан ерекшеленді. Оның қол­басы және қайраткер ретінде қалыпта­суына әкесі Шыға хан көп еңбек сіңірді. Ол ХҮІ ғасырдың 70-жылда­рынан бастап, өзінің екінші әйелінен туған үлкен ұлы Тәуекел мен Есімді қасынан бір елі қалдырмай ерте жүріп, оларды қолбасылыққа, соғыс өнеріне және ел басқару ісіне үздіксіз баулыды. Әке сенімін балалары да ақтауға тырысып, алаш руларының басын біріктіруде аянып қалмады. Тәшкентті билеген шайбан­дықтар қазақ жеріне қауіп төндіргенде Шығай ханның оларға қарсы күресінде ұлдары оған жан-тәнімен көмектесті. Тәуекел рухани жағынан да жақсы шыңдалды. Өзі медреселік деңгейде жеткілікті білім алған, парсы тілін жетік меңгерген, діни нақылдар, маснави құрастырумен шындап айналысқан, діни сауаты жоғары әкесінің айналасын қоршаған сопылық бағыттағы қожалардың тәрбиесін көріп өскен Тәуекел Самарқандқа бара жатқан жорық жолында Накшбендийя софылық орденінің аса көрнекті өкілі Қожа Исқақ хазірет ишанды кездестіріп, өзінің соңынан ілескен 120 cұлтан, және туған-туыстарымен, бала-шағаларымен бірге оған бас иіп, жаратушыға құлшылық жасап, өздерінің исламға адал берілген мурид болатындарын үлкен толғаныспен, бас ие мойындағаны деректерде айтылады. Самарқандта 20 мың әскермен інісі Есім сұлтанды қалдырған Тәуекел 70 мың қолмен ары қарай Бұқараға аттанды. Бұқара түбіндегі шайқаста сарбаздардың алғы сапында жүрген ол ауыр жараланып, әскерімен Тәшкентке шегінуге мәжбүр болды. Осында келіп жеткен Тәуекел хан көп кешікпей қайтыс болады.

1598 жылы күзде ағасы Тәуекел хан өлген соң Қазақ хандығының тағына Есім отырды. Ол Тәуекел екеуі Шығай ханның екінші әйелі Жақсым бикемнен туған бауырлар еді. 1598 жылы Тәуекелден кейін ресми түрде хан атанған, мінезге бай, ел арасында «ең ізгі хан» атанған Есім (Еңсегей бойлы ер Есім) саяси тұрғыдан ыдырауға бағыт алған Қазақ хандығын бір орталыққа біріктіру үшін Тұрсын, Абылай, Ханзада, Әбулайыс, Мұрат және т.б. сұлтандардың елді ірітуші әрекеттеріне қарсы белсенді түрде күресті. Ішкі саясаттағы осындай күрделі ахуал және шығыстан және батыстан қыспаққа алған қалмақ­тардың жортуылдары Есім ханды қазақтар мекендейтін ұланғайыр аймақты үшке бөлу (Үш жүзге бөліп басқару) реформасын енгізуге мәжбүрледі. Бұл өзгеріс тарихқа «Есім ханның ескі жолы», яғни бұрынғы Жошы ұлысындағы Ордаларды жаңа, этно-саяси жағдайда жаңғырту бағыты ретінде белгілі. Бұл қадам Күлтөбеде өткен сұлтандар мен билердің жиынында қолдау тапты. Енді жауға шапқанда қазақ тайпалары өздерінің батырларының есімдерімен қатар, Алаш бабаның атын қазақ атанғандардың ортақ ұранына айналдыратын болып келісті. «Ескі жол» реформасы бойынша жан-жақтан, батыс пен шығыстан қалмақтар анталаған қазақ даласын үш жүзге бөліп басқару, ал оларды Ұлы жүз аймағындағы бас хан басқаратын билеу жүйесі енгізілді. «Күлтөбедегі күнде өткен жиында» Есім сонымен бірге қазаққа ортақ астананы да белгілеп, өзі ұзақ жылдар тұрақтаған Түркістанды рухани тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да астана етіп нақтылады. Алайда ауыр науқас 1628 жылдан бастап Есімді төсекке таңды. 1644 жылы ол дүниеден қайтқан соң, таққа шын мәнінде 1640 жылдан бастап қазақты билей бастаған баласы Жәңгір отырды. Оның даңқы Орбұлақта саны әлдеқайда басым қалмақты қырғанда бүкіл қазаққа тарады. Алайда он жеті жасар Қалдан Серенге қарсы жекпе-жекке шыққан, алпысты алқымдаған Жәңгір күніұзаққа созылған шайқасқа төтеп бере алмай, мерт болды. Қазақ кешірімпаз, кеңпейіл Жәңгірге «Салқам» деген марапатты қосақтап айтатын болып еді. 1653 жылы хан тағына Жәңгір балаларының үлкені Тәуке отырды. Тәукенің қазақ жерін қорғау саясатында бәрінен бұрын қазақтың үш жүзінің өзара татулығы мен тұтастығы алғашқы орында тұрды. Үш жүзді қара халықтан шыққан белгілі билер арқылы басқарған оның дара билігін айқындай түсу үшін оған билер шешімімен «Азиз», яғни «Бәрінен үстем» деген қосымша атақ берілді. Ел енді Тәукені Әз-Тәуке деп атайтын болды. Сонымен Әз (Азиз) мәртебесін қазақта екі хан ғана иемдене алды. Тәуке хан қазақ қоғамын басқарудың құқықтық саяси реформасына негіз болған «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасап, елге таратты.

Қазақ хандарының арасында әлі күнге дейін атқарған қызметіне тарих қайшылықты баға беріп отырғандарының бірі Әбілхайыр. Ең алдымен оның кімнің бала­сы екендігі шатастырылған. А.И.Лев­шин келтірген рулық шежіреде ол Шыңғыс ханның кіші ұрпағы Өсе­кеден тараған төртінші ата Аджаның (Қажының) баласы ретінде көрсетілген. Бұл шежіреде Әбілхайырды А.И.Левшин «Аджа» деп қате жазған, Қажы сұлтан­нан туған өзінің әкесі Абдолланың аты аталмай қалғандықтан оның өмір­тарихын жазушылардың бәрі ақиқаттан адасты. Тарихшылар Абдолла деген Талас, Шу аймағының және Тәшкент, Шыршық өңірлерінің біраз тайпасын ХVІІ ғасырдың соңында және ХVІІІ ғасырдың алғашқы онжылдықтарында билеген ханның болғанын мойындаса да, осы Абдолланың өзі кімнің баласы екенін айыра алмай дал болады. Соңғы деректер Әбілхайыр осы Абдолла ханның туған ұлы, ал Ұлы жүзге хан болған Жолбарыстың асырап алған ұлы екендігін көрсетіп отыр. Абдолла сол заманда бүкіл қазақ даласына есімі белгілі хан болғандықтан ғана оның ұлдары — Әбілхайыр Кіші жүзге, ал Жолбарыс Ұлы жүзге хан болу құқығын иемденді және бұған қазақтың әйгілі үш биі қарсы болған жоқ. Сондықтан да тарихшыларымыз Әбілхайырдың әкесіне қатысты шежірені жазғанда А.И.Левшин жіберіп алған қателіктерден бас тартуға міндетті. Тәуке хан 1715 жылы қайтыс болған соң іле-шала қалмаққа қарсы Аякөздегі қырғын соғысты басқарған оның ұлы Қайып қанішер Абылай ұйымдастырған (сондықтан да «қанішер» атанған) төрелер қастандығының құрбаны болып кеткен соң, қазақтың атақты билері Төле мен Қаз дауысты Қазыбек Ордабасыдағы жиында қалмаққа қарсы күресте ерекше жанқиярлығымен және ұйымдастырушылық дарынымен ерекшеленген осы Әбілхайырды ұлы хан тағына отырғызбақ болды. Ол түрікмендерге, Еділ қалмақтарына қарсы қазақ мүддесі үшін қан кешкен, ол аз болса Түркістанды отыз ұлысымен қалмақтан қайтарып алған айтулы да азулы батырдың нақ өзі еді. Сондықтан да бұл кезде қазақ арасында оның даңқы артып тұрды. Алайда әйгілі Әйтеке бидің төре тұқымы атаулыға қырын қараған табанды қарсылығы Әбілхайырдың жалпықазаққа хан болуға барар жолын кесіп тастады. Сондықтан да билер жиыны Әбілхайырды күллі қазақ әскеріне бас қолбасы етіп тағайындаумен шектеліп, хан тағына атақты Әз Тәукенің тағы бір ұлы, өзі ынжық, жеке шешімдер қабылдауға қабілетсіз, шын мәнінде атақты Төле бидің жетегімен жүрген Болатты отырғызды.

Алайда Әбілхайырдың орыспен жақындасу арқылы мақсатына жетуді көздеген өзімшіл әрекеті қазаққа қымбатқа түсті. Бұл мәселе бүгінгі тарихпен де байланысты. Әбілхайырдың қате шешімі тәуелсіз қазақ үшін стратегиялық тұрғыдан бұрынғыша аса қауіпті болып отыр. Көрші елмен қатынаста ол қол қойған құжат әлі де алдымыздан шығуы әбден мүмкін.

Қазақ хандары арасында Абылайдың орны бөлек. Қалдан Серен ордасындағы келіссөздерде қалмақ тұтқыны болған Абылай кейіннен қазақ арасына кеңінен таралып кеткен әйгілі үш арманын айтып, былай дейді: «...Бірінші — қазақ елім орнықпаған, еш патша түзетерлік жолықпаған. Ел қылып қазағымды орнықтырып, Қоспақшы ем қатарға елдің толықтанған... Екінші – тағы да айтсам арманымды, Құсамен тістеп жүрмін бармағымды. Шарыштай майданда өлсем арманым жоқ, Өкінем, ұйықтап қапы қалғанымды... Үшінші бір арманым іште түйін, Ұқтыру бұның өзін тіпті қиын. Келемін төрт атадан жалғыз болып, Ұрпақ жоқ өлсем егер менен кейін...». Бұл айтылғандар шын мәнінде Абылайдың өмірлік ұстанымы болды. 1750 жылдан соң жоңғарлардың зайсаңдарының таққа таласқан ішкі тартыстарын Абылай хан ептілікпен пайдалана білді. Батырларға сүйенген Абылай хан Ұлы жүз жеріне таласқан қырғыз руларын да бағындырды. Абылай 1771 жылы шынында да бүкіл қазаққа хан болып сайланды. Қазаққа хан болған Абылайдың елге сіңірген еңбегі аса зор және қандай құрметке де лайық. Қазақ тарихында патшалық билік жылдарында орыс азаматтарының пікірі негізінде тарихи тұлғасы біршама жағымды бағаланған, ал хан атаулының көпшілігіне қара бояу жаққан кеңестік билік жылдарында халыққа біржақты жексұрын түрінде бейнеленген хандар бар.

Қазақтың бір бөлігі құрметтеп хан көтерсе де, Ресей билігі ата-бабасынан бері хан ретінде мойындамаған және өзі де отаршылдық пиғылдың құрбаны болған жарқын тұлғалар бар. Олардың арасында ерекше көзге түсетіндер Арынғазы мен Кенесары. Халыққа аса қадірлі, Кіші жүз бен Орта жүздің игі жақсылары құрметтеген, күллі қазаққа хан болуға лайық санаған Арынғазыны орыстар Петерборға алдап шақырып алып, Калугаға жер аударды. Арманда кеткен есіл ердің денесі жат жерде жатыр. Орыс отарлаушы билігінің 1822 жылы жарыққа шыққан жарғысы қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі хандық билікті жойып, даланы Сібір әкімшілігіне бағынатын округтерге бөлуге жол ашты. Терең ойластырылмаған бұл шара қазақ даласында табанды қарсылықтарға тап болды. Әсіресе, қазақтарды басқаруда аса ықпалды Абылай хан әулеті мұндай шешімге қарсы өре түрегелді. Осы күреске ол кезде әлі жасөспірім Кенесары да қатысты. Кенесарының әкесі Қасым Абылайханның қалмақ әйелінен туған еді. Кенесарының тамаша қолбасылық дарыны туралы орыстардың өздері де, шетелдіктер де аз жазған жоқ. Сондықтан да оған тоқталып жатпаймыз. Кенесары әрі шебер дипломат, саяси тұлға ретінде де ерекшеленді. Орыстың оңай жау емес екендігін түсінген ол әу баста орыспен араны бейбіт жолмен реттеуге баса назар аударды. Оның Омбы, Орынбор және Батыс Сібір билеушілеріне, Петербургке жазған хаттарында осы сарын байқалады. Кенесарының жанкешті әрекеті қазақтың тәуелсіздікке қол жеткізу және дәстүрлі ұлттық мемлекетін қалпына келтіру жолындағы ең соңғы ұмтылысы болды. Қазақ хандары туралы әңгімелегенде қазақтың соңғы ханы Кенесары халқымыздың намысын қайрайтын ұлтымыздың асқақ мақтанышы екендігін әрқашанда есте ұстауымыз керек. Оның қайсар тұлғасы қазақтың ғана емес, отаршылдыққа қарсы күрескен түркітілдестердің санда­ған ұрпақтарын ерлікке шақырып, тәуелсіздіктің заңғар биігіне ұмтылдыра берері сөзсіз.

Қорыта келгенде айтарымыз, егер қазақ Қазақ хандығын өзінің ұлттық, төл мемлекеті ретінде басқаларға мойындатқысы келсе, осы мемлекетті басқарған хандар тұлғасын биіктетуді қолға алуы керек. Мұнсыз тарихи шындық қалпына келмейді. Жоғарыда айтылған «тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні» де міне, осыған келіп тіреледі.

Талас Омарбеков,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,

профессор, ҰҒА Құрметті академигі