18 Қазан 2018, 14:09 1380 0 Көлік Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Жылдам ұшып жетпеген

11 қазан күні Байқоңыр айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған «Союз МС-10» зымыран тасығышы 2 минут 45 секундтан соң апатқа ұшырады. Зымыран тасығыш тіркелген «Союз МС-10» ғарыш кемесі станцияға ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин мен америкалық астронавт Ник Хейгті жеткізуі тиіс болған еді.

Ұшу айлағына NASA-ның жаңа директоры, 43 жасар Джим Брайденстайн да келді. «Мен біздің ғарышкеріміз Ник Хейг және оның әйелі Кэтиді мақтан тұтамын. Ник осы кемемен ұшу үшін бес жыл бойы орыс тілін үйренді, бұл оның бірінші сапары болды. Мен оның көңіліне қаяу түскенін сеземін», – деді ол апаттан кейін. Сондай-ақ, NASA басшысы Овчининді де мақтады. Оның айтуынша, екі ғарышкер де өте кәсіби мінез танытқан. Айта кетейік, NASA-ның бұрынғы директоры Чарльз Болден «өзге ғаламшарлықтар жер бетін 2025 жылға дейін басып алады» деген сөзінен кейін басшылықтан кеткен еді. 2009 жылдан бастап NASA директоры қызметінде жүріп, 680-нен астам сағатын ғарышта өткізген, Колумбия, Дискавери және Атлантис ғарыш кемелері сапарларының ардагері Болденнің 2017 жылы 22 сәуірде Хьюстон конференциясында жасалған бұл мәлімдемесі жұртты таң қалдырды. «Ғарышта көптеген қорқынышты нәрселер бар, олардың кейбіреулері біздің өмір сүріп жатқанымызды байқап қойды. Әлемде кемінде 30 мың өзге ғаламшарлық өркениет бар екенін есептеп шығардық. Біз ондаған жылдар бойы ғарыш кеңістігінде белсенді жұмыс жасап келеміз, сондықтан кейбіреулерінің назарына түсіп қалдық. Олар бізді кез келген уақытта басып ала алады», – деген-ді Болден сол кезде. Дәл осы мәлімдемесінен кейін оны NASA-ның екі қызметкері сахнадан сүйреп түсірген еді. Әрине, өзге ғаламшарлықтар туралы NASA қызметкерлері бұрын да айтып жүрген. Бірақ Чарльз Болден сияқты ашық пікірді оған дейін ешкім білдірмеген болатын.

«Союзды» ұшыру кезінде болған апаттан кейін Ресей тарапы Қазақстанның көмегінен бас тартты. Бұл туралы ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер мәлімдеді. «Ғарышкерлер отырған капсула Жезқазған қаласынан 25 шақырым қашықтықта түскен. Адамдар тірі және жағдайлары дұрыс. Олар іздестіру жұмыстарының арқасында табылып, Байқоңыр ғарыш айлағына жеткізілді. Ал зымыранның өзге бөліктері қайда құлағаны әзірге белгісіз. Бұған қатысты жергілікті атқарушы органдардан және азаматтардан қандай да бір ақпарат келіп түспеді. Ресей тарапының қолында да осы ақпарат қана бар. Яғни, ғарыш кемесінің қалған бөліктерінің тағдыры не болғаны белгісіз», – деді ол.

Байқоңырдан ұшырылған «Союз МС-10» зымыран тасығышының апатқа ұшырауына болжам бойынша, бірінші және екінші басқыштың бөлінуі кезінде элементтердің соқтығысуы тікелей себеп болған. Бұл туралы «Роскосмос» корпорациясының қызметкері Сергей Крикалев хабарлады. Оның сөзінше, апаттың нақты себебі 20 қазанда белгілі болады. Апат себептерін тексеруге бір айға жуық уақыт бөлінген. Тергеу аяқталғанға дейін «Союз» зымырандарын ұшыруға тыйым салынды. Дәл осы апаттан кейін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар бойынша комитеті аяғынан тік тұрып, ғарыш айлағында экологияға қауіп төндіретін зымырандық отынмен жұмыс істейтін ракета-аппараттарды пайдалануды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанына сендірді. Бұрын ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарының жеті түрі ұшырылып келсе, бүгінгі таңда оның тек екеуі ғана қалған – «Союз» және «Протон-М». Байқоңыр ғарыш айлағынан 2008 жылдан бастап Cyclone-2 зымырандары, 2011 жылдан – RS-20 ICBM, ал 2014 жылдан бастап гептилді зымырандық отын ретінде пайдаланатын RS-18 ICBM-ді ұшырылуын тоқтатты.

Сонымен бірге, Қазақстан мен Ресей арасында «Протон-М» зымыран тасығышын 2025 жылға қарай біртіндеп қысқарту туралы келіссөздер жүргізілуде. Одан кейін заманауи, экологиялық қауіпсіз зымырандар пайдаланылуға берілетін болады, қазақстандық тарап ұшыру кезіне қатысады. «Бұл шаралар Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалуға, оның қызметінің экологиялық қауіпсіздігін арттыруға, Қазақ­стан­дағы ғарыш саласын дамытуға бағытталған. Онсыз ел дамуының жоғары деңгейін қамтамасыз ете алмаймыз», – делінген ҚР ІІМ хабарламасында.

Айта кету керек, жалға беру кезеңінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан 500-ден астам зымыран ұшты және олардың жетеуі төтенше жағдаймен аяқталды. 2017 жылы Ресей Байқоңырдан 12 зымыран ұшырды (2016 жылы – 11, 2015 жылы – 17). Қазақстанның аэроғарыш комитетінің ақпараты бойынша, 2018 жылдың 11 айында бес зымыран ұшырылған. Соңғысы апатты жағдайда жерге қайта қонды.

Кей мәліметтерге сенсек, Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» типтес зымырандарды ұшыру 2026 ғана жылы тоқтатылмақ. Бұл туралы Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш министрлігіне сілтеме жасап ресейлік БАҚ хабарлаған болатын. Бұған дейін «Протон» зымырандары 2023 жылдан бастап қолданыстан шығарылады деп хабарланған. Себебі әр апатты жағдайдан кейін Қазақстан экологиялық мәселелерімен басы қатып жатқанда, Ресей тарапы зымырандарына келген зақым мен АҚШ-пен бәсекелестігіне алаңдайды. Озу үшін не істемек керек деген ойға түседі. Ал осы кезеңде «Протон» зымырандары мен оларды ұшырғаннан кейін жақын аумақтағы тұрғындарға аса улы отын (гептил) тарайтынын қазақ экологтары мен құқық қорғаушылары үнемі айтып келеді. 2015 жылы түз жануары – киіктің жаппай қырылуын да белсенділер гептилден көрді. Бірақ киік қырылуына байланысты тексерудің ресми қорытындысында гептил мен түз жануары арасында байланыс бары анықталмаған-ды. Бұған қоса, соңғы бірнеше жылда «Протон» зымырандарына қатысты бірнеше ірі апат орын алды. Сондай-ақ, Қазақстан даласына зымыран бөлшектерінің құлауы да жиілеп барады. Нақтырақ айтсақ, 2010 жылдың 5 желтоқсаны, 2011 жылдың 18 тамызы, 2012 жылдың 6 тамызы, 2012 жылдың 8 желтоқсаны, 2013 жылдың 2 шілдесі, 2014 жылдың 16 мамыры, 2015 жылдың 16 мамыры. Бұл жай ғана апаттар емес, табиғат пен адамдарға көлемді зиян тигізетін апаттар.

Ең таңданарлығы, күні кеше қазақ жерінде құлаған «Союз МС-10» кемесі жайлы қазақ сайттары онша жазбады. Неге? Аспаннан 7 тонна ракета құлады, оның улы қалдықтары қазақ топырағына шашылды, сіңді, ауасына тарады. Әлде көңіл аудармайтын, үйреншікті жағдайға айналып кетті ме? Бұл терең зерттеуді қажет ететін үлкен түйткіл емес пе?

Ал көрші алып елдің баспасөз құралдары Ресейдің ең сенімді «Союз» зымыраны бүкіл әлемге масқара болды деп жарыса жазуда.

RUSNEXT.Ru: «Осыған дейін 64 рет сәтті ұшырылған «СОЮЗ МС-10» кемесі ең алғашқы сәтсіздігіне ұшырады. Мемлекеттік комиссия апаттың себептерін талдауға кірісті, бірақ алдын ала деректер ғарыштық тәжірибеде бұрын болмаған бірегей жағдайдың орын алғанын айтып отыр. Соңғы уақытқа дейін «Союз-ФГ» зымыран тасығышы ең сенімді тасымалдаушылардың бірі болды. Еске салайық, шілде айында «Союз-ФГ» зымырандарының қолданыстағы зымырандары таусылып, «Союз 2.1а» зымырандарына ауыстырылды. Жаңа типтегі алғашқы үш зымыранға «Прогресс» зымыран-ғарыштық орталығына тапсырыс берілді және компания өндірісті бастап кетті.

Жаңа «Союз 2.1а»-ның бірінші ұшырылымы 2020 жылдың көктеміне жоспарланған. Бұл туралы Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозин: «Қазір бізде «Союз-ФГ» зымырандарының жетеуі қалды. 2019 жылдың соңына дейін біз осы зымырандарды ұшырып бітіреміз. Сондай-ақ, «Союз-ФГ» зымырандарын ұшыру аяқталғаннан кейін Байқоңырдағы Гагарин ұшағы жаңартылып, «Союз-2.1а» зымыраны ұшырылатын болады», – деп хабарлады.

Овчинин мен Хейг орбитада 187 тәулік өткізеді деп жоспарланған. Осы уақыт аралығында ресейлік ғарышкер «Магниттік 3D-биопринтер» экспериментін өткізуді ойға алған. Ол Ресей тарихында тұңғыш рет адамның шеміршектері мен кеміргіштердің қалқанша безінің шағын үлгілерін 2-3 миллиметрге дейін өсірмекші болған еді. Сонымен қатар Овчинин ресейлік ғарышкер Сергей Прокопьевпен бірге қараша айының ортасында ашық ғарышқа шығуды жоспарлаған».

NEWS.Ru: «Союз МС-10» ұшыру апатынан кейінгі оқиға ресейлік ғарыш саласының жүйелі дағдарысын дәлелдейді. Бұл қорытынды сарапшылар тарапынан жүргізіліп, оқиға туралы есептерге түсініктеме берді.

«Бізде апаттар көп болып жатыр деп айтуға келмейді, себебі бізде ұшыру көп. Қазір біз зымырандарды Қытайдан үш есе жиі ұшырып жатырмыз», – деді Ресей Космонавтика академиясының мүшесі Александр Железняков.

Соңы апатқа әкелген «Союз» зымыраны осы жылы Ресейде оныншы рет ұшырылған. Ал бұл уақыт ішінде АҚШ 25 зымыран, ал Қытай 27 зымыран ұшырып үлгерді.

«Дмитрий Рогозин премьер-министрдің орынбасары ретінде ғарышты басқара бастаған кезде, ол осы саладағы жүйелік дағдарыстың бар екенін айтты. Бірақ осы уақыт ішінде дағдарысты жеңу үшін ештеңе жасалмады», – деді Мәскеу ғарыштық клубының ғылыми директоры Иван Моисеев.

«Союз МС-10» апатынан кейінгі оқиға ресейлік ғарыш саласында жүйелі дағдарыстың барын дәлелдеді. Ресей сарапшылары осындай қорытындыға келді.

P.S. Айырмашылықты сезесіз бе? Ресейлік БАҚ-тардың жазғанын оқысақ, оларды Ресейдің ғарыш саласында АҚШ пен Қытайдан қалып бара жатқанынан басқа ештеңе қызықтырмайды. Қазақтардың денсаулығына, экологияға зиянды гептил қалдығы табылды ма, жоқ, әлде табылмады ма – оларға бәрібір. Ал біздікілер ше? Экологиялық қауіп жоқ деуден басқа ешқандай дәйек келтірмейді.       

«Союз МС-10» зымыранының орнын ертең аты басқа жаңа зымыран басары анық. Ал қазақ халқы қайтпек?

Соңғы жаңалықтар