Қазақстанды өркендетудің басты шарты

Қазақстанды өркендетудің басты шарты

Қазақстанды өркендетудің басты шарты
ашық дереккөзі
Елбасының «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарламасы еліміздің автоматтандыру, электрондандыру саласын дамытуды насихаттайтын негізгі құжат. Қазір заманауи ақпараттық технологиялар инновациясы қарыштаған заманда қашықтан білім беру, онлайн-сауда,  3D-принтинг, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларға аса қажет цифрландырудың  өркендеуіне жол беру, жағдай жасау маңызды. Себебі аталмыш индустриялар Еуропаның дамыған мемлекеттерінің экономикасының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытқанын көзбен көріп жүрміз. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаннан бері өңірдегі банктердің филиалдары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарында цифрлы қызмет сапасы жетіліп, тұрғындар да жаңа жүйеге бейімделе бастады. Иә, автоматтандыру, электронды-онлайн қызмет көрсету үлгісі қолданыла бастағаннан бері сауда жасау, жекеменшік компаниялардың жарнамасын тарату, өзін-өзін жұмыспен қамтыған азаматтардың бастамасын алға қарай жылжыту үшін атқарылатын мүмкіндіктер көкжиегі кеңейген. Мысалы, әлеуметтік желілердегі жасалған посттар бірнеше минуттың ішінде мыңдаған адамдардың қолына түседі. Демек, ақпарат жедел тарайды. Ол да ел экономикасының ілгерілеуіне оң әсер етіп, кейбір табиғи ресурстарды үнемдеуге жол ашуда. Кеңестік кезеңде демей-ақ қоялық, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында хабарлама, жедел хат, ақша аударымдары арнайы пошта қызметі арқылы жүзеге асатын. Қазір электронды-онлайн қызметінің сапасы жақсаруына байланысты оп-оңай атқарылады. Бұл өркениетке қадам басудың алдыңғы баспалдақтары. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы бағдарлама арқылы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 80 пайызын интернет қолдана алатын деңгейге жеткізуді, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамтуды, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыруды көздеді. Демек, бағдарламада көтерілген әрбір мәселе тұрғындардың өмір сапасын арттырып, ұлттық экономиканы цифрландыруға үлес қосады деген сөз. «Цифрлы Қазақстан» деген терминдік сөз тіркесінің мағыналық аясына мемлекеттік органдардың сайттары арқылы оларға хабарлама жазуға, ақпарат алуға шексіз мүкіндіктің туғанын жатқызамыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының электронды үкіметінің egov.kz сайты арқылы некеге тұруға, төлқұжат алуға арыз беруге, мекен-жай анықтамасын үйде отырып-ақ электронды кілт арқылы алуға болады. Сондай-ақ, бұрын 5 ай уақыт аралығында жететін хат-хабар жіберу процесі электронды түрде хат алмасу арқылы 5 минуттың ішінде орындалады. Ол да технологияның дамығанының бір көрінісі. Бұл бір жағынан адамның энергиясын үнемдесе, екінші жағынан түрлі ресурстардың рәсуа болуын тежейді. Демек, алдағы уақытта осы қарқында алға қарай жылжи берсек, цифрлық саланы дамытуға қаржыны аямасақ, жақсы көрсеткіштерге жетіп, келешекте толықтай цифрланған мемлекетке айналатынымыз хақ. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында «Ақылды қалалар» атты бөлім бар. Онда былай деп көрсетілген: «2012 жылдан бастап Астана қаласында «Тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде бейнебақылау жүйелерін дамыту, бұзушылықтарды фото-бейне тіркеуді енгізу, деректерді өңдеу орталығын, жедел басқару орталығын және зияткерлік байланыс орталығын құру сегменттері жұмыс істеуде. «Smart мектеп» (88 мектептің 19-ы қосылды), «Smart көше жарығы», «Smart емхана» (10 емхананың 2-уі қосылды) бағыттары бойынша бастамалар іске асырылуда. Алматы қаласында бұзушылықты фото-бейне тіркеу жүйесі енгізілді, ал 2015 жылы «Оңай» қоғамдық көлікте электрондық билет беру жүйесі іске қосылды». Осылайша цифрландырудың белгілері, осы бағыт бойынша атқарылған жұмыстар тізімі ұсынылды. Әрине, болашақта озық технологиялардың даму процесі қала халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген үміт зор.

Майра Алдабергенова