Қазақстан 140 елдің арасында 42-орынға жайғасты

Қазақстан 140 елдің арасында 42-орынға жайғасты

Қазақстан 140 елдің арасында 42-орынға жайғасты
ашық дереккөзі

Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) 2015-2016 жылдарға арналған Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің қорытындысын жариялады. Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда 8 орын алға жылжып, 140 елдің арасында 42-қатардан көрінді. Жеті балдық есептеу бойынша еліміздің көрсеткіші 4,4-тен 4,5-ке көтерілген. Бұл – Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісіне қатысу тарихындағы Қазақстанның ең үздік нәтижесі.

Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі (The Global Competitiveness Index) – жаһандық зерттеулер және әлем елдерінің экономикалық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіші бойынша жүргізілетін рейтинг. Жалпыға бірдей қолжетімді статистикалық мәліметтерге және компаниялар басшыларының жаһандық сауалнама нәтижелеріне талдау жасай отырып, мемлекеттердің жетекші зерттеу институттарымен және ұйымдармен бірлесіп, Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын кең ауқымды зерттеулер жасайды. 2004 жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқан зерттеулердің нәтижесі әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін барынша толық бейнелейді.

Дүниежүзілік экономикалық форум ұлттық бәсекеге қабілеттілікті ел мен оның институттарының орташа мерзімді перспективада тұрақты бола алатындай экономикалық өсімнің бірқалыпты қарқынын қамтамасыз етуге қабілеттілігі тұрғысында айқындайды. Экономикалық даму мен бәсекеге қабілеттілік жолындағы кедергілерді жоюға ұмтылған мемлекеттер бұл индексті өздерінің экономикалық саясатындағы түйткілдерге талдау жасауға және тұрақты экономикалық прогреске қол жеткізу бойынша стратегиялар әзірлеуде құрал ретінде пайдалана бастады.

Рейтингте жетінші жыл қатарынан Швейцария көш бастап келеді. Екінші орынға Сингапур, үшінші орынға АҚШ жайғасқан. Германия биыл бесінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Алғашқы ондыққа Жапония, Гонконг, Финляндия, Швеция мен Ұлыбритания енген.

ТМД елдерінің арасында Қазақстан Әзірбайжаннан кейін (40-орын) екінші орында тұр. Ресей 45-орын, Грузия – 66-орын, Украина – 79-орын, Тәжікстан – 80-орын, Армения – 82-орын, Молдова – 84-орын, Қырғызстан – 102-орыннан көрінді.

Қазақстанның инновациялық даму факторы бойынша (78; +11) көрсеткіштері айтарлықтай жақсарғанын айта кеткен жөн. Инновациялар (72; +13) және Бизнестің бәсекеге қабілеттігі (79; +12) факторлары бойынша еліміз ілгерілеуге қол жеткізді. Бұдан басқа, Қазақстан Институттар (50; +7) факторы бойынша және Қаржы нарығының дамуы (91; +7) факторы бойынша өз көрсеткіштерін арттырған. Ал Еңбек нарығының тиімділігі (18; -3) факторы бойынша республика өткен жылмен салыстырғанда 3 тармаққа төмендеді.

114 индикаторы ішінде 73 индикатор бойынша жақсару, 30 индикатор бойынша төмендеу байқалады, 11 индикатор бойынша өзгерістер жоқ. Тағы бір айта кетерлік жайт, Безгектің таралуы және Бизнеске безгектің әсер етуі секілді екі көрсеткіш бойынша Қазақстан малярияның әсерінен еркін елдер тізіміне енгізілген.

Еліміздің ең жоғары көрсеткіші Өнімін жаһандық үлестіруде жергілікті компаниялардың бақылауы (60; +31) индикаторына тиесілі. Кеден баждары (73; +28), Монополияға қарсы саясаттың тиімділігі (68; +26), Кеден рәсімдерінің шығыстары (55; +22) және Ішкі нарықта өнім жеткізуші сапасы (88; +20) көрсеткіштері бойынша 20 тармаққа алға жылжыдық.

Анар ЛЕПЕСОВА