Тыйым салу әдісін жиі қолданатын елдердің бірі – Өзбекстан

Тыйым салу әдісін жиі қолданатын елдердің бірі – Өзбекстан

Тыйым салу әдісін жиі қолданатын елдердің бірі – Өзбекстан
ашық дереккөзі

Әрбір мемлекет өз аумағында тәртіп сақтау үшін белгілі бір тәсілдерге жүгінеді. Соның ең қарапайымы – тыйым салу. Бұл әдіс – шығыс елдерінде өте ерте кезден бері тәртіпке шақырудың негізгі әдісі болып саналады. Қазіргі күнде Орталық Азия  елдерінде тыйым салу әдісін жиі қолданатын елдердің бірі – Өзбекстан Республикасы.

Биылдың өзінде Өзбек мемлекеті талай нәрсеге тыйым салып үлгірді: түнгі клубтардағы стриптиз шоуға,  мақта терімі кезінде той жасауға және үйлену тойларында жас жұбайлардың вальс билеуіне.

Бұның бәрі тегіннен-тегін жасалып отырған жоқ. Биылғы тамыз айының басынан бастап Өзбекстан республикасы Бас прокуратурасы елдегі 5 мыңнан аса түнгі клубқа рейд жүргізіп, түнгі көңіл көтеру орындарынан алкогольді ішімдіктер мен темекі ұнтақтары, сондай-ақ есірткі заттарды тәркілеп, бұған қоса 500-ден аса кәмелеттік жасқа толмаған балалар ата-анасының қарауынсыз осы клубтарда жүргенін анықтаған. Құзыретті органдардың пікірінше, «түнгі клубтардағы көріністер Өзбек елінің рухани құндылықтарына қайшы келіп, жастарды азғындыққа жетелейді. Сондықтан мемлекеттің рухани бейнесіне дақ түсіретін ондай келеңсіз жағдайлардың алдын алу керек». Бұны көптеген адамдар да қолдап интернет кеңістігінде әлеуметтік желі қолданушылары түнгі клубтарға қарсы іс-шаралар жүргізіп, «Біз түнгі клубтарға қарсымыз» атауымен парақша ашқан топ мүшелері «түнгі көңіл көтеру орындары жастардың ой-санасын бұзып, адамдарды арсыздыққа, тәкаппарлыққа, ысырапшылдыққа алып келетінін» мәлімдеген. Сонымен бірге олар «Бұндай жерлерде бай-бағландардың балалары ата-анасының дүниесін шашып, ысырапқа жол береді. Халқының басым бөлігі мұсылмандардан тұратын Өзбекстан аумағында жастардың тәрбиесін бұзатын  «түнгі клуб атаулы жабылсын» деген бастама көтерді.

Ал күзгі мақта терімі кезінде той жасауға тыйым салу мәселесіне келсек, Өзбекстан экспортының 45 пайызын құрайтын мақта өндірісі соңғы кезде едәуір құлдыраған. Статистикалық мәліметтер бойынша, халқы 15 миллион адамға толған кездегі Өзбекстандағы мақта өндірудің көрсеткіші бүгінгі (қазір 31 миллионнан аса халқы бар) деңгейден 2 есеге артық болған. Соңғы кезде мақтаны машинамен жинау тіптен азайып, мақта теру ісі адам қолына көшкендіктен мемлекетке мақта өндіру жоспарын орындау қиындап кетті. Биылғы қазан айының ортасында аяқталады деп жоспарланып отырған мақта теру науқаны кезінде елдің кейбір облыс орталықтарындағы мейрамханалар мүлдем тапсырыс қабылдамай отырған көрінеді.

Өзбекстан халқының шығыстық менталитеті де ұлттық салт-санаға қайшы келетін жаңалықтарға үрке қарайтыны о бастан белгілі. Кеңестік кезеңнің өзбек халқына зорлықпен таңған кейбір әдет-ғұрыптарының кейбірі бүгінде ақырындап қолданыстан шығып қалып жатқан жайы бар. Соның бірі – батыстық өркениеттің жемісі саналатын вальс билеу. Міне, осы өнер түріне, яғни үйлену тойында жас жұбайлардың вальс билеуіне Өзбекстан билігі мен елдегі дін өкілдері тыйым салып отыр. «Халықтық дәстүрге қайшы» деп саналған бұл би түріне тыйым салу «Өзбек тойларына батыс елдері мәдениетінің сіңіп кетпеуін» қадағалау мақсатында қолға алынып отырған көрінеді. Ташкенттегі үйлену тойларын ұйымдастырушы компания  мекемелеріне Өзбекстан мәдениет және насихат орталығы өкілдері тексеріс жүргізіп, той ұйымдастырушы компанияларға өзбек тойларында вальс билерін өткізбеуін, той кезінде жұбайларға арналған «махаббат тарихы» сияқты слайд-шоулар көрсетпеуі керегін ескерткен көрінеді. Мәдениет және насихат орталығының бұл ісін Өзбекстан астанасындағы дінбасылар да құптап, мешіттерде жұма намазы уағызы кезінде «жас жұбайлардың тойда құшақтасып, вальс билеуі – өзбек халқының ұлттық танымына, салт-дәстүріне қайшы келетіні жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр» деп отыр.

Жалпы тыйым салу мәселесін Өзбек үкіметі ұлттық қауіпсіздікті қорғаудың құрамдас бір бөлігі ретінде қарайтын сияқты. Сондықтанда болар, осыдан төрт жыл бұрын Өзбекстан билігі ресейлік, батыс және кейбір орта-азиялық жаңалықтар ресурстарына қосылуға тыйым салды және интернетті де қатаң түрде бақылауға алды. Соның себебінен ресейлік «Первый канал», «Россия», «НТВ» орталық телеарналары мен «РБК ТВ» іскерлер телеарнасының, «КоммерсантЪ», «КоммерсантЪ Власть», «КоммерсантЪ Деньги» және «Независимая газета», «Парламентская газета», «Правда», «Известия» секілді қоғамдық-саяси және экономикалық басылымдардың, «Маяк», «Радио России» және «Эхо Москвы» радиоарналарының және Gazeta.ru», «Dni.ru», «Utro.ru», «Newsru.com» және «Cnews.ru» интернет-басылымдардың сайттары Өзбекстандық пайдаланушылар үшін жабылған еді.

Бұның бәрі әрине, ақпараттық қауіпсіздік үшін жасалғаны анық. Ал бұрынырықта Өзбекстан телеарналарында Аяз ата мен Ақша қарды көрсетуге және «Әулие Валентин күнін» тойлауға салынған тыйым – «бұқаралық мәдениетке, оның зиянды әсеріне қарсы қолға алынып»  отырған шара ретінде түсіндірілген. Бірақ бұлай жасауға нақты кімнің жарлық бергені айтылмады. Тағы бір қызығы сол кезде жаңа жылды тойлау Ташкентте көптеген кешендерде өткенін былай қойғанда «Президент шыршасы» мерекесі өткізілгені белгілі болды. Ал, «Валентин күні» орнына ақпанның 14-інде ендігіден былай өзбек жастары атақты «Бабырнаманың» авторы – өзбектің ұлы ақыны Бабырдың туған күнін тойлап келеді.

2013 жылы Өзбекстан президенті Ислам Каримов «Отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін заңсыз жолмен келетін тауарларға күресті күшейту туралы» қаулыға қол қойып, ішкі рыноктарын заңсыз тауарлардан тазартуды көздеген болатын. Осыдан кейін кеден бекетінен заңсыз тауарды алып өтетіндер қатаң жазаға тартылатын болды. «Елдің қазынасына салық түсімі көбейеді», – деп Өзбек президентінің бұл өкімін елдегі сарапшылар қолдады.

Сол сияқты Қауіпсіз ұшуды қадағалау жөніндегі республиканың мемлекеттік инспекциясының бұйрығымен 2008 жылы «Өзбек әуежолдары» компаниясында, 2012 жылы республика әуежайларында ішімдік ішуге тыйым салды. Оның себебі ұшақ бортында ішіп алып, шу шығарғандардың кесірінен бір жағдайда Ташкентте «Аэрофлот» лайнері еріксіз қонуға мәжбүр болса, екінші жағдайда мас жолаушы бұзақылық жасап, борт серігін жарақаттаған болатын.

Міне, осындай жағдайлардан соң сырттағы елдің көбі Өзбекстанды тыйым салуды көп қолданатын ел ретінде тануы да мүмкін. Алайда әрбір тыйым салудың өз себебі, мақсаты бар. Ұлттық дәстүрге қайшы келетін әдеттерден бастап ақпараттық қауіпсіздікке дейінгі жағдайлардың бәрін Өзбек мемлекеті саралап, талдап отырғаны белгілі. Бірақ елдің рухани өміріндегі келеңсіздіктер тыйым салумен ғана шешіле қоя ма? Мәселе сонда.

Ахмет ӨМІРЗАҚ