Алматы әлемдік рейтингте Мәскеудің алдын орады

Алматы әлемдік рейтингте Мәскеудің алдын орады

Алматы әлемдік рейтингте Мәскеудің алдын орады
ашық дереккөзі

2015 жылдың қыркүйегіндегі есеп бойынша әлемдік қаржы орталықтарының көш басына Лондон тұрақтады. Мұндай жаңалық Z/Yen­ Group компаниясы әзірлеген The Global Financial Centres Index рейтингі арқылы белгілі болды. Аталмыш рейтингте ТМД елдеріндегі қалалар арасынан Алматы шаһары ең үздік нәтиже көрсетті. Әлемдік қаржы орталықтары рейтингінде Алматы қаласы 51-орынға тұрақтапты. Ал көршілес Ресей астанасы – Мәскеу қаласы бұл жолы 78-орынды қанағат тұтқан көрінеді.

The Global Financial Centres Index рейтингісі – Лондонда штаб-пәтері бар, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша 300-ден астам қауымдасқан сарапшысы бар Z/Yen Group Limited компаниясы әзірлеген халықаралық қаржы орталықтарын бағалаудың мамандандырылған әдіснамасы. Z/Yen Group консалтингтік компания­сы әлемдік қаржы орталықтары рейтингін әзірлеуді 2005 жылдан бері жалғастырып келеді. Z/Yen компаниясы қаржы орталықтарын бағалау кезінде бәсекеге қабiлеттiлiктiң адам факторы, бизнес орта, нарықтарға қолжетімділік, инфрақұрылым, жалпы бәсекеге қабілеттілігіне иек артады. Әлемдік қаржы орталықтарының рейтингі жылына екі рет, яғни, қыркүйек және наурыз айларында жаңартылады. Ал үздіктер ашық дереккөздерінің сараптамасы және сарапшылардың берген бағасы арқылы анықталады. Үстіміздегі жылдың әлемдік қаржы орталықтары тізімін анықтауға 3 мыңнан астам халықаралық сарапшы мамандар қатысыпты.

Әлемдік қаржы орталықтарында ірі көлемдегі халықаралық капи­тал шоғырланған және түрлі халық­аралық қаржы операциялары кең ауқымда жүргізіледі. Қаржы орта­лығы инфрақұрылымының негі­зін ұлттық және ұлтаралық банк­тер құрайды. Олар әдетте аса ірі бир­жалармен тығыз байланыс орнатады. Орталықтар негізінде ірі брокерлік кеңселер мен түрлі инвестициялық қорлар да айтарлықтай рөл атқарады. Қазір әлемдік қаржы орталықтарының негізгі операторлары Лондонда, Токиода, Нью-Йоркте, Парижде, Цюрихте, Майндағы Франкфуртта, Люксембургте, Сингапурда, Сянганда шоғыр­ланған. Бүгінгі күні әлемдік қаржы орталықтары – пайданы көп әкеле­тін сала. Сондықтан, әлем­дік қаржы орталықтарының құры­лымында ұлттық нарық, валю­талық несиелеу, қор нарығы және де алтын нарығы кіреді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін Лондон қаласы қаржы орталығы болды. Ал бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл статусты АҚШ мемлекеті ие­ленді. Бірақ Лондон АҚШ-пен бірге әртүрлі қаржы-несие жүйесінде және қор нарығында өзінің үстемдігін орнатты. 1990 жылы «Делор жоспары» бойынша Еуропалық Одақ елдерінде бір ортақ валютамен қаржылық орталық құру туралы қаулы қабылданды. 1993 жылы ортақ еуропалық валютамен қор нарығы және қаржы қызметтері құрылды. 1999 жылы Еуропалық Одақ елдерінде еуро жүйесі енгізілді.

The Global Financial Centres Index рейтингісі биылғы қыркүйекте 18-ші рет ұйымдастырылды. Ал биылғы үздіктерді анықтауда сарапшылар 98 қаланы іріктеуден өткізген. Оның ішінде 14 қаланың негізгі тізімге ену мүмкіндігі болмады. Негізгі тізімге іліне алмаған қалалардың қатарында Гуанчжоу, Рига және Нью-Дели бар. Ал негізгі тізімде алғашқы орынды Лондонға берген АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы рейтингте екінші орынға орналасты. Нью-Йорк алдыңғы рейтинг нәтижесінде бірінші орында болған еді. Z/Yen компаниясының төрағасы Майкл Майнеллидің сөзіне қарағанда, Лондонның әлемдік қаржы орталығының астанасы атануына салық төлеу мәселелерін оңтайлы шешуі себеп болыпты. Сондай-ақ, Лондонның көшбасшы болуына сақтандыру компаниялары мен банк­тер жұмысының жоғары бағалануы ықпал еткен. Қаржыгерлердің айтуынша, Лондон тұрақты жұмыс орны жөнінен де көш бастап тұрған көрінеді.

Халықаралық зерттеу орталы­ғының шешімі бойынша, үшінші орынға Гонконг лайық деп танылса, төртінші, бесінші орындар Сингапур мен Токиоға бұйырды. Үздік әлемдік қаржы орталықтарының алғашқы ондығын Сеул, Цюрих, Торонто, Сан-Франциско және Вашингтон түйіндеп тұр. ТМД елдері арасынан 78-орынға жайғасқан Мәскеу өткен жылғы қорытындыға қарағанда төмен көрсеткіш көрсетті. Айта кетейік, Мәскеу 2014 жылы The Global Financial Centres Index рейтингінде 75-орында болған еді. Ресей астанасы бұл тізімде Мадрид, Кипр, Санкт-Петербург, Таллин, Афина, Рейкьявик қалаларының ғана алдына шыға алды. Мәскеудің бұрынғы орнынан төмен сырғуының өзіндік себептері де жоқ емес. Z/Yen GroupLimited компаниясының төрағасы Майкл Майнелли бұл себептерді атап айтып та берді. Ең бірінші себеп – Ресейге салынған халықаралық санкциялар. Сондай-ақ, Мәскеудің үш саты төменге ығысуына мұнай бағасының төмендеуіне байланысты ел экономикасының әлсіреуі және соңғы жылдағы Ресей рублінің долларға шаққандағы құнының 42 пайызға дейін құлдырауы әсер еткен.

Ресейдің Мәскеуде халықаралық қаржы орталығын құруды армандап жүр­геніне де біраз уақыт болды. Алайда бұл рейтинг Мәскеудің әлем­дік қаржы орталығын құру туралы жоспарының жүзеге аспайтынын кезекті рет дәлелдегендей. Десек те, Ресей билігі халықаралық қаржы орталығын құруға Мәскеудің таптырмас орын екендігіне сенімді. Қазіргі уақытта Мәскеудің алдыңғы қатардағы Лондон мен Нью-Йоркті қуып жетуге мүмкіндігі жоқ. Есесіне, Кремльдің Алматыны артқа қалдыруды көздейтіні жасырын емес. Алматыны қаржы орталықтары тізімінен кері шегіндіру арқылы Мәскеу ТМД елдеріндегі қаржылық орталыққа айнала алады. Алайда сарапшылар Мәскеудің техникалық жағынан қаржы орталығын құруға әзір еместігін айтуда.

Еліміздің оңтүстік астанасы да әлемдік қаржы орталықтарының тізімнен тыс қалмады. Алматы қаласы әлемнің 84 қаласы арасынан 51-орынға жайғасты. Бұл көрсеткіш – ТМД елдері арасындағы үздік нәтиже. Алматы қаласы халықаралық зерттеу орталықтарының рейтингісі бойынша әлемдік қаржылық орталықтар қатарына 2014 жылдың көктемінде енгізілді. Сөйтіп, сол жылы Алматы қаласы 83 халықаралық қаржы орталығының ресми тізімінде 58-орынға жайғасқан. Ал Азия қаржы орталықтары арасында 13-орынға ие болды. 2014 жылдың қыркүйек айында Шығыс Еуропа – Орталық Азия аймақтары бойынша Алматы екінші орынға орналасса, бірінші орынға Стамбұл шықты. Ал Мәскеу, Афина, Прага сынды алып қалалар Алматыдан осы көрсеткіш бойынша артта қалған еді. Бұл рейтингте Алматы шаһары 15 орын алға жылжып, 43-орыннан көрінген болатын. The Global Financial Centres Index-тің 17-ші рейтингінде Алматы қаласы 49-орынға түсіп қалды. 18-рет ұйымдастырылған рейтингте Алматы тағы екі қаланы алдына шығарды.

Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың 11 сәуірінде «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны қаржы орталығына айналдыру үдерісін жылдамдату керектігін атап өткен болатын. «Алматыда қаржылық орталық құру ұзаққа созылып кетті. Ол жаңа динамикаға ие болуы қажет. Дубай немесе басқа қалалар тәрізді Алматыға да арнайы статус беріп, заң қабылдау қажет. Қаржылық орталық құрылуы керек. Мұның барлығы өте маңызды», – деген еді Елбасы. Алып шаһарда қаржылық орталық құру идеясының бүгін ғана пайда болмағаны да баршаға белгілі. Қазақстан Президенті мұндай бастаманы 1995 жылы көтерді. Алайда ол кезеңде елдің экономикалық ахуалының алға баспауына байланысты Алматыда қаржылық орталық құру идесы қолдау таппады. Десек те, бұл бастама жабулы күйінде қалды деп айтуға негіз жоқ. 2004 жылы Алматыны халықаралық қаржы орталығына айналдыру концепциясы әзірленсе, 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алматы қаласында аймақтық қаржы орталығын құру» туралы заңға қол қойды. Аталмыш заңға қол қойылысымен, Алматыдағы аймақтық қаржы орталығының жұмысын реттейтін агенттік өз жұмысын бастап кетті. Араға 3 жыл салып Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «2015 жылға дейін Алматы қаласындағы аймақтық қаржылай орталықты дамыту жоспары» туралы қаулыны бекіткен болатын. Содан бері әлі де созбаққа салынып келе жатқан қаржы орталығын құру мәселесін биыл Мемлекет басшысы тездетуді бұйырды. Сөйтіп Ұлттық банк қаржы орталығын құруға қатысты жаңа іс жоспарын бекітті.

Бұған дейін наурыз айында Financial Post әлемдегі ең тез өсіп келе жатқан қаржы орталықтарының ондығын жасаған болатын. Бұл рейтингке Нью-Йорк, Лондон, Токио қалалары енбеді. Өйткені олар әлемдік ең ірі қаржы орталықтарының қатарында. Financial Post әзірлеген рейтингте Алматы оныншы орынға табан тіреді. Соңғы бес жылда Алматы рейтингтегі орнын 9 сатыға алға жылжытты. Аталмыш рейтинг бойынша да Алматы қаласы Мәскеу мен Варшава секілді ірі қалаларды артқа тастаған болатын.

Сондай-ақ, Алматы Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы атанады. Ол үшін әуелі алмалы қалада кәсіпорындар қатары көбейіп, жұмыс орындарының саны артпақ. Еуразиялық экономикалық одақтың комиссиясы Мәскеуде, Еуразиялық сот Минскіде орналасса, 2025 жылдан бастап одақтың қаржы нарығын реттейтін орталық Алматы қаласында орналасады деп болжануда. Осы ретте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның құрылуын күтпей-ақ, Алматы қаласын Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде қалыптастыра беру туралы ұсыныс білдірген. Сарапшылардың айтуынша, бұл ел экономикасына үлкен септігін тигізеді екен. Яғни, салықтық түсімдер артады, жұмыс орны көбейеді, халықтың өмір сүру деңгейі артады. Еуразиялық экономикалық одақ Алматыны тегіннен-тегін таңдаған жоқ. Негізгі себептердің бірі – Еуразиялық даму банкінің Алматыда орналасуы.

Егер ауқымды идея жүзеге асса, Алматы Орта Азия мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында ғана емес, әлемдегі ең ірі қаржылық орталыққа айналуы әбден мүмкін. Салық пен құжат айналымының азаюы отандық бизнеске де оң әсерін тигізбек. Ал инвесторлардың келуі жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады және қазынаға түсетін салық көлемін арттырмақ. Одан бөлек, қалалық кәсіпкерлер палатасы Алматыға арнайы статус беру арқылы жемқорлықты жоюға болады деп санайды. Сарапшы мамандардың есептеуінше, Алматыға арнайы статус беріп, қаржылық орталық құру 20 миллион АҚШ долларын қажет етеді екен. Оның өзінде пайда тек кем дегенде бір жылдан кейін ғана түсе бастайды. Дегенмен, мамандар Алматыны қаржылық орталыққа айналдыру идеясының берері мол деп үміттенуде. Тіпті, әлемдік табысты орталықтардың тәжірбиесіне сүйенудің де еш әбестігі жоқ көрінеді.

Әсел ӘНУАРБЕК