Жамбылда "Бес бастама" сәтті орындалуда

Жамбылда "Бес бастама" сәтті орындалуда

Жамбылда "Бес бастама" сәтті орындалуда
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеу жариялағаны белгілі. Осы жоба бойынша Елбасы Үкіметке халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, студенттерге арналған жатақхана салу, шағын және орта бизнесті дамыту, жалақысы төмен жұмысшыларға қолдау және елді газбен қамтамасыз ету шараларын міндеттеген. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысында қолға алынған жұмыстар жетерлік. Осы шараларды пысықтау мақсатында Жамбыл облысының әкімдігінде арнайы жиын ұйымдастырылды. Жиын барысында Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманың өмірлік маңыздылығына тоқталған Жамбыл облыстық құрылыс басқармасының бөлім басшысы xалықтың тұрғын үймен қамтылуын, «7-20-25» бағдарламасының орындалуы жөнінде айтты. Оның сөзіне сенсек, қазір өңірде арендалық тұрғын үй алуға 23 мыңнан астам адам кезекте тұр екен. Олар  xалықтың әлеуметтік осал тобы, бюджеттік сала қызметкерлері,  қамқорлықсыз қалған балалар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Ал облыс әкімі Асқар Мырзахметов биыл пайдалануға берілетін 10 үйдің нақты кімге үлестірілетіндігі, мемлекеттік бағдарламаға қатысатын адамдардың әлеуетін анықтау керектігін айтты. Сонымен қатар, «7-20-25» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарын арттыру керектігі де тапсырылды. Өйткені, ол халыққа түсінікті әрі қарапайым тілде жеткізілуі   керек. Бұл тұрғыда Тараз қаласында орналасқан екінші деңгейлі банктер де бірлесіп жұмыс атқаруы керек деді өңір басшысы. «Шын мәнісінде пәтерді сатып алатын адамдардың саны қандай? Соны біз біле алмай отырмыз. Айталық, екі немесе үш мың адам. Қазір бағдарламаның жеңілдетілгеніне байланысты қанша адам үй алуға ниет білдіріп отыр. Оның нақты саны қанша. Сосын барып біз айта аламыз. Ол бір, екіншіден ол пәтер қанша тұрады. Сосын оның қаржысы анықталады. Алдымен осыны анықтау керек. Үйдің бәрін салып тастағаннан кейін оны алатындар кімдер. Менің түсінігімде біз бірінші осыны талдауымыз керек», – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жоғары оқу орындарындағы студенттердің жатақханамен қамтылу жайы сөз болды. Бүгінгі таңда облыста 3 жоғары оқу орнының екеуінде жалпы сыйымдылығы 1264 орынға арналған жатақхана бар. Ал жатақханаға мұқтаж студент саны – 1637. Осындай маңызды проблеманы шешу бойынша қазір жер телімдері бөлініп, тиісті сұрақтары назарға алынған. Жиын соңында шағын несие беруді көбейту мәселесі жөнінде де кеңінен айтылды. Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес өкілдері бас қосқан болатын. Онда еліміздің жетекші саяси партия, Бес бастаманы жүзеге асыруға жауапты министрлік, мемлекеттік органдар өкілдері айтулы бастаманың аймақта орындалу барысын талқылады. Қоғамдық кеңес мүшелері, Мәжіліс депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков бастаған делегация Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген болатын. Сапар барысында делегация мүшелері аймақтағы әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асу жағдайымен танысты. Кеңес мүшелері алдымен қала іргесіндегі Байзақ ауданындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінде болды. Аталмыш кәсіпкерлік Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының төртінші бағыты «Шағын несие беруді көбейту» бойынша өз ісін кеңейтуге төмен пайызбен 18 млн теңге алды. Алған қаржыға қосымша құрылғылар сатып алып, өнеркәсіптің қуаттылығын ұлғайтқан. Қазір күнделікті 14 тонна сүт өңдейді және сүт өнімдерін шығарады. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындарын ашуға мүкіндік алып, бүгінде ауданның 25 азаматын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар бұл кәсіпорын кооперация құрып, жүзден астам ауыл шаруаларының басын қосып, олардың өнімдерін өткізіп, табыс табуына септігін тигізуде.