Айтыс – дала демократиясы

Айтыс – дала демократиясы

Айтыс – дала демократиясы
ашық дереккөзі

Қыркүйектің 20-21-інде Алматы қаласындағы Республика сарайында қала күніне орай және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Азаттықтың төл бесігі» атты республикалық ақындар айтысы болып өтті.

Қазақстанның ірі мәдени орталығы Алматы қаласында Республикалық ақындар айтысы өтпегелі біраз уақыт болған екен. Алматы айтысты, айтыс Алматыны сағынып қалғандай. Халықты бір көтеріліп, бір түсіп тұрған доллар бағамы да, бір-ақ сәтте құнсызданып шыға келген теңге құны да, күн сайын өсіп жатқан азық-түлік бағасы да алаңдатқан жоқ, 3 мың адам еркін сиятын Республика сарайында екі күн бойы ине шаншар жер болмады. Яғни, қандай жағдай болмасын, руханияттың жоғары сұранысқа ие екендігі осыдан-ақ көрініп тұрғандай.

Бір қуантары, айтысқа қатысушылардың дені жаңарыпты. Ал жастардың таңдайынан жыр, көмейінен өлең төгіледі. Алғашқы күнгі жиырма ақыннан дараланып, екінші күнге он ақын шықты.

Екі күнгі айтыста дараланып көзге түскен астаналық Еркебұлан Қайназаров пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаевтың айтысындай айтысты ешкім жасамады десек, өтірік айтқандық емес. Екінші күні бас жүлдені сарапқа саларда, қазылар алқасы кіл жүйріктен дараланып шыққан осы екі ақынның қайсысын ерекшелерін білмей қайта сайыстыруға мәжбүр болды. Бұған дейін талай жүлдемен қанжығасын майлап үлгерген Еркебұлан Қайназаровтан Аспанбек Шұғатаев жолын қиылып тұрып сұрап алды. Еркебұлан да сабаз екен,  інісінің көңілін жықпай, мырзалық танытты. Сөйтіп, бас жүлдені павлодарлық жүйрік Аспанбек Шұғатаев иеленсе, І жүлдені астаналық Еркебұлан Қайназаров қанжығалады. Қызылордалық жас пері Мейірбек Сұлтанхан да талайлардың көңілінде жүрген көп түйткілді тарқатып, көрермен көңілін баурай білді. Сөйтіп, ол ІІ орынды иеленсе, оралдық ару Жансая Мусина, ақтөбелік Мақсат Ақанов және торғайлық Айбек Қалиевтер үшінші орынды қанағат тұтты. Бүгінгідей дағдарыс заманында «Нұр Отан» мен Алматы қаласының әкімшілігі мырзалық танытып, жүлдеге ілінбеген 16 ақынға да 100 мың теңгеден сыйлық үлестірді.

Айтыста әлеуметтік тақырыптардың қозғалуы

«Көкейдегі мұңың мен шеріңді ақтарсаң жеңілдейсің» дейді қазақ. Сол себепті де, дала демократиясының хан мен биге, елдің бектерінің жүргізіп отырған саясатына наразылықты танытудың өзіндік жолы, өзіндік амалы болды. Ол бастауын сонау жыраулық дәстүрден алатын – суырып салмалық өнер, айтыс өнері. Соңғы экономикалық дағдарыстан бері ішкі қыжылдарын кімге шығарарларын білмей жүрген қазақты бүгінгі айтыс біраз жеңілдеткендей. Қоғамда қордаланған әлеуметтік түйткілдердің біразы көрініс тапты. Жұрттың айызын қандырған ақындар кейбір қазақ баспасөзінің батылы барып айта бермейтін түйткілдерді де қозғады. Ал сол түйткілді Алматы қаласының су жаңа әкімі Бауыржан Байбек біраз нөкерлерімен келіп өзі тыңдап, өзі қол соқты. Яғни, баспасөзде айтылып, жауырға айналған, алайда жоғарыға жетпеген түйіткілдерді әкім өз құлағымен тыңдады.

Айтыста бүгінгі құнсызданған теңге, шарықтаған доллар бағамы, азық-түлік бағасының аспандауы, жемқорлықтың асқынуы, әкім қаралардың Елбасын жалған ақпаратпен алдауы, ауылдағы ағайынның мұңы секілді толғағы тоқсан тіршіліктің барлық түйткілдері сөз болды. Айтыстың екінші күні Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп, төрт сағат бойы тапжылмай айтысты тамашалап, бас жүлдені өз қолымен тапсырды. Бас жүлдені павлодарлық Аспанбек Шұғатаевқа өз қолымен табыстаған әкім айтылған сын-ұсыныстардың барлығына көңіл бөліп, назар аударатындығын, ауыр болса да, сынға мойын бұратындығын айта келе, қолынан айтылған ұсыныстарды қаперінде ұстайтынын айтты.