Атырауда өндірілетін полимер

Атырауда өндірілетін полимер

Атырауда өндірілетін полимер
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларында өңірлердің дамуына ерекше көңіл бөліп, тиісті тапсырмаларды жүктеп келе жатқаны белгілі. Осының нәтижесінде Үкімет 2014 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» Қаулысын қабылдады. Статистика комитетінің және Дүниежүзілік банктің деректері бойынша Қазақстанда урбандалу коэффициенті шамамен 54-55 пайызды құрайды. Алайда дамыған елдер, атап айтқанда Аустралия, Канада және АҚШ сияқты елдерде бұл көрсеткіш 70-80 пайыз. Қалалардың жылдан-жылға өсуі, инвестиция көбейіп, өнеркәсіп орындарының ашылуы даму деңгейін арттырады. Бұл өзгерістер, әсіресе, Солтүстік Америкада, Батыс Еуропада және Солтүстік Шығыс Азияда да жиі байқалады. Қазіргі уақытта Қазақстанның аумақтық тұрғыдан өсіп жатқандығын атап өткен жөн. Бұл ең алдымен, ірі қалалар – агломерациялардың үдемелі өсуімен айқындалады. Елімізде қалалық агломерацияларды қалыптастырудың негізгі үрдістері табиғи орналасуы мен жоспарлы экономикадан қалған қоныстандыру ерекшеліктеріне байланысты әркелкі. Мәселен, көліктік байланысты қамтамасыз ететін аумақтар жүк ағындарын көбейту, инновацияларды тарту, инфрақұрылымдарды дамыту арқасында қосымша серпін алады. Сондықтан олар «өсу полюстерімен» бірге тұтастай өңірдің немесе елдің экономикалық дамуының кеңістіктегі қаңқасын анықтайтын даму дәлізіне айналады. Атырау облысындағы арнайы құрылған мұнай-химия аймағында полимерлер өндіру бойынша ірі жобалар іске асырылуда. Өндірілетін көмірсутек шикізатын терең қайта өңдеу, яғни қосылған құны жоғары мұнай-газ-химия өнімін өндіру Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту бағыттарына басымдық беріп келеді. Халықаралық талдау компанияларының деректері бойынша (McKinsey, IHS) әлемдегі халық санының өсуі және жан басына шаққандағы табыстың артуы 2030 жылға қарай мұнай-газ-химия өнімін тұтынудың (қазіргі 1 трлн АҚШ долларынан) 1,8 трлн АҚШ долларына дейін екі есеге өсуіне әкеп соғады. Бұл ретте полипропилен және полиэтилен сияқты ең қажетті полимерлерді әлемдік өндіру 2030 жылға дейінгі барлық тиісті жобаларды іске асырған жағдайда да сұраныстан төмен болады. Осылайша, Platts және IHS халықаралық маркетингтік компаниялар деректері бойынша 2030 жылға қарай полипропиленге деген ұсыныс 90 млн тонна болған кезде сұраныс 98 млн тоннадан асады. Сондай-ақ, полиэтиленге деген ұсыныс шамамен 120 млн тонна болған кезде сұраныс 160 млн тоннаға дейін артпақ. Қазақстандағы мұнай-химия өндірісін дамыту мүмкіндіктерінің оң бағасы көптеген зерттеулердің, соның ішінде Exxon Mobil, Shell сияқты халықаралық мұнай-газ өндіретін компаниялардың және Nexant консалтингтік компаниясының нәтижелерімен расталған. Әлемдік үрдістерді, атап айтқанда көмірсутекке баламалы энергия көздерін белсенді іздеуді ескерсек, мұнай-газ саласының даму қарқынын сақтау үшін басқа да мұнай өндіретін елдер сияқты Қазақстанның Үкіметі де мұнай-газ-химияға ерекше назар аударуда. Заманауи мұнай-газ-химия өндірістерін ұйымдастыру үшін Атырау облысында арнайы мұнай-химия аймағы құрылды. Мұнда салық және кеден артықшылықтары қолданылады. Шетелдік жұмыс күшін тарту рәсімі жеңілдетілген. Жобалау және құрылыс кезінде халықаралық стандарттарды тікелей қолдану мәселесі шешіліп келеді. Жобаларды дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету күрделі шығындарды 20 пайызға дейін және операциялық шығындарды 15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік беретіндігін ескере отырып, мемлекет АЭА инфрақұрылымын салуды қаржыландыруда. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық бойынша екі маңызды құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ («Біріккен химия компаниясы» ЖШС), Borealis аустриялық компаниясы Атырау облысындағы полиэтилен өндіру жобасы бойынша ынтымақтастықтың негізгі талаптары туралы келісімге (TermSheet) қол қойды. Қол қойылған келісім мемлекеттік қолдаудың шаралар пакетін бекітіп, жобалау сатысына көшуді негіздейді. Айта кеткен жөн, Borealis әлемдегі үздік-4 полиэтилен ірі өндіруші компаниялардың құрамына кіреді. Ең жоғары технологиялы және жоғары маржиналдық компания. Borealis компаниясының акционерлері: Mubadala (БАӘ) – 64% және OMV (Аустрия) – 36%. Жобаға айрықша көңіл бөліп отырғаны – аустриялық «Borealis» компаниясы. Аустрия Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің қатарына кіреді. Өз кезегінде, Қазақстан ТМД елдері арасында Австрия үшін екінші сауда әріптесі санатында екен. «Kazakh Invest» басшысы Сапарбек Тұяқбаев Қазақстан Республикасындағы Аустрия елшілігінің сауда кеңесшісі Рудольф Таллермен кездесіп, инвестициялық ынтымақтастықты кеңінен талқылады. «Kazakh Invest» кездесуде Қазақстандағы инвестициялық климат туралы және Аустрия үшін инвестициялық мүмкіндіктер туралы егжей-тегжейлі ақпарат алынды. «Біз АӨК, ІТ, қаржы және т.б. – мұнай емес секторлардағы ынтымақтастықты талқыладық. Қазақстанда қазір аустриялық «Borealis» компаниясының қатысуымен бір үлкен инвестициялық жоба қолға алынды. Жоба таяу уақытта іске асырыла бастайды деген ниеттеміз», – деп атап өтті кездесу қорытындысы бойынша Рудольф Таллер. Жобаның жалпы құны – 6,5 млрд АҚШ доллары. Құрылыс кезеңінде 3 мың жұмыс орны, пайдалану кезеңінде – 500-ден астам жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Жобаны іске асыру жылына 1,2 млн тонна полиэтилен өндіруге мүмкіндік бермек. Көктемде жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Атырау қаласындағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағына барып, онда полиэтилен өндіретін зауытпен және газ турбиналы электр стансасының құрылыс жұмыстарымен танысқан еді. Үкімет басшысы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытын тексеру барысында зауыттың жылына шамамен 15 мың тонна полипропилен жабынын шығаруға мүмкіндік беретін технологиясына куә болды. «Полимер Продакшн» ЖШС басқарма төрағасы Азамат Жүсіповтің айтуынша, бүгінгі таңда зауыт полиэтилен жабынын, биаксиалды бағытталған полипропилен жабынын, әртүрлі қаптама түрлерін, сондай-ақ, сыйымдылығы 25 және 50 келі болатын полипропиленді қаптар шығарады. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын зауыт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға экспортталады. Бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мультипликативті әсер беріп, импортты алмастыруға ықпал етеді. ҚР Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысындағы полиэтилен және полипропилен зауыттарының құрылысы жайында: «Зауыт жылына 1 миллион 250 мың тонна полиэтилен шығаратын болады. Жобаның нақтылы сомасы техникалық экономикалық негіздеме мен сметалық құжат дайын болған соң айқындалады. Кепілді газ шикізаты «Теңізшевройлдан» алынады. Биыл құрылыс жұмыстары басталып, 2021-2022 жылы аяқталады», – деді. Жалпы, әлем бойынша полипропилен мен полиэтилен қанша өндірілсе де, сұранысты толығымен өтеу қиын. Қазірдің өзінде әлемдік өндіріс сұраныстың тек 60 пайызын ғана өтеп отыр. «Демек, аталған шикізатқа деген сұраныс төмендемейді. Осы аталған базалық химия өндірістерін іске қосқаннан кейін олардың айналасында, тұрмысымызда, өнеркәсіпте де күнделікті тұтыну өнімдерін шығаратын шағын және орта кәсіпорындар қалыптасатын болады. Олар пластикалық ыдыстар, ойыншықтар, маталар және күнделікті қолданылатын техника, пластикалық терезе, құбырлар және сол сияқты көптеген өнімдер шығарады», – деді вице-министр Мағзұм Мырзағалиев.