«Нұр-Мүбарак» университетінің атауы өзгерді 

«Нұр-Мүбарак» университетінің атауы өзгерді 

«Нұр-Мүбарак» университетінің атауы өзгерді 
ашық дереккөзі
Оқу орнының атауы - «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университеті болып өзгертілді.  Мұндай шешім 2018 жылғы 8 қыркүйекте  Каир қаласында өткен Нұр-Мүбарак университеті Қамқоршылар Кеңесінің 7-ші отырысында қабылданды. ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Египет Араб Республикасына жұмыс сапары барысында Египет Ислам мәдениетінің «Нұр-Мүбарак» университетінің Қамқоршылар кеңесінің отырысына қатысып, сондай-ақ осы елдің мемлекеттік органдарының және дін көшбасшылары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Қазақстандық делегация құрамында Бас муфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз,       дін мәселелері  жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы бар. Қамқоршылар кеңесінің отырысында сөз сөйлеген Дархан Кәлетаев «Нұр-Мүбарак» университетінің дін саласындағы кадрларды дайындауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, университет қызметін жетілдіру бойынша одан әрі жасалатын қадамдар маңызды болып табылады. Білім ордасын Орта Азияның діни білім беру мекемелері арасында жетекші орынға көтеру және болашақта Таяу Шығыстағы алдыңғы қатарлы және беделді діни университеттер деңгейіне дейін жеткізу жоспарларынып отыр. Кеңес барысында Қамқоршылар кеңесінің шешімімен университеттің жаңа ректоры қызметіне мысырлық доктор, профессор Мұхаммед Шаххат Әл-Гинди тағайындалды. Университет проректоры ретінде Қазақстан тарапынан Қайрат Құрманбайдың кандидатурасы ұсынылып, қолдау тапты. Келіссөздер аясында «Нұр-Мүбарак» университетінің оқу ғимаратын Қазақстан Республикасына беру мәселесі қаралды.  Осыған байланысты Қазақстан Республикасы мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасында 2001 жылы жасалған «Нұр-Мүбарак» университеті туралы келісімнің ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныс жасалды. Университеттің қазіргі атауын «Қазақ-Мысыр ислам мәдениетінің «Нұр-Мүбарак» университетіне ауыстыру туралы келісімге қол жеткізілді. Университет ректорларын Қазақстан мен Египеттің өкілдерінен кезекке сәйкес ауыстыру қарастырылған. Аталған  өзгертулер мен толықтырулар Университет Жарғысына енгізілді.  Тиісті хаттамаға Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев пен Египет Араб Республикасының Вакуфтар министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма қол қойды. «Нұр-Мүбарак» университетінің Қамқоршылар кеңесінің келесі отырысын 2020 жылдың тамызында Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр. Дархан Кәлетаев  жұмыс сапары аясында Египеттің Сыртқы істер министрі Сами Шукримен, Египеттің Көне ескерткіштер жөніндегі министрі Халед Аль-Ананимен, Бас имам, шейх Әл-Азхар Ахмад Әт-Тайебпен, Александрия Патриархы Тавадрос II-мен, Жастар және спорт министрі Ашраф Собхимен екіжақты кездесулер өткізіп,  ағымдағы жылдың 10-11-ші қазанында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне Египет өкілдерінің қатысуын және ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.