Сыр диқандары қырманға шықты

Сыр диқандары қырманға шықты

Сыр диқандары қырманға шықты
ашық дереккөзі
Тамыз түгесілер тұста жылдағы дәстүрмен Қызылорда өңірінің диқандары күрішке орақ салды. Егін-терімді алғаш болып Шиелі ауданы бастап кетті. Осы жылғы ауа райының салқындығы мен жаздың тым ыстық болуы себепті диқандар биылғы егіннің жай-күйі қиынға соққанын айтады. Сонымен қатар, Сырдария өзеніндегі судың төмендеуінен күрішті сумен қамтамасыз етуде қиындықтар орын алғаны да баршаға мәлім. Демек, аудан диқандары үшін биыл Сыр маржанын күтіп-баптау оңайға соққан жоқ. «Алайда тіршілік нәрін кестеге сай, тиімді пайдаланғанның нәтижесінде өнім көлемі ойдан шықты», – дейді мамандар. Мәселен, Керделі ауылдық округіндегі шаруақожалық шамамен әр гектардан 50 центнерден өнім алуды көздеп отыр. Жалпы, биыл Шиелі ауданы 24 мың гектар жерге дән сепсе, оның тең жартысы күріш. Ал облыс бойынша Сыр маржанының үлесі 87 мың гектарға жуықтайды. Алдағы күндері ауа райы жақсы болса, облыс диқандары қыркүйектің соңына дейін орақ науқанын аяқтауды жоспарлап отыр.  Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов: «Өткен жылғы өнім 50-55 центнер көлемінде болған. Мамандардың бағалауы бойынша осы жылғы күріштің шығымы жаман емес. Сол өткен жылғы көлемнен кем болмайды» деп сенім білдірді.