Отаншылдықты ту еткен

Отаншылдықты ту еткен

Отаншылдықты ту еткен
ашық дереккөзі
Түркия Республикасының Қазақстандағы Бас Консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза Түркітілдес журналистер қорының мүшелерімен кездесті.Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатының барысында Бас консул 2016 жылы 15 шілдеде болған оқиға туралы ақпаратпен бөлісті және қазақ журналистері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. 2016 жылы 15 шілдеден 16 шілдеге қараған түні Түркияда көтерілісшілер елде төңкеріс жасауға тырысты. Түркияның Ұлттық барлау ұйымы дайындалып жатқан төңкеріс туралы 15 шілде күні сағат 16.00-де ақпарат алған. Ресми мәліметтер бойынша төңкеріс 16 шілде түнгі 3-те болуы тиіс екен. Бірақ ол ерте басталып кеткен. Түркияның әскери-әуе күштері мен жандармерия өкілдерінен тұратын төңкерісшілердің басты назары Анкара мен Станбұлда еді. Қарулы қақтығыс кезінде олар түріктердің ең ірі екі қаласындағы бірнеше нысанды атқылап, орасан зор шығын келтірген. Зардап шеккен ғимараттар арасында Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанның резиденциясы да бар. Ал Түркия Ұлттық Мәжілісінің ғимаратына төңкерісшілер әуеден соққы берді. Мармаристе демалып жатқан Ердоған билікті күштеп тартып алуға жанталасқан төңкерісшілерге қарсы тұру үшін қарапайым халықты көмекке шақырды. Негізі төңкерісшілер Мармаристегі Ердоғанды тұтқындау үшін ол жаққа 3 тікұшақ пен 25 әскер жөнелтіпті. Бірақ олар әрекетке көшпей тұрып, Ердоған Станбұлға кетіп қалған. Төңкеріс жасауға жанталасқан әскерилер Түркия үкіметі мен билігін отставкаға жібергендерін, билік тізгіні өздеріне көшкендерін айтты. Бірақ Түркия премьер-министрі Бинали Йылдырым Түркия үкіметі отставкаға кетпегенін, жұмысын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Президенттің сөзінен кейін Анкара мен Станбұлдағы ең ірі көшелерге халық ағыла бастады. Станбұлдың әйгілі Таксим алаңына әскери төңкеріске наразылығын білдіруге келген қарапайым халыққа төңкерісші әскерилер оқ атты. 16 шілде күні таңертең әскерилер біртіндеп беріле бастады. Арада 5 күн өткенде (20 шілдеде) Реджеп Тайип Ердоған ел ішінде 3 айға төтенше жағдай енгізілгенін мәлімдеді. Төтенше жағдай 2018 жылдың 19 шілдесіне дейін созылды. Түркия Қарулы күштерінің мәліметтеріне сүйенсек, әскери төңкеріс жасауға 8700 әскери қатысқан. Сонымен қатар 3 әскери кеме, 74 танк, 246 БТР, 3992 қару, 35 ұшақ, 37 тікұшақ пайдаланылған. Ажал құшқандар саны – 201, жараланғандар – екі мыңнан астам. 15 шілдеден кейін Түркияда жаппай тұтқындау басталды. Ең басты назар жоғары шенді әскерилерге аударылды. «Фетхуллах Гүленнің сыбайласы» деген күдікпен айып тағылған Әскери теңіз күштері, Әскери әуе күштері, жандармерия, теңіз жағалаулары күзеті, құрлық әскері, т.б. жоғарғы шенді 3725 әскери қызметінен қуылған. Дезертирлер арасында 9 генерал мен адмирал бар, жалпы саны – 137. Түркиядағы барлық министрліктер мен мемлекеттік мекемелерден 100 мың мемлекеттік қызметкер, 27 мың білім саласының өкілі, 3 мыңнан астам судья жұмыстан шығарылған. Төңкерісшілерге қатысы бар деген айыппен Түркия журналистері де қуғынға ұшырады. Түрік үкіметі үш ақпарат агенттігі, он алты телеарна, жиырма үш радиостанса, 45 газет, 15 журнал, 20 ақпарат сайтын жапты, 29 баспаның лицензиясы қайтарып алынды. Сондай-ақ, 400-ден астам журналист қызметінен шеттетілді. Түркияның Сауда және кеден министрі Бүлент Түфенкчи төңкеріс жасауға тырысқандардың кесірінен Түркия экономикасына 300 млрд түрік лирасы (100 миллиард доллар) көлемінде зиян келгенін мәлімдеді. Түркияның ішіне іріткі салып, елді алатайдай бүлдіруге тырысқан төңкерісшілерге халық қаймықпай қарсы шықты. Қару-жараққа кеуделерін тосқан, Отан үшін жанын пида еткен қаһармандарға арнап Анкара мен Станбұлдан ескерткіш қойылды. Ал жыл сайын 15 шілде Түркияда бейбітшілік пен демократияның мерекесі ретінде тойланады.