Күнбағысқа көңіл бөлер кез жетті

Күнбағысқа көңіл бөлер кез жетті

Күнбағысқа көңіл бөлер кез жетті
ашық дереккөзі
Халықаралық астық кеңесінің мәліметінше, жыл басынан бері Қазақстан экспортқа 9,5 млн тонна астық шығарды. Оның 8,3 млн тоннасы бидай. Отандық өнімді Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Иран мемлекеттері сатып алуда. Былтыр елімізде 19,3 млн тонна астық жиналды, оның 14,8 млн тоннасы бидай болатын. Биыл қамбаға 17,8 млн тонна астық құю жоспарланған. Алдын ала жасалған болжамға сәйкес, өнімнің 13,7 млн тоннасы бидай. Демек, биыл өткен жылғыдан 1,5 млн тонна аз астық жиналады. Бұған 2017-2021 жылдарға арналған агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ықпал етіп отыр. Аталмыш бағдарламада егіс алқаптарын әртараптандырып, бидай егетін алқапты 2,3 млн гектарға қысқарту көзделген. Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің мәлімдеуінше, Қазақстанда бидай  шектен тыс себіледі және ысырап болады. Астық көбейген сайын оның экспорттағы бағасы арзандай­ды. Ал артық астықты шірітпей сақтау, өте қиын жұмыс. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің сөзінше, бидайды ысырап қылмау үшін Қазақстан майлы дақыл өсіруге басымдық беріп отыр. «Майлы дақылдарға сұраныс көп және одан мол табыс түседі. Көрші Қытай мемлекеті бізден жыл сайын 100 мың тонна майлы дақыл сатып алуға дайын екенін біліп отырмыз. Ұсыныс сұранысқа сай болуға тиіс. Осы бағытта ауқымды шаралар атқарылып жатыр», – деді вице-министр үкімет отырыстарының бірінде сөйлеген сөзінде. Арман Евниевтің айтуынша, қазір ел аумағында 1,4 млн тонна сұйық май өндіріледі. 2021 жылға қарай бұл көрсеткіш 2 млн, 2025 жылы 3,5 млн тоннаға жеткізіледі. Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда 49 май зауыты бар. Болашақта тағы 13 май зауыты салынады. Былтыр отандық кәсіпкерлер ішкі нарықтағы сұраныстың 73,4 пайызын қанағаттандырып, сұйық май импортын 6 пайызға азайтты. Ал  экспортқа 39,6 мың тонна күнбағыс майын шығарды. Өткен жылы майлы дақылдардың егіс алаңы 444 мың гектарға кеңейтілген еді. Есесіне, соңғы 2 жылда бидай алқабы 467 мың гектарға қысқарды. Үкімет бұл қадамға саналы түрде барып отыр. Ең бастысы, ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру көрсеткіші күрт кеміді. Finprom.kz ақпараттық-сараптамалық порталының мәліметінше, екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығы саласының несие портфелін бір жылда біршама пайызға қысқартқан. Бүгінгі таңда солтүстіктегі көр­ші­міз өзін дүниежүзіне астық державасы ретінде танытып отыр. Ол бидай өндірісі мен астық экспорты мәселесінде Қазақстанды бәсекелес деп біледі және қазақтарды әлемдік нарыққа шығармау үшін қолынан келгеннің барлығын жасайды. Осыған дейін Қазақстан мен Ресей бір нарықта жұмыс істеп келген. Бірақ үнемі астық экспортында Ресейдің мерейі үстем бола берді. Себебі олар теңіз порттарын тиімді пайдалануда. Майлы дақылдарға басымдық беру арқылы Қазақстан Ресейдің астық нарығында өзіне көрсетіп отырған қысымынан құтылады, бидайды  ысыраптан сақтайды және Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі мәлімдегендей, Қытай нарығынан көл-көсір табыс табады.