«Енеммен елу бір жыл бірге тұрдым»

«Енеммен елу бір жыл бірге тұрдым»

«Енеммен елу бір жыл бірге тұрдым»
ашық дереккөзі
Халқымыздың  аса бай тарихында жұртқа белгілі, мемлекет пен қоғамға еңбегі сіңген қайраткер азаматтардың жұбайларымен сұхбат жүргізу халықаралық «Түркістан» газетінде біраз жылдардан бері қалыптасқан озық дәстүр.  Өткенді еске алу, халқының тағдырына қабырғасы қайысқан тұлғаның бейнесін қайта тірілту сауапты іс. Біз ол кісіні, ардақты анамызды іздеп әдейі Астанаға жол тарттық. Алыстан көз тартып, көңіл сүйсіндірген зәулім ғимараттарымен әсемдене түскен Астана қаласы әдеттегіндей қарбалас. Ығы-жығы халық.  Күні кеше ғана аталып өткен жігіт жасы – жиырма жылдықтың әдемі әсері адамдардың жүзінен сейіле қоймаған, тіпті, біздің де көз алдымыздан көлбеңдеп өткендей. Қала да, қала тұрғындары да сол бір мерейлі шараның әсерінен арыла қоймапты. Іздеген  мекен-жайымызды тез тапқанымызбен, қоңыр есіктің алдында біраз аялдап қалдық. Бойымызды билеген әлде сенімсіздік, әлде жүрексіну ме, алып-ұшып жеткен көңілімізді басып, сәл-пәл ес жиғандай болдық. Енді ше?!  Бүгінгі  бас сұққалы тұрған қасиетті шаңырақ – Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек ері, абыз-аңыз Әбіш Кекілбайдың шаңырағы еді ...   Күлімсірей қарсы алған Клара апайымыз әдейі Алматыдан іздеп келгенімізді естігенде, тіпті, жүзінен әдемі бір жылылық танытып, төрге шақырды. Бес жүзден астам кітап қоры бар жазушының жұмыс кабинетіндегі әңгіме бала Әбіш пен дана Әбішке дейінгі қимас сәттерден осылай басталып кетті. – Ағаларың қойнауы тарихи кенге толы қасиетті Маңғыстау топырағында өмірге келген, оны өздеріңіз де, оқырмандары да жақсы біледі. Осы облыстың аттас ауданына қарасты Оңды ауылында шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамған. Мен де осы аймақтың тумасымын. Бала кезінен деп айтпай-ақ қояйын, Әбішті оқушы кезінен, мектеп қабырғасынан жақсы білемін. Біз бір мектепте оқыдық. Қалам ұстағандардың бәрі дерлік алдымен өлең жазып бастайтын болуы керек, оқушы Әбіш те өлең жазатын. Мектептегі көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесіміз. Әжептәуір даусым бар, мен ән айтамын. Сол жылдары біздің өлкеге жер асты қойнауын зерттейтін өзге ұлттың ғалымдары – геологтар мен археологтар көптеп келетін, солардың бір отбасы біздің үйде тұрды да, олардан ептеп орысша әндер үйреніп алғаным бар. Пысық болсам керек, зерек болсам керек. Оның үстіне, анам марқұм шебер тігінші болған. Бүгінгідей дүкен сөрелері жайнап тұрған заман емес, дүкен де, мата да тапшы. Сонда да болса қолына түскен әртүрлі матадан көйлектер тігіп, қуыршақтай киіндіріп қояды. «Адам көркі – шүберек» дегендей, жарасымды-ақ. Оқу жылының соңына қарай, көктем айларының бірінде үнемі оқушылар слеті өтеді. Өлең оқып, ән салатын, сабағы да үздік оқушылар ғана қатысады оған. Анамның әсемдеп тігіп берген жаңа көйлегімен сахнаға шығамын, оның үстіне білектей қос бұрымым тілерсегімді соғып, көргендердің көзін сүріндіреді. Менен бір сынып жоғары оқитын Әбіш сол жылғы слетте көріпті. Көктемнің суығы бар дене тоңазытатын салқындау кез. Үстімде үлбіреген жібек көйлек. Бір топ оқушы, жоғары сыныптың оқушыларымыз деп өздерін ересек сезінетін бозбалалардың арасында Әбіш сахнада ән салып тұрған мені көріп: «Мына қыз тоңатын болды ғой»,– деп аяп кетіпті. Ағаларыңның маған деген жылы сезімі осындай мейірімнен туса керек. Ол комсомол ұйымының жетекшісі, мен бюро мүшесімін, осылай жиі кездесетін болдық. Мектеп бітірген соң Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсті. Келесі жылы мен Ақтөбе қаласындағы медицина институтының студенті атандым. Жазғы демалыс кездері кездесіп тұрдық. Бүгінгідей ұялы телефон деген жоқ, байланысу үшін ауданның не қаланың орталық поштасына баруға мәжбүрсің. Жазылған хаттарды да солай аласыз. – Ағамыз бір сұхбатында: « Қалың ормандай қыздары көп Алматыдан қазақша білетін, қазақи тәлім-тәрбие алған жар таптым. Жастай жесір қалған анамды бағып-қағатын бәйбіше тәрбиеледім», – депті! – Иә, үйде де, түзде де қазақша тәрбиеленгеніміз рас. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарайтын халықтың қызымыз ғой, «қырық үйден тыйым», қала берсе бүткіл ауыл-аймақ қырағылықпен қадағалап, дұрыс жолға салып отыратын әдептен аспай бойжеттік. Бойжеткенде де бұрымды бойжеткен болдық. Әбіштің де жүрегін жаралап, қызыққаны да осы – өзгеде жоқ бұрымым болған тәрізді. Ол өте сезімтал еді. Қырағы болатын. Байқампаз еді. Мейірімді, бауырмалдығы тіпті өзгеше. Өте сауатты, кітапқұмар болып өскен бала. Қазақтың қайталанбас жазушысы, академик Зейнолла аға Қабдоловтың «Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын, ойпырай, бұл не деген білім?» дегені бар еді. Ол шын мәнінде, анасынан білімқұмар, сауатты болып туғандай. Бала жастан бойындағы талант, дарын, қабілетті өз орнымен жүзеге асыра білгені де сондықтан. Бала демекші, ол бала болып ешқашан асық ойнап, доп қумаған деседі. Енемнің айтуы бойынша, мектепке дейін-ақ әріп танып, жазу-сызуды білген, тіпті, іргеде теріс қарап жатып алып, таңнан кешке дейін кітап оқудан жалықпайды екен. Өзі ғана оқып-біліп қоймай, ауыл балаларын жинап алып, сол кітаптың мазмұны мен қызықты оқиғаларын айтып береді екен. Бір ғажабы, жігіт болып төбелесіп те көрмеген секілді. Сөзімнің басында айттым ғой, Маңғыстау қойнауы кенге толған, қазына байлықты өлке деп. Біздің бала кезімізде сырттан келген ғалымдар көп болатын. Сондай бір экспедиция келіп, ауылдан сөйлесетін, жөн сұрайтын кісі іздейді. Кішкентай ғана ауыл, ауыл балаларының бәрі улап-шулап доп қуып, асық ойнап, асыр салып жүр. Содан әлгілер ымдасып, қолдарын ербеңдетіп, бірдеңелерді түсіндірген болады, бірақ тіл қатып жатқан ешкім жоқ. Ауыл жағалап келе жатып Әбіштің үйінің есігінен сығаласа, іргеде теріс қарап бір бала кітап оқып жатады. Ауыл балалары шулап далада жүргенде, «мына бала тегін болмады» деп ойлаған болуы керек, жәймен үйге еніп, жөн сұрайды. Бала сайрап тұр. Содан кейінгі жылдары жер қыртысын зерттеп жүргендер жыл сайын жазғы демалысында бала Әбішті қастарына ертіп жүретін болған. Әжеп­­­­тә­уір тілмәш болған деседі. 1962 жылы университетте оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке алынды. Ал келесі жылы елден анасы мен қарындасын көшіріп әкетті. Бір жылдай қалада пәтер жалдап тұрды да, сол кездегі Фурманов пен Киров көшесінің қиылысынан екі бөлмелі пәтер алады. Біздің кезімізде қандай жоғары оқу орнын бітірсең де, диплом алған соң қай облыс, ауданда болса да жіберілген жолдамамен екі жыл жұмыс істеп келуің талап етілетін-ді. Соны ойлап, институт бітірген соң, Алматыға келу үшін Әбіш екеуміз некеге тұрып қойғанбыз. Бірақ мен Алматы облысының Балқаш ауданына жіберілетін болдым. Енді не істеу керек, әрине, үйленуіміз керек қой. Өзі жас, қолында анасы мен қарындасы бар, қалтасында артық көк тиыны жоқ, бірақ үйлену керек. Ойлана келе, өзінің ұстазы Зейнолла Қабдоловқа барып: «Аға, маған Ақтөбеге бір билет, қайтарға екі билет керек», – депті. Ол кезде Зейнолла аға қырыққа енді ғана келсе де, ғылыми атақтары әжептәуір ұстаз екен. «Оо, түсіндім, түсіндім», – депті де, жүгіріп жүріп билет тауып беріпті. Қазір ойлап отырсам, сол кездегі жастар өте ұйымшыл екен. Бауырмал. Еліміздің қай түкпірінен болса да руға, жүзге бөлінбей, бір атаның балаларындай тату-тәтті өмір сүріпті. Өзінің қарындасы мен Асқар Сүлейменовтің қарындасы бар, бір топ жігіттер бізді қарсы алды. Есік алдында бізді Асқардың анасы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жеңгесі, Әбіштің анасы бастаған үлкендер күтіп алды. Шашу шашылды. Аяғымда шұлық та жоқ, жалаң киген аяқкиімімді тастап, табалдырықтан аттай беріп едім, енемнің: «Тоқта! Үлкен кісілер кірсін, сен қайда барасың» деген зілді дауысы селт еткізді. Зәрем зәр түбіне кеткендей болдым, қорқып кеттім. Бұла бойжеткен еркелікпен қоштасар сәттің жеткенін іштей сезініп тұрмын. Осылай бас қосып, отау тіктік. Клара апай өткен ғұмыры, қимас күндері есіне түскені сонша, жүзінен күлкі кетпесе де, аялы жанарына мөлтілдеп келіп қалған жасты сүртпеді. – Сонымен, келін болып түстіңіз... – Енем марқұм, Әбіштің анасы өте әңгімешіл, шешен, ақылды кісі болатын. Әбіш жұмысына кірісті. Мен Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы №1 емханаға терапевт-дәрігер болып орналастым. Содан табаны күректей отыз үш жыл бір жерде қызмет етіп, зейнеткерлікке шықтым. Сөйтіп, өшкен де, өскен де жоқпын. – Қазақ әдебиетінде Әбіштің анасы, Асқардың, Қайраттың анасы деген әдемі бір тіркес қалыптасқан. Тегіннен-тегін қалыптаспағаны белгілі. – Әбіштің бағы да, бары да – анасы болғаны рас. Өзің айтпақшы, сол бір топтың байлық-қазынасына айналған, шығармаларының бастауында тұрған да сол – асыл аналары болды десек, қателеспейміз. Төленнің, Әнестің аналары да аттары аңызға айналған аналар. Асқардың анасы Айторы біздің енелерімізге қарағанда әлдеқайда жастау болды. Олар жиі бас қосатын. Әңгімелері бітпейтін. Жарасымды сыйластық, қарым-қатынастары кім-кімді де таңдай қақтырады. Енемнің абысыны да осы бір топтың белді мүшесі болды. Үнемі бірге жүретін-ді. Енем өте шешен. Көрікті. Өзі де, түскен жері де бай, бар жер болған. Әбіштің атасы баласына қалыңдық іздеп, ел аралап келе жатып, бір ауылдың үстінен шығады. Шаршап-шалдығып, оның үстіне шөлдеп келе жатады ғой. Екі шелек суды иінағашпен көтеріп келе жатқан қызға анадайдан көзі түседі де, сол үйді бетке алады. Су көтерген қыздың жүрісі, қимылы, су ұсынғандағы ибалылығы ұнап, келесі жолы баласын ерте келіп, құда түседі. Олар да текті жерден шыққан, жылқылы әулет болып шығады. «Қыздың қалыңмалына ұлыңыз баптайтын бәйге аттарының біреуін берсеңіз жарар» дегенді естіп, босаға жақта отырған атамыз орнынан ұшып тұрып, қаша жөнеледі. Өйткені атамыз жүйрік ат баптап, құс атып, серілік құрған екен. «Қызын бермесе бермесін, сәйгүлік жоқ беретін» деп тұра қашқан атамызды ізінен қуғыншы ағалары қуып жүріп, ауылға қайтарыпты. Енемді осылай әкеледі. Байдың бетке ұстап отырған көрікті, тәкаппар қызы осылай келін болып түседі. Кейін соғыс басталады да, атамыз майданға аттанады. Хабарсыз кеткен көп құрбандардың қатарына енген, бертінге дейін белгісіз болып келіпті. Өйткені қара қағаз Таушықтағы емес, Оңдыдағы ауылдық кеңеске жіберілген екен. Жер арасы алшақ болғандықтан, ешкім әдейі іздеп бармаған болса керек. Осылай жас келіншек жесірліктің азабын тартып қала береді. Әбіш анасын ерекше жақсы көрді. Екі әпкесі Әбіш оқушы кезінде тұрмысқа шығып кетеді де, қарындасы осы Алматыға көшіп келген соң тұрмыс құрды. «Жалғызым, ақ патшам» деп, енем де Әбішті қатты еркелетіп отыратын. Бір-біріне деген құрметі бөлек еді. Баласы жұмыстан келмей ас ішпейтін. Бізге де ішкізбеуші еді: «Қазір келіп қалар, күте тұрайық» деп отыратын. Қызметте жүрген кісінің тірлігі белгілі ғой, кейде ерте, кейде тіпті кеш келеді. Ал балаларға ертерек жатып, ерте тұру керек. Сонда да сол кісінің қабағына қарап, айтқанын бұлжытпай орындайтынбыз. «Жалғызым, жалғызым» деп отыратын, жарықтық! Енеммен елу бір жыл бірге тұрып, шәй дескен, бетіне келген кезіміз жоқ. Ақылды, көргенді кісі ғой, баласының қадір-қасиетін біліп, сыйлап, қас-қабағына қарап, айтқанын екі етпей отырған мені де іштей жақсы көрген сияқты. Іштей дегенім, енем сабырлылығы болар, ешқашан жақсы көріп отырғанын білдірген, не болмаса тірлігіңе ризашылығын айтып, айналайын деген емес. Ол қылығын елеп, өкпелеген де емеспін. Жүзге келіп қайтыс болды ғой, қайтарының алдында ғана қасына шақырып алып: «Айналайын, ризамын, ризамын»,– деп, қолымның сыртынан сипалады. Мен де иіліп, құшақтап, таусылмайтын өз тірлігіме кете бердім. Есікке таяғанымда: «Әй, менің Әбішімді ренжітпе, дұрыстап қара» деді даусы саңқ етіп. Алғаш келін болып түскендегі «Тоқта, қайда барасың?» дегені есіме түсіп, күлдім де, ас үйге беттедім. Біздің үйге көп кісілер, әсіресе, жазушылар мен ақындар көбіне енеме сәлем беру үшін келетін. Оларды көріп ол кісі де шын қуанатын. Елпілдеп, ас мәзіріне қайта-қайта қарап, дастарқанын көл-көсір жайып тастайтын. «Жалғызымның жолдастары, ағалары» деп, барын алдарына тосып, ұзақ әңгіме-дүкен құратын-ды. Әсіресе, елден келгендерді асыға күтіп жүруші еді. Жас күнін, жастығын сағынатын болар, күн демей, түн демей келіп-кетіп жататындармен таңды таңға ұрып, сырласушы еді. Өзім де қабақ шытпай, қонақтарды да күтіп, қызметке де барып, жұмыстан да қалмай, бәріне үлгеретінмін. – Клара апай, біздің халық жасарды ма, әлде... Сол кездегі елу-алпыстағылар тым ересек көрінуші еді. Сізге қарап, сексенге келіп қалды дегенге сенгің келмейді... – Әр заманның адамына қарай өмір сүру салты да өзгеше болды-ау деймін. Біздің аналарымыздың көрген бейнеті, қиыншылығы қызығынан басым болғандықтан болар, шын мәнінде ол заманның кісілері өте ересек, үлкен көрінетіні рас. Мен келін болып түскенде енем елуге де келе қоймаған жап-жас келіншек десем, ол кезде әбестеу болар еді, ал қазіргі көзқараспен қырықтағы қылшылдаған келіншек болатын. Бірақ... айбатты, бойына біткен салқынқандылықтан ба екен, әйтеуір жасынан ересектеу көрінетін. Киім үлгілері де сол жасына лайықты, үстерінде етегі бүрмелі көйлек, бастарында жаулық, көбінесе аяқтарында мәсі... Көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әрине, қырықтағы емес, жетпіс-сексенге келген кейуана елестері анық. Сондықтан да біздің халықтың зиялы, оқығандары басқа ұлттың қыздарына үйленген ғой. Қазақ әйелдерінің киім үлгілері әлгіндей, өздері сауатсыз. Бұл мен айтпай-ақ, тарихтан белгілі тірлік. Бірде Әбіш Иранға сапарлап барып, анасы мен оның абысынына парша мата мен алты метрлік үлкен жаулық сыйға әкеліпті. Екеуіне бірдей қазақша көйлек тіктіріп, бастарына әлгі жаулықтарын салып, қазақтың оюлы қамзолын кигіздім де, Абай атындағы опера театрында «Қыз Жібектің» мыңыншы қойылымына ертіп бардым. Алдыңғы қатарда отырған қазақ әдебиетінің марқасқалары – Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев сынды ағалар орындарынан атып-атып тұрып, жапырлай амандасты. Екеуі де ажарлы, үстеріндегі қазақи үлгідегі киімдері де сол күнгі көрермендердің көңілінде қалды. Жалпы, қазақшылықты, қазақтың ұлттық киім үлгілерін қайта жаңғыртқан да осы біздің, Әбіштің тұстастары дер едім. – Ағамыз өте сабырлы, салмақты болғанынан біз де хабардармыз. Дегенмен әзіл-қалжыңға қалай еді? – Бір қарағанда өте салмақты, сабырлы болғанымен, жолдастарының алдында балаша мәз болып, қалжың айтқанды жаны қалап тұратын. Ұлдары сыйласқандармен жоғарыда айтқан жазушылардың аналары да, бір туғандай сыйласып, араласып тұрды. Бас қосқанда міндетті түрде аналарын қастарынан тастамайтын. Барын аузына тосып, аузынан шыққан әрбір сөзін қағып алып, айтқанын жасап өскен жалғыз емес пе, күнделікті жұмыс киімі мен қонаққа барғанда киетін киімін де өзім киіндіретінмін. Тіпті, жейдесінің түймелерін де салмай, мені күтіп тұратын. Әсіресе, қонаққа барарда: «Әбіш, үйде мақұл, қонаққа барғанда бәтеңке бауыңды байламай-ақ қояйыншы» дейтінмін. Сырбазданып, бетіме бір қарайды да: «Онда тұрған не бар екен, күндегі тірлігің ғой, жақсы ғой» дейтін. Бас қосқан жиындарда, дастарқан басында қалжыңдасып, арқа-жарқа болып отыратын кездері өте аз. Үнемі ой үстінде жүретін. Жұмыс... үй... жазу үстелі... Асқар Сүлейменов, Жұмекен Нәжімеденов, Қалихан Ысқақов, кейін Марал Ысқақбаев, Төлен Әбдіков, Қажығали Мұхамедқалиев, аға-достары Қадыр Мырзалиев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов сынды қазақтың біртуар ұлдары – біздің отбасының тұрақты, асыға күтетін қонақтары болды. Олармен еркін әңгіме, қалжың тоқтаусыз ағылатын. Жолдастарының ішінде Қайрат Жұмағалиев басқаларға қарағанда кештеу үйленді. Көбіне соған тиісуші еді. Тұңғышымыз Әулет мазасыз, жылаңқы болды. Соған арнап бір шумақ өлең жазып, оны елден келген нағашымыздың кішкентай баласына үйретіп қойыпты. Әулет деген ақымақ, Күндіз-түні бақырад. Қашан жігіт болады, Қайраттан бұрын қатын ап, – деп жұбатып отырса, Қайрат кіріп келіпті... – Қатты қуанған және ренжіген кездерін есіңізге түсіре аласыз ба? – Есі шығып қуанғаны – Әулеттің өмірге келгені. Алғаш әке атанғанына ерекше қуанып, жолдастарының басын қосып, аға-достарынан бата алғаны. Екеуміз екі ұл, екі қыз өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірдік. Ренжігені – екі балалы болғанында, отыз жасында қазақ-қытай шекарасындағы қиын кезеңде әскери қызметке алынғаны еді. Жалаңаш көлде екі жыл қызметін өтеп келді. Одан жаман болған жоқ, партия қатарына өтіп келді. Әскери қатаң тәртіп шығармашылық адамының табиғатына онша сай келе қоймаған болуы керек, сол жылдары қатты ренжіді, қиналды. Оған дейін мәдениет министрлігінде қызмет атқарған еді, әскерден кейін екі-үш ай жүріп қалды да, киностудияға бас редактор болып жұмысқа тұрды. Әбіш қызмет жасаған жылдары «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Көксерек» кинолары шықты. Бес жылдан кейін Орталық комитетке инструктор болып шақырылды. Балалар да жаман болған жоқ, бәрі де тілдері қазақша шықты, қазақ мектебін бітірді. Ер жетті, өз ауыздары өздеріне жетті, үйлі-баранды болды деп қуанып жүргенде тұңғышымыз Әулет жол апатынан қайтыс болды. Өміріндегі ең ауыр жағдай да, тіпті денсаулығын құртқан ауыр қайғы да, міне, осы болды. Өзі бір кіндіктен жалғыз болған соң, тұңғыш ұлын әрі бала, әрі бауыр санайтын. Тірегі еді, серігі еді. Қандай да отбасылық тірлік болса, сонымен ақылдасып, соның ығына жығылып, кеңесіп отыратын. Сөйткен ұлдың қазасы есеңгіретіп жіберді. Көп ұзамай жүрек сыр берді. Бірте-бірте шөге берді. Онсыз да көп ашыла бермейтін, ішіндегісін сыртқа шығара бермейтін тұйықтау мінезі одан сайын құпиялана, жұмбақтала түсті... Тумысынан сабырлы еді ғой, сол қасиеті тірліктің қандай ауыртпалығы болса да көтеретіндей көрінген. Бірақ жүрекке түскен жара түбі алып тынды, бірнеше мәрте инфаркт алды да, сол дерттен кетті ғой... Кабинетінен ұзақ күнге шықпайтын. Қаламы қолынан түспейтін. Жалғыздықтың зары мен мұңы жайлаған болмысы айналасындағы бала-немерелердің шуына да қаратпайтын, алаңсыз отырып жазуымен айналыса беруші еді. Өзім немесе анамыз үстіне кіріп қалса ғана жазып отырған дүниесін жинай қоятын. Ал басқадай жағдай таңдамады. Еңбекқорлығын сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Оның жазуға бейімділігі, шеберлігі болса керек, өз қатарластарынан бұрын кітаптары шықты, өз әріптестерінен бұрын пәтер алды, студент кезінен беделді басылымдарда қызмет атқарды... Одаққа да өз тұстастарынан бұрын мүшелікке өтті. Онысы, әрине, көпшілікке ұнай қоймаған кездері де болды. Бірақ соның бәріне өзінің байыптылығымен, көрегендігімен төтеп берді. Бірақ... ержетіп, азамат болып қалған ұлдың қазасына төтеп бере алмады, морт сынды! Клара апа да, біз де бойымызды билеген күйзеліске бір сәт ерік беріп, үнсіз қалдық. Әңгімені басқа арнаға бұруға тура келді – Енеңізден көп нәрсе үйрендіңіз, енді өзіңіз қандай енесіз? – Құдайға шүкіршілік ететінім де сол, келіндерім жаман емес. Қалай жаман болсын, Әбішімнің жалғасы, әулетімнің жалғасы – немерелерімнің анасы ғой. Мүмкіндігім жеткенше тәрбиеледім, білгенімді үйреттім. Осы босағадан отау болып төрт-бес келін шықты. Әкелері де соны қалады. Көпшіл, бауырмал болса да, өз шаңырақтарының болғанын, бөлек тіршілік еткенін қаладық. Әйтпесе, сұмдық балажан еді. Анасын да, бала-немерелерін де өте жақсы көрді. Бірақ ешқашан үйдің тірлігіне араласып көрмепті. Оған мен де мүмкіндік бермедім, үйдің-түздің тірлігіне де өзім жүгірдім. Ол тек қана шығармашылықпен алаңсыз айналысты. Тіпті, дәрігерге бару дегеннен қатты қорқатын. Дәрігерлік тексерістен өткізуге өзім сүйрегендей әрең апаратынмын. «Өмірге қайта келетін болсам, дәрігер әйел алмас едім»,– деп күлетін. – Ол кісі күнделік жазды ма? Тағы қандай арман-мақсаты бар еді? – Жазбады. «Күнделік, ол – менің басым. Бәрі осы жерде жазулы» дейтін. Арманы, әрине, болды, Әбілқайырды толық бітіре алмады. Тоқтап қалды. Шыңғысханды да армандап кетті. – Қазақта «Көзден кетсе көңілден де кетеді» деген жанды ауыртарлық сөз бар, жазушының туып-өскен өңірмен байланысыңыз қалай? – Қасиетіңнен айналайын, өскен орта, туған жер деген құдірет қой. Адам баласы қаншалықты биік дәрежеге көтерілген сайын туған топырақтың да қасиеті арта түсетіні сөзсіз. Әбіштей баланы даналыққа, танымалдыққа жеткізген де сол аймақтың құдіреті десек, елден шыққан азаматтарын ұмытпай, келешегіміз – жастарымыздың есіне салып тұратын жақсы қасиеті тағы бар. Жыл сайын Әбіш оқулары өтіп, кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Шағын ғана музей-үйі бар еді, келесі жылғы сексен жылдыққа керегесін кеңейту мақсатында жөндеу жүреді деген. Өзің көріп тұрғаныңдай, екі бөлменің қабырғасын түгел алып тұрған мол мұрасын сол салынатын музейге, орталық кітапханаға, орталық мұрағатқа өткізсем деген ойым бар. Әйтпесе, мына бесінші қабаттағы өзі тұрған үйіне кім бас сұғып, кім келіп-кетіп жатады дейсің?! – Мол мұра деп қалдыңыз, әрине, баға жетпес байлық жазушының артында қалған шығармалары. Әулеттен Әбіш ағаның жолын қуар мұрагер шыға ма?.. – Өкінішке қарай, ешқайсысы да әке жолын, ата жолын қуып, қолдарына қалам ұстамады. Заманның, қоғамның талабына қарай білім қуды. Әулеттің ұлы Абыл атасының шығармаларына жаны ашып, үнемі отырған орны мен қаламсаптарын түгендеп, жинастырып жүреді. Түбі осы бала – атасының жоқтаушысы, іздеушісі болар деп ойлаймын. Иә, жазушы жарының өте биязы, ақылды жар болғанын, ибалы келін болғанын осы отырысынан-ақ байқау қиын емес еді. Егер сүйген жары жайлы болмаса «Соғыс пен бейбітшілік» қазақша сөйлер ме еді; егер ол жайлы болмаса «Бір уыс топырақ», «Бір шөкім бұлт», «Алтын жүрек» кітаптары былай тұрсын, қазақ халқының тұтастығы мен тәуелсіздігін басты идея еткен, ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің үлкен жетістігі «Үркер» мен «Елең-алаң» романдары жазылмауы да мүмкін еді... Егер ол жайлы болмаса... үйдегі тірліктің берекесін келтіріп, азаматының кемеңгерлік ойын бөлмей, өзінің жұбайлық-аналық міндетін атқармаса, «Тіл және Тәуелсіздік», «Дәстүр мен дәуір» қайдан жазылар еді?.. Осындай оймен жазушы шаңырағынан шаттанып шықтық.  

Сұхбаттасқан Таңсұлу  АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

                                     Астана қаласы