Өшпестей сыр бойында ізі қалған

Өшпестей сыр бойында ізі қалған

Өшпестей сыр бойында ізі қалған
ашық дереккөзі
Дана халқымыз «Асыл туған адамның баға жетпес нарқы бар» деген нақылды бекер айтпаған. Өмір-өзеннің асау толқынымен алысып, қайсарлықпен өзінің бағытын айқындаған, адамгершілік соқпағынан табанын тайдырмаған, жиырма екі жыл үзбестен Терең­өзек (бүгінгі Сырдария ауданы) және Жалағаш аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған Қонысбек Төрешұлы Қазантаев ерекше кісі еді. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Қызылорда облысында күріш алқаптарын игеру ісі мықтап қолға алынды. Ирригациялық және мелиорациялық жұмыстарға қыруар қаржы бөлініп, жүздеген мың гектар жерлер инженерлік жүйеге келтірілді, шаруашылық орталықтары салынып, жаңа инфрақұрылымдар іске қосыла бастады. 1963 жылдың қаңтарында облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына Мұстахим Біләлұлы Ықсанов сайланды. Ол кісі республикадағы білікті де беделді су шаруашылығы мамандарының бірі болатын, оның облысқа келуі жан-жақты ойластырылған іс болуы керек. Өйткені облыста жүзеге асырыла бастаған маңызды шараларға басшылық жасау үшін шаруаның жайын жетік білетін мамандар, жігерлі де іскер басшылар қажет еді. Сөйтіп, 1963 жылдың күзінде Сырдария өндірістік басқармасы партия комитетінің хатшысы болып Қонысбек Қазантаев сайланды. Ол кезде бұл аудан экономикасы нашар дамыған, халықтың әл-ауқат дәрежесі төмен өңірлердің бірі болатын. Жаңа хатшының аудан активімен алғашқы өткізген кеңесінде-ақ оның кадрларға қоятын талабының биіктігі, кез келген мәселені терең талдай білетіні, ой-өрісі мен ойлау қабілетінің ауқымдылығы, кемшіліктерге төзбейтіндігі, тапсырмаларының нақтылығы көзге ұрып тұрды. Аудандағы 30-35 мың гектар егістіктің 13-14 мың гектарына күріш егілетін. Ол шілде айында шаруашылықтарды түгел аралап, әрбір күріш звеносындағы егістің шығымын, күтімін өз көзімен көріп және кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын қатаң бақылауында ұстайтын. Ауданда ол басқарған 1965-1975 жылдары шаруашылықтың басқа салалары да дамыды, әсіресе, құрылыс жұмыстары барынша қарқынды жүрді. Шағын аудан болса да бес жылжымалы мехколонна мен басқа да құрылыс ұйымдарында 1000-ға тарта адам еңбек ететін. Аудандағы орта мектептер мен мәдениет сарайлары, т.б. ірілі-ұсақты мәдени-тұрмыстық, өндірістік нысандар сол жылдары салынды. Қай жерге барсаң да қайнап жатқан тіршіліктің үстінен түсетінсің. Осыған орай, Қазантаев жылына бір рет облыстағы ірі құрылыс трестері, басқармалардың жетекшілерін аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне шақырып, аудандағы сол сала басшыларының есептерін тыңдайтын. Ауданға бағынбайтын, облыстық деңгейдегі беделді деген басшылардың өздері бюрода қысылып-қымтырылып отыратын және аудан басшысының әрбір ұсынысы мен ескертуін тиянақты түрде жазып алып, мүлтіксіз орындауға тырысатын. Бірде Константин Маймин (салынып жатқан кәсіпорындар дирекциясының директоры), Виктор Александрович Гончаров («Риссовхозстрой» тресінің басқарушысы) өздеріне қаратып айтылған байсалды сын-ескертпелерді амалсыз мойындағаны есте қалыпты. Қонысбек Төрешұлы 1975-1985 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде болған кезде де аудан экономикасы мен мәдени-әлеуметтік жағдайы үнемі өсу, өркендеу дәрежесінде болды. Мәселен, аудан бойынша 1975 жылы 17000 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 48,3 центнерден өнім жиналса, 1984 жылы күріш егісі 17944 гектарға жеткізіліп, әр гектардан 52,2 центнерден өнім алынып, мемлекетке 845120 центнер күріш тапсырылды. Бұл сол кезең үшін рекордтық көрсеткіш болатын. Ол еліне адал қызмет етіп, артына өшпес із қалдырды. Оның басқалардан дараланатын үш қасиетін айрықша атауға болады. Олар: іскерлік, тазалық және әділдік. Бір адамның, оның ішінде бір басшының басынан осы үшеуінің бірдей табылуы өте сирек. Тағы бір басты ерекшелігі – кадрларды іріктеу, таңдау, орналастыру және тәрбиелеу талабын өзіне тән ыждағаттылықпен іске асыруында еді. Осы жерде тағы бір шегініс жасауға тура келеді. Көп басшылар қарауында қызмет атқаратын кадрлардың ішінде өзіне тең келетін адамдардың болуын онша ұната бермейтін. Ондайды ебін тауып ығыстырып жібереді. Әлі күнге солай. Ал Қонысбек Қазантаев білікті кадрларға үнемі қамқорлық жасап отыруды әдетке айналдырған. – Бойында жылт еткен таланты бар жас ұрпақты көрсек, соны көзден таса қылмай қорғаштап өсіруіміз керек. Қазақтың мына байтақ даласынан қанша қайраткер шықса да көптік етпейді,– дейтін ол кісі. Адамға жақсылық жасау екінің бірінің қолынан келе қоятын шаруа емес. Жақсылар жан-жағына көлеңкесін сыйлайтын алып бәйтерек сияқты. Соның бірі, тіптен бірегейі – Қонысбек Қазантаев еді. Ол кісі аудандық газет жұмысына айрықша мән беретін. Ол кезде «Жалағаш жаршысы» «Жаңадария» деп аталатын да, жетісіне үш рет шығатын. Тоқсан сайын газет бетіне шығатын бас мақалалардың тізімі, тақырыбы күн ілгері аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде бекітіледі. Сондықтан да газет қызметкерлері аудандық партия комитетімен тығыз байланыста жұмыс істейтін. Бірде аудандық газеттің білдей журналисі үнемі жұмысқа арақ ішіп келуіне байланысты мәселесі бюрода қаралғаны бар-ды. Сонда Қонекең әлгі азаматқа: – Айналайын, арақты іше-іше жұтқыншағың жұдырықтай болып, өлуге келіпсің ғой, – деді. – Мұны талқыға салуды осымен шектейік. Қайталайтын болса, қайта қараймыз. Тағы бірде осы газеттің тағы бір жауапты қызметкерін аудандық партия комитетінің бюросында қарауға тура келді. Әдеттегідей бюроны басқарып отырған Қазантаев, бастауыш партия ұйымының қаулысын бюроға қатысушыларға түгелдей оқып берді. Қаулының талабы қатаң, жұмыстан босатып, партиядан шығаруға дейін жаза қолдану керектігі айтылған. Райком басшысы да қиналып отырған сыңайлы. Талқыға түсіп отырған азаматқа қарап: – Роман жазатын кезің емес пе, шырағым, ит ішпейтін арақты ішіп, аузыңды былғап не істеп жүргенің бұл, – демесі бар ма тыжырынып. – Бұл жігітке осы да жетер. Енді менің алдыма мұндай мәселемен келуші болмаңдар. Қатысушылардың барлығы аң -таң. Жігіттің ойында не бар екенін қайдам, әйтеуір оның: – Рахмет, Қонеке, сеніміңізді ақтаймын, – деген сөзін бәріміз де естідік. Осыны айтқан жігіт республикаға белгілі ақын, кезінде аудандық газеттің редакторы болған азамат еді. «Жақсының аты өшпейді» деген қанатты сөздің астарында адал ойдың ақиқат шындығы бар. Өмірде жақсының аты, ісі, өнегесі, адалдығы, адамгершілігімен өлшенетінін жақсы білетіндер бұған шүбәсіз сенеді. Өйткені халықтан асқан көреген жоқ. Қашанда, қандай іске болса да, халық өзінің әділ бағасын береді. Бүгінгі таңда бұл халықтық қасиет өмір шындығының асыл көрінісіне айналып отыр. Ел-жұртының есінде сақталып қалған әрбір атпал азамат ұлтымыздың мақтанышына, кейінгі жастарға үлгі болуға тиіс. Мен соған сенемін.  

Шыңғыс Айбосынов,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі