Білімді іздей берсең, көбейеді

Білімді іздей берсең, көбейеді

Білімді іздей берсең, көбейеді
ашық дереккөзі
Соңғы кезде «Зиялы деп кімді айтамыз?» деген сұрақ төңірегінде сөз бен пікір көп. «Зиялы қоғам», «зиялы орта», «зиялы жан», «зиялы іс» тынымсыз  дөңгелеген дүниеде молырақ болса деп тілейсің. Зиялы жандармен қатар жүргеніңді мақтан етіп, көңілің шалқып, жүрегің жылып, мерейің таситыны, айналаңның көкжиегі кеңи түсетіні хақ. Дәрігер-ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Әлтайұлы Жұмабеков Оңтүстік Қазақстандағы Ащысай кентінде 1938 жылдың 13 тамызында дүние есігін ашқан. Балалық шағы қанды соғыстың ауыр жылдарына дәл келген. Оқуы мен ойы зерек Төлеген орта мектепті күміс медальмен тәмамдап, қолына кәмелеттік аттестат тиісімен Алматыдағы медицина институтының емдеу факультетіне құжаттарын тапсырады. Қызығы мен қиындығы мол студенттік жылдар әп-сәтте өте шықты. Алғыр жас 1964 жылы емші-дәрігер дипломын қолға алып, өмір жолын республикамыздың ең шалғай аудандарының бірі саналатын Созақ ауданынан бастады. Алғашқы жылы ауылдық учаскелік ауруханада бас дәрігер, содан кейін аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары әрі бас хирургі болып еңбек етті. – Алғашқы еңбек жылдарымды осы күнге дейін сағынышпен еске аламын. Несін жасырамыз, ол уақытта шалғайда тұрып жатқан елдің тұрмысы төмен, ауру-сырқау көп, дәрігерлер жетіспейтін ауыр кезең болатын. Сондықтан халық денсаулығын жақсарту, дер кезінде медициналық жедел жәрдем беру үшін күн-түн демей сарқыла еңбек еттік. «Терапевтпіз», «хирургпіз», «гинекологпыз» деп бөлініп жатпайтынбыз. Алдымызға келген сырқатқа мүмкіндігінше дәрігер ретінде қол ұшымызды беруді мақсат тұттық. Талай рет қиналған сәттеріміз де болды. Облыс орталығынан көмек шақырайын десек жер шалғай, көмек келіп жеткенше уақыт өтіп кетеді, сондықтан білмегенімізді кітаптан оқып алып, «тәуекел» деп батыл іске кірісіп, білгенімізше ем-дом жүргізіп, талай жанды ажал тырнағынан алып қалдық десем, артық айтқаным болмас. Ол кезде ауыл дәрігерінің қолынан бәрі келуі керек (операция жасау, әйелдерді босандыру, сүйек сынықтарын салу, терапиялық ем және т.с.) еді. Уақыт талабы солай болатын-ды. Еңбегімізге қарай елдің батасын алып, көңіліміз марқайып жүретін. Қазір ойласам, ол өткір ұстараның жүзімен қалт-құлт етіп жүргенмен бірдей екен ғой. Сәл мүлт кетсең, опық жейсің. Бірақ біз сол қиындықтарды жеңе білдік, жеңісті күндеріміз мол болды, – деп сонау алыста қалған жылдарын еске алады Төлеген Әлтайұлы. Ол 1992 жылы көп уақыт бойы жинаған ғылыми еңбектерін саралап, бір жүйеге келтіріп, Мәскеуде докторлық диссертациясын қорғады. Ғалымның қорғаған тақырыбы «Балалар бас сүйегі мен миының ауыр жарақаттары мен зардаптары кезінде көрсетілетін интенсивті терапия». Бұл қазіргі күннің күйіп тұрған өзекті тақырыбы. Не дегенмен әлі де балалар арасында сан түрлі жарақаттар көбеймесе, азаяр емес. Профессор Төлеген Жұмабеков көп жылдардан бері Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас анестезиолог-реаниматологы, бірнеше ғылыми кеңестердің мүшесі. Оның қаламынан шыққан көптеген ғылыми еңбектері мен ұсыныстары дәрігерлер арасында кең қолдау тапқан. Мезгіл-мезгіл еліміздің шет аймақтарда орналасқан облыстарында болып, әріптестеріне тиісті ақыл-кеңес, практикалық жәрдем көрсетуден ол еш аянып көрген емес. Ғылымдағы мол жетістіктері мен енгізген жаңалықтары үшін еліміздің академик К.С. Ормантаев басқарған бір топ балалар хирургтары мен анестезиологтары (медицина ғылымдарының докторлары Әбубәкір Ерекешев, Ағабек Қарабеков және т.б.) 1999 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Солардың арасында профессор Төлеген Әлтайұлы Жұмабеков та бар болатын. – « ...Мен бірде-бір адамның, мейлі ол кім болсын, қай ұлттан болсын, меселін қайтарып көрген емеспін. Үміттің аяқасты болуынан артық қорлық жоқ. Жердің үстімен келіп, астымен қайтқаннан асқан азап болмайды. Жақсылығыңды адамға жаса. Күнде жұмысқа келе жатқанда мені осы ой жетелеп табалдырықты аттаттырады»  деп жазған Дінмұхамед Қонаевтың даналық сөзі менің әрдайым жадымда жүреді. Санасында саңлауы бар адамға «Ұлық болсаң - кішік бол» деген қазақтың қанатты сөзі де ой салуға тиіс, – деп ойын жалғастырды Төлеген Әлтайұлы. – Адамның күні адаммен. Алдыңа өтінішпен келіп отырған кісінің ісіне көмектесу, қол ұшын беру, орындау парыз. Адамзат қолдан келгенінше біріне бірі жәрдем беру керек. Алдыңа өтінішпен келген адамның көңілін қалдырмауға тырыс, көмектес. Сонда ғана сені ел сыйлайды, құрметтейді. Сөздің бір реті келгенде:  – Төке, қазақ «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп жатады. Ізіңізді басып келе жатқан шәкірттеріңіз, белгілі ғылыми еңбектеріңіз жайлы қысқаша болса да әңгімелеп берсеңіз, – деп сөзге тарттық. – Сұрағың орынды. Ғылыми ортада жүргеннен соң міндетті түрде ғылыми еңбектерің, шәкірттерің болу хақ. Жұмыс істей жүріп, 400-ге жуық ғылыми еңбек жазыппын. Оның алтауы ғылыми монография, бірнешеуі дәрігер-курсанттарға арналған оқу құралдары. Әдістемелік құралдар мен тиімді ұсыныстарымыз да жоқ емес. Бүгінгі таңға дейін 3 докторлық, 19 кандидаттық, ондаған магистрлік диссертацияға жетекшілік етіп, оларды ойдағыдай қорғатыппын. Алда тұрған әлі де талай жоспар, мақсаттар бар. Бұйыртса, ел тыныштығы мен деннің саулығы болса, ол биіктер де алынар... Қазақта аталы сөз бар: «Адам өзін бақытты сезіну үшін үш нәрсе болу керек: бірінші, жаныңа ұнайтын, қуаныш әкелетін, сүйікті, күнделікті еңбегің; екінші, сені әрдайым түсіне білетін, сыйлайтын, құрметтейтін өмірлік жарың; үшінші, қуаныш пен қиындығыңды бөлісе білетін, сырыңды ұғатын сенімді достарың». Тәубе, менің ойымша, соның барлығы басымда бар сияқты – Жаңа, әңгіме арасында әкеңіз бен шешеңіз жайлы ойлы сөз айтып қалдыңыз. Олар қалада, қолыңызда болды ма? – Алматыға келісімен-ақ әкем мен шешемді қолыма алдым. Өйткені елде оларға қарайтын ешкім жоқ еді. Алғашқыда ауылды, туған елді көп уақыт бойы ұмыта алмай қиналып, қатты аңсап жүрді. Бірте-бірте қаланың өміріне үйренді, қалыптасты. Әкем мен анам екеуі де 90 жасқа жақындап барып дүниеден озды. Қолдан келгенше көңіл бөліп, жас баладай мәпелеп, сыйлап, құрметтеп өттік. – Кейде біреуді мақтағымыз келсе «бақытын еңбектен тапқан жан» деп жатамыз. Оған сіз қалай қарайсыз? – Адам адамдардың арасында ғана бақытты. Егер олай болмаса, өмір сүрудің мәнісі, тіпті, қажеті болмас еді. Адамзаттың игілігі үшін білікті, шебер маман болып, елге қалтқысыз беріле еңбек етсек, одан рахат сезімге, құрметке бөленсек – бұл адамның баға жетпес үлкен бақыты. Жалғыз адам ешқашан бақытты бола алмайды. Қолдан келсе басқаларға жақсылық жаса, қуаныш сыйла, игілікті іспен жәрдем беруге тырыс. Сонда ғана сен қоғамға пайдалысың, адамзатқа керексің. Өкінішке қарай, соңғы кезде тек өз басының қамы мен қалтасын, баю мен дүние жинауды мақсат еткен рухсыз, арсыз жандар ортамызда көбейіп барады. Бұл – қоғам үшін қауіпті. Барлық адами қасиетті, кісілікті басыңдағы байлықпен, қалтаңдағы теңгемен, жинаған дүниеңмен есептеуге болмайды. Жастар тәрбиесін қазір уыстан шығарып алып, келешекте өзек өртер өкініштен бармағымызды тістеп жүрмесек болғаны... – Халық аузында «Адамдар жасаған қайырымдылығы үшін алғыс алмаса, күндердің күнінде жақсылық жасаудан жалығады» деген сөз бар... – Адами қасиеттер, адамгершілік құндылықтар әрдайым жоғары тұруы керек. Бұл күндері өмірге деген көзқарас елеулі өзгеріске ұшырады. VІІ ғасырда өмір сүрген Шығыс ғұламаларының біріне «Білім артық па, байлық артық па?» деген сұрақ қойыпты. Сонда ғұлама: «Білім сені бағады, байлықты сен бағасың. Білімді іздей берсең көбейеді, жұмсасаң да азаймайды. Байлықты жұмсай бастасаң азаяды. Білімнің артықшылығы сонда» деген екен Бірақ, сана сүзгісінен өткізсек, адам өмірінен құнды не бар? Тәңірдің берген сол өлшеулі өмірін жақсылықты, игілікті іске неге арнамасқа?! Соны ұқпайтын жандарды кездестіргенде көңілің жүдеп қалады. Жақсылыққа жаны құмар кісілерді көргенде жаның жадырап, көңілің марқаяды. Сондықтан жақсылыққа ұмтылу, өзгелерге қайырымдылық жасау адамды жалықтырмауы керек. Қолдан келсе қол ұшын бер, жәрдем бер, тіпті, сөзбен болса да көмегіңді аяма. – Әрдайым отбасыңыз аман болып, елге жасаған игілікті еңбегіңіз еленіп, көпшіліктің сый-құрметіне бөлене беріңіз деген ізгі тілекпен Төлеген Әлтайұлымен қоштастық.  

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург,  медицина

ғылымдарының докторы, профессор