Театр сынының тарланы

Театр сынының тарланы

Театр сынының тарланы
ашық дереккөзі
Танысуымыз кездейсоқтық. Таныстырған да, табыстырған да – «Қазақ әдебиеті» газеті... ҚазҰУ-ді бітіргеннен кейін Алматыда 9 ай жұмыс таба алмай, қаңғырып, мәңгіріп жүрдім. Ақыры жалақысы жартымсыз, жұмысы тартымсыз жұмысқа жегілдім. Пәтер жалдауға ақшам жетпей, Алматы түбіндегі Қарасу ауылында жайсаң туысымыз, аяулы Шахан ағаның үйінде тұрдым уақытша. Сенбі, жексенбіде өз ауылым – Елтайға тартамын. Жаңылмасам, 1976 жылғы көктемнің басы болуы керек. Ентелеген ел құсап ертемен жұмысқа келе жатқам. Автобуста отырғандар – нығыз, тұрғандар тығыз. Қолымда «Қазақ әдебиеті», көзім – жарияланған көлемді сын мақалада. Бір жақсысы – мені ешкім танымайды, мен ешкімді танымаймын. Айдары – бірінші бетте – қаймағы келесі бетте жарқ еткен әдеби сынды оқып шығып, бүктеген газетті жан қалтама салғаным сол еді: – Қалай екен? – деген жуан дауыс дәл жанымнан естілді. Жалт қарадым: денелі, сақалды кісі. Менің «ассалаумағалейкүмім» мен ағаның «әликүміссамалы» тіл табысты. – Жақсы екен, – риза «мақұлыма» назар аударған ағаның гүрілі мен дарылы жараса жарысқан сәл қарлығыңқы жуан дауысы әңгімеге шақырғандай біртүрлі тартымды естілді. Сонымен сөзге сөз жалғанды, мақала ауызша талданды. Дәлірегі сұрақ сол кісінікі, жауап менікі. Әдебиетке, қаламгердің шығармашылығына қатысты басқа да біраз сауалдарға шама-шарқымша жауап берген сияқтымын, ақыры «сен жоғалып кетпей бізге жазып тұр» деп тапсырма берді. Ағаның аты жөні – Қадірбек Уәлиев екен, «Қазақ әдебиеті» газетінің білдей қызметкері. Бүгінде есептесек, Кәдекең ол кезде отыз сегіздегі нағыз дер шағы. Маған үлкен кісі көрінді, әлбетте. Егер ұмытпасам, жетпісінші жылдардағы «Қазақ әдебиеті» сын бөлімі телефонының нөмірі – 62-31-01. Қадірбек көкеміздің тартынбай «хабарласына» себепкер – оған дейін жарияланған бірнеше рецензиям болуы да ықтимал. Келесі жылдың басында Кәдекем телефон соқты. «Газеттің сын бөліміне бір жас қызметкер керек болып жатыр. Сен туралы Оразбекке айттым, «келсін» деді. Тез жет!» деген қою дауыстың пәрменімен дедектеп дереу келдім. Оразбек Сәрсенбаев ағамыз әдеби сын бөлімінің меңгерушісі еді. Сыр ағаңа – Сырбай Мәуленовке алып келді. Сонымен 1977 жылы қаңтарда «Қазақ әдебиетіне» қызметке келіп, өмірдегі жаңа белес басталды. Егер ол кезде Қадірбек ағамыз жастардың жазғандарына зер салып, газетке тартып, баулымаса, қалай болар еді деп еріксіз ойлаймын. Айтпақшы, жаңағы Қарасу ауылында Кәдекең тұра-тұғын. Кезінде үйін салып жатқанда, газеттің қызметкерлері – әріптес достары, өзінің қатарлары қолдары тигенде барып, көмектесетінін кейін естідім. Күндердің күнінде, күлімдеген бірінде солардың бірі емес, бірегейі – сол кездегі жас ақын, кейін ірі ақын болған Өтежан Нұрғалиев бармай ма. Көз байланған, көшеде қазіргідей жарық та жоқ, немесе шамалы ғана. Жолда бұзақылар кездесіп, Өтекеңнің қалтасын қақса керек. Ертеңіне екеуі редакцияға келген соң, жастау қызметкерлер «Өтеке, қорықтыңыз ба?» деп сұрамай ма. «Жоқ, қорыққан жоқпын. Бірақ кісі қатты нервничать етеді екен», – деді Өтекең сендірмей қоймайтын байсалды кейіппен. Бір ұшы Кәдекеңе сабақтасатын мұндай аңыз-әңгімелер аз емес. Кезінде театр мамандары, сын сарапшыларының санаулы, тіпті, сирек кезінде кенжелеп, кешеуілдеп қалған осы салаға белсене, батыл араласқан белгілі, белді театр сыншысы Қадірбек Уәлиевтің шолу және проблемалық мақалалары, кітаптары әдебиет пен өнерді сүйетін, қадірлейтін қауымға мәлім болғандықтан, былайғы жұрт біле бермейтін, өзіміз көріп, куә болған жайларды шет пұшпақтап айтқанды жөн көрдік. Қадірбек көкеміз сонау жас шағында өте ақжарқын, қалжыңбас, үлкенмен де, кішімен де мүмкіндігінше тіл тауып, әзілдесе беретін. Әсіресе, Асқар Сүлейменов екеуі қатты қалжыңдасатын, жиен мен нағашы боп. Өзінің қатарының ішінде Кәдекеңмен әңгімесі жарасып, әзілдеспегендері кемде-кем шығар. Жасы кішілерді де еркелете білетін, талап та қоя алатын. Бүгінде белгілі қаламгерлер болып жүрген бір кездегі жастарға сын бөлімінің негізгі қызметкері ретінде Қ.Уәлиевтің шапағаты молынан тиді дегенін өздері айта жатар. Бірақ кейде солардан байқап қалатыным – атағы шыққандарға, бастық болғандарға қарай ұмтылып, белгілі тұлғалардың ғана тәрбиесін көргендей көсілетіндер жоқ емес. Сондайда пасық пайдакүнемдік пен бейшара пенделіктің бақай есебі байқалып-ақ қалады. Ал Кәдекең секілді бір қарағанда, қарапайым, ал іс жүзінде театр сынының өз кезіндегі белгілі, беделді тұлғасы, өзіндік шоқтығына айналған айтулы азамат ағаның қыруар жұмыс атқарғанын біреу біліп, біреу білмейді. Жасырары жоқ, ол кезде атақтылардың атынан газеттің қарапайым, бірақ білімді, білікті қызметкерлерін мақала жазуға мәжбүрлейтін. Сонда Қадірбек көкеміздің талай марқасқалардың атынан мақала жазғанын, тер төгіп, қиналмай-ақ авторға айналған тұлғалар өзі жазбаған мақалаларына төл мақалаларын қосып, кітаптарын шығарғанын, мемлекеттік деңгейдегі марапаттарға қолы жеткенінен де хабардармыз. Жастарға ақыл-кеңесін айтумен бірге газеттің қара жұмысынан бас тартпай, материалдарды ұйымдастыруда, ерінбей-жалықпай өңдеп, жарияға дайындауда Кәдекеңдей қажымас қара нар сирек-ақ. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Қай жылы екенін қазір ұмытып отырмын, Торғайдан Сабыржан Шүкіровтің тілге байланысты мақаласы келді. Мысалдары, сындары негізінен дұрыс. Бірақ ішінде әлде стилистикасын, әлде эмоциясын ба, газеттің байсалды мәнеріне бейімдеу керек еді. Бас жазып жүрген кезім-ау деймін, дайындаудан бас тарттым. Кәдекең «Жарайды, олай болса, маған бер!» деп алды да, ерінбей-жалықпай, жақсылап тұрып өңдеді, ұштады, қысқасы, құлпыртты. С.Шүкіров сол жылы «Қазақ әдебиетінің» бәйгесін алды. Қанаттанған Сәкең – Сабыржан Шүкіров есімі елге танылған мықты журналистердің біріне айналды, газет редакторы да болды. Бүгінде әдебиет пен өнер сынының белгілі, беделді өкілдерінің бірі Әлия Бөпежанованың да мақала әкелгені есімде. Ол жылдары Әлия сирек кездесетін кішіпейіл, дауысы сыбызғыдай сызылған, күлкісі алтын қоңыраудай сыңғырлаған, қызғалдақтай ғана балауса қыз еді. Алғашқы мақаласы бәрімізге ұнады. Газетте жарқ етіп жарияланып, Әлияның әдиебиеттегі әні жылдан жылға әуелей берді. Әдебиет пен өнер айналасындағы замандас немесе жасы кіші әріптес, сырлас дос, өрен-жарандары ғана емес, қарапайым тіршілікте де Кәдекең өзгелерден ақыл-кеңесін де, қолынан келген көмегін де аяған емес. Олардың тізімін жасаса, ұзаққа солылары сөзсіз. Бір бөлмеде бірнеше жыл бірге отырғанда, өз өмірінен айтқан естеліктері, балалар үйінде соғыс жылдарында көрген қиындықтары заманның жанды шежіресі, қоғамның көпке белгісіз өмірінің нақты деректері секілді еді. Сол азапты күндерден бертінгі күнге қалай аман-есен жеткеніне, жетіп қана қоймай, театр сынының белгілі тұлғасына айналғанына қайран қалатынбыз әрі сүйсінетінбіз. Кейбір әңгімелерін өзінен емес, қасында бірге болған куәгер замандастарынан немесе жасы үлкендеу ақын-жазушылардан естігенде және таңданып, өзінен «рас па?» деп сұрағанымызда, ыңғайсыздана жымиып қойып, «рас» деп басын изеп, өзін мақтауға құлшына қоймайтын. Мұндай кішіпейілділік азаматтың ар-ұятына, тектілігіне сабақтасып жатса керек. «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп Абай айтпақшы, Кәдекеңнің ұстанған принципі кішіпейілділік екеніне «Қазақ әдебиетіндгі» әлденеше жылда көзіміз сан рет жеткен. Бір қалада тұрсақ та, жұмыс бабына байланысты бір-бірімізді көрмегелі талай жылдар өтіпті. Күні кеше ғана сияқты көрінетін, еске алсаң, сонша көп уақыт өте шыққан екен, көз ұшында бұлдырап, сағынышқа айналған жастық шақ еске түсіп, қиналып қаласың. Сырағаңның летучкада шабыттанып сөйлеген шақтары, Сабырхан Асановтың күлкісін, Сейітқазы Досымов пен Нұркенже Хасеновтің әдемі жымиысы, редколлегия мүшелері – жасы ең үлкен Қалижан Бекхожиннен бастап, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, тағы басқа ағаларымызбен редакциядағы сұхбат талқылаулар – бәрі көкірегімізде қатталып қалды. Осындай текті ағалардың алдын көрген редакция қызметкерлерінің, оның ішінде қашанда жарқын, әзелден мейірлі, күнде мейірімді Қадірбек Уәлиев сияқты ағалардың басқаша болуы мүмкін де емес еді. Қазақ театры, қазақ әдебиеті туралы бүгін ғана емес, келешекте де талай-талай пікірлер айтыла жатар. Кім айтса да, қашан айтса да, білетін қауым сыйлайтын еселі, ерен еңбегімен «Қазақ әдебиетінің», өнер сынының өшпей, өрлей беруіне зор үлес қосқан қайраткер Қадірбек Уәлиевтің орны айрықша екені шүбәсіз.

Бекен Ыбырайым,

прозашы, сыншы