ӨРІМІЗ БЕН ТӨРІМІЗГЕ ӨЗІМІЗ ЕГЕ БОЛСАҚ...

ӨРІМІЗ БЕН ТӨРІМІЗГЕ ӨЗІМІЗ ЕГЕ БОЛСАҚ...

ӨРІМІЗ БЕН ТӨРІМІЗГЕ ӨЗІМІЗ ЕГЕ БОЛСАҚ...
ашық дереккөзі
Ұлттың менталитеті деген құбылыс талай нәрсені анықтайды. Жүрек жұтқан батырсың ба, көлеңкеден сескенетін сужүрексің бе немесе алысты ойлайтын абызсың ба, яки бүгінімен өмір сүретін дарақысың ба – осының бәрін менталитет (болмыс) көрсетіп тұрады.

Ал болмыс өзгере ме? Әрине!

Қоғамдағы түрлі өзгерістер, заман ағымы – ұлт болмысында өз ізін қалдырады. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артық, дегенмен осыдан отыз жыл бұрынғы мен қазіргі қазақты салыстырып қарасақ – ұлт ретінде қалай өзгеріп жатқанымыз көзге айқын көрінеді. Иә, бүгінгі қазақ сауданың ебін, табыстың көзін білетін қазақ. Бүгінгі әлемдегі үдерістер жайлы ойлай білетін білімді, заманауи техниканың құлағында ойнай алатын білікті қазақ. Жалпылай заман биігінде көрініп, бәріміз өзге жұрттың жүйріктерімен қатар шабатын дәрежеге жетпесек те, арамызда қай саланың да білгірлері жетіп артылады, яғни білмейтінімізді үйрете алатындар да жеткілікті.

Ендеше бізге  не жетпейді?

Қазақта қоғам дамуы мен адам өзгерісін тап басқан ойлы сөздің бірі былай айтылады: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Мәңгілік тіршілік үдерісінде өзгермейтін нәрсенің болмайтынын ескерсек, кертартпалықпен ештеңені ұстап тұра алмасымыз анық. Дей келгенде, өзгеруге, өзгертуге тиіс салттарымыз жоқ емес-ау... «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегенді жиі айтамыз және оған жалпылық мән тұрғысынан (қазақтың қазақты сыйлауы) қараймыз. Ал егер де «өзіңді өзің...» деген сөзге жалқы мән берсек ше? Оның түк те ерсілігі жоқ. Бүгінгі қоғамның қатал талабының да бірі сол. Сол үшін ауа жайылмай мәселені тікесінен қойсақ: «өзімізді өзіміз жаттай сыйлау» – қазақты қоғамдағы түрлі келеңсіздіктен сақтаудың бірден бір жолы. Қазақ сырттан келіп, басынғысы келгенді «Шаңыраққа қара!» деп тәубесіне түсіреді, «Есіктен келіп, төр менікі деме!» деп аптығын басады. Бірақ... үйіне кім келсе де, төрдегі орнынан сырғып, төменге түседі. Әрине, бұл «Қонақ атаңнан ұлы» дейтін қазақтың сыпайыгершілігі шығар, бірақ... қазақтың осы бір сынық мінезді салты өзгеге өзін сыйлатуға кедергі келтіріп жүрген жоқ па екен?! Қазақтар бірін-бірі қағытқанда жиі айтатын мақалының бірі – «Түрікпен төрін бермейді». Мұның астарында қалжың жатқанмен, негізінде рас сөз. Түрікпен халқы қандай жағдайда да өз үйінің төрінде өзі отырады. Бұл өзгелерге үйдің иесі кім екенін танытып, мойындатып тұратын салт. Жалғыз түрікпен емес, әлем халқының көпшілігі осындай. Тереңірек айтсақ, әлемдік дипломатияда осы салт (өз төріңде өзің отыру) қатаң ұсталады. Кез келген жиында – сол жиынды өткізіп жатқан мемлекет басшысы төрде отырады. Міне, осындай елеусіз ғана нәрсе кейде ұлттың игілігі үшін үлкен қызмет атқарады. Қазақ гуманист, бауырмал, қамқор халық. Бірақ кез келген нәрсенің шегі бар. Сол гуманистігіміз шарасынан асып төгілгеннен болар, былайғы жұрттың көбі қазаққа төбеден қарағыш. Оған кез келгеннің алдында елпілдей кетуге дайын тұратын өзіміз кінәліміз, әрине. Жақында бір басылымда елеусіз ғана мәселені көзім шалды: еліміздегі қытайлық бір компанияда аудармашы болып қызмет еткен қандасымыздың айтуынша, бастықтары қазақтарға менсінбей қарайтын көрінеді. Себебін сұраса, олармен істес қазақтар (әрине, қолында билігі бар кісілер) қытайларға жалпаңдауға дайын тұрады екен. Ал оның алдында Сауд Арабиясында мұнай саласында істеген әлгі қытайлықтар сол елдегі өздерімен әріптес компанияның басшыларына жұмыс барысында кездесе алмай, кездессе де қысқа уақытқа әрең тілдеседі екен. Демек сырттан келгендер қазақтарды өзгелермен салыстырып қарайтыны, сыпайылығымызды ынжықтық деп түсінетіні анық. Ал оған қарсы тұратын күш – өзімізді сыйлата білу инстинкті. Сол үшін «ойбай, қонақтан ұят, төрге шығар, астына қалыңдап төсек сал» деген жалбақтауды қоятын кез жеткенін білу керек шығар. Халқымыздың аса көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбайдың «Қалыптасқан менталитет ауқымында қалып қою қай халыққа да қатерлі. Соны түсінген қауымдар ғана ұлттық даму жолына түсе алады» деген аталы сөзін ұға білсек, бүгінгідей «төр» мәселесін талқылап отырмас едік. Төр – қазақ мәселесі үшін ең құрметті орын. Ендеше қоғамдық өмірде, рухани-мәдени салада немесе саяси-әлеуметтік үдерісте болсын – төріміз бен өрімізге өзіміз еге болмай, айбынымыз асқақтап, мерейіміз көтерілмейтіні есімізде болсын.