Кәсіпкерлік кеңістігін кеңейту керек

Кәсіпкерлік кеңістігін кеңейту керек

Кәсіпкерлік кеңістігін кеңейту керек
ашық дереккөзі
ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов пен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова Ақмола облысына жұмыс сапарымен барып, «Бес әлеуметтік бастаманың» төртінші бағыты – «Шағын несие беруді көбейту» мәселесінің өңірде жүзеге асырылу барысымен танысты. Бақытжан Жұмағұлов пен Тамара Дүйсенова бастаған атқамінерлер ең алдымен Шортанды ауданы, Дамса ауылына аяқ басты. Мұнда «нұротандықтар» мемлекеттік бағдарлама бойынша шағын несие алып, кәсібін жүргізіп отырған Татьяна Хлубнаяның жұмысымен танысты. Ол мемлекет тарапынан «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бойынша 3 млн теңге несие алып, бүгінде Астана – Көкшетау тас жолының бойында 0,18 гектар жерде газ құю стансасын, дүкен және дәмхана ашып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Президенттің төртінші әлеуметтік бастамасы шеңберінде шағын несиелерді кеңейту механизмі бар. Бұрын осындай бағдарламаларға байланысты несиелердің айтарлықтай бөлігі өндірісін жолға қойған кәсіпкерлерге бағытталатын. Қазіргі кезде несие беру жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілерге арналады. Нәтижесінде несие алушылардың үлесі 85-90 пайызға өсіп, бірінші кезекте ауыл жастары үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен бизнесті жүргізу жағдайының жақсара түсуін қамтамасыз етеді. Ақмола облысындағы жұмыс сапары барысында Бақытжан Жұмағұлов пен Тамара Дүйсенова жас кәсіпкердің жеткен жетістігін көріп, кәсібіне, шығаратын өніміне оң баға берді. Ауданда «Бизнес Бастау» жобасы аясында білім алып, өз ісін ашудың қыр-сырын жетік меңгерген азамат төмен пайызбен несие алып, қазір жиһаз шығаратын цех ашқан. Бүгінде жиһаздың 120-дан астам түрін шығарып, өнімі аудан, облыс тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болуда. Макинск қаласында 10-нан астам адамға 60 мың теңге айлық беріп, жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Кәсіпкер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектің арқасында болашақта өз ісін кеңейтуді көздеп отыр. Бұдан кейін «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» төртінші бағыты Ақмола облысында қалай жүзеге асу барысымен одан әрі танысу үшін ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы мен «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Бурабай ауданы, Бурабай ауылына жол тартты. Мұнда төмен пайызды несие алып, жылыжай шаруашылығын ашқан жеке кәсіпкермен жүздесіп, тәжірибесімен танысты. Арғын Шаймерденов шағын бизнеске кеш келгеніне өкінеді. «15 жыл көпқабатты үйде тұрып, жер үйдің жақсылығын білмедім», – дейді азамат. Кәсіпкер жер үйге көшіп, бұрынғы иесінен қалған алақандай жылыжайда көкөніс өсіре бастайды. Еңбегі жанып, алғашында жинаған жемістерін көрші-қолаңға тегін таратқан. Артынша арнайы үйіне іздеп келіп, сатып алатындар көбейді. Сол уақытта жылыжаймен тұрақты түрде айналысуға шешім қабылдап, төмен пайызбен 4 млн теңге несие алып, бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Бұл кездесуден кейін Бақытжан Жұмағұлов бастаған топ Көкшетауға бет алды. Облыс орталығында Қоғамдық кеңес төрағасы жұмыссыз адамдарға қолжетімді несие жайын айтып, оны алудың жолын сілтейтін Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметімен танысты. Жұмыссыз жүрген тұрғындардың басым бөлігі басқа мамандыққа қайта оқытатын бағдарламаға, өз кәсібін ашуға оқытатын жобаға қатысуға ниетті. Себебі мемлекеттің қолдауымен аймақта жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізген адамдар жеткілікті. Астанадан арнайы келген меймандар Ақмола облыстық партия филиалында партия активінің, «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асуына жауапты жергілікті әкімдік басшыларының, «Атамекен» ҰКП, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен алқалы жиын өткізді. Жиында облыстағы Елбасы бастамасының төртінші бағытының жүзеге асу барысы кеңінен айтылды. Барлық баяндамашыларды тыңдап шыққан «Нұр Отан» партиясының Хатшысы Тамара Дүйсенова ел бойынша Президенттің «Шағын несие беруді көбейту» бастамасы белгіленген межеден кешігіп жүзеге асып жатқанын алға тартты. Осы орайда партия Хатшысы жауапты мемлекеттік органдарға және облыстық басқармаларға бұл олқылықтарды жақын арада жоюға кеңес берді. Өз кезегінде «ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов жиналған қауымға Елбасы бастамасы аясында бизнесті дамытуға бюджеттен Ақмола өңіріне қосымша 1,4 млрд теңге бөлініп, осылайша облысқа 2017 жылмен салыстырғанда шағын несиелендіруге екі есе көп, яғни 4 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Қоғамдық кеңес төрағасының айтуынша, жұрт әлі «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасы» жайында толық ақпараттандырылмағанын және өз кәсібін ашу үшін бөлінетін несиені бұрын шағын несиелендіру бағдарламасына қатысып, өз кәсібін аяғына тұрғызған адамдар қатыса алмайтынын айтты. Жергілікті билік өкілдеріне жұмыс сапары барысында тұрғындардың көтерген мәселелерін шешу бойынша ҚР Президентінің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыруды бақылау бойынша Қоғамдық кеңестің өңірлік бөлімдеріне ұсыныс беруге шақырды. Бақытжан Жұмағұлов: «Қарапайым халықтың өз кәсібін ашуға нақты мүмкіндіктер болуы керек. Кәсіпкерліктің кеңістігін кеңейтуіміз үшін барлық жағдайларды қарастыруымыз қажет. Барлық деңгейдегі әкімдер «Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру үшін ой-өрістерін өзгерту қажет. Бұл істердің барлығы халықтың жағдайын, өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған», – деп атап өтті.