Шындықтың  жолы шырғалаң

Шындықтың  жолы шырғалаң

Шындықтың  жолы шырғалаң
ашық дереккөзі
Алдамшы замана, бейопа жалғанда шындық шіркін ешқашан қастерленбейтіні, туралыққа титімдей де құрмет танытылмайтыны ежелден-ақ белгілі, өкінішке қарай. «Әркімнің өз шындығы бар» деген түлкібұлаң қисын, «шындық – көп, ақиқат – жалғыз» дейтін түбірі тұманды, пәлсапасы жадағай пікір жұрт аузында қазір де желдей есіп жүр. Бұл тұжырым, жасанды сөзді естуге жарғақ құлақ та әбден төселіп, жаттығып алған. Әрине, кең мағынадағы Ақиқат сөзі ұлы Жаратушыға қатысты айтылған болса құба-құп, бірақ Хақпен де, ұятпен де ісі жоқтардың өзі әлгі «әркімнің өз шындығы барға» мықтап байланып алғаны еріксіз таңғалдырады. Шындық дейтін киелі ұғымды тілім-тілім, сала-сала етіп бөліп, бөлшектеп тастау әрбіреуі өзін баяғы Макиавеллидің тікелей ізбасары, сүйікті шәкірті санайтын саясаткерлер ғана емес, қоғамдық формациялардың қаймағын сылып, қаспағын қырып жүргендер үшін де сүйеккесіңді әдет, дүмбілез дәстүр болып алған сынды. Иә, қоғам, жаратылыс атаулы ақ пен қарадан ғана тұрмайтыны баршаға бесенеден белгілі. Бірақ қазіргі уақытта ақты ақ деп, қараны қара деп бек сеніммен айтудың өзі де қиямет қайым. Бүкіл әлемде! Өйткені базбіреулер «сіздің ақ дегеніңіз шартты ұғым, салыстырмалы жайт» деп, қарапайым нәрсені қырық құбылтып, қисынсыздықпен қауыштырып, екі елі аузыңызға екі келі құм құюы әбден мүмкін. Бұл бірдің ғана емес, көптің басындағы күрделі жағдай. Ол ол ма, уақыт өте келе адамзат шындық пен өтіріктің не екенін, шындық пен жалғанның ара жігін ажырата алмай қалатын сормаңдай күйге түсетін сияқты. Әрине, аты мәшһүр Макиавеллидің шапаны қай қырынан қарасаң да сақа болып байқалар саясатқа жарасар-дүр, ал қарапайым тірлікте шындықтың осындай сөзсаудаға түсуі, қырық құбылуы жалғандық, өтірік, зұлымдық пен имансыздықтың отына май құйғандық болып табылмас па екен?! Өйткені шындық қашанда жалғыз! Әсілі, кез келген қоғамда екі шындық бар деп кесіп айту сол қоғам мүшелерінің бәрі екіжүзді дегеніміз. Екі немесе одан да көп шындық болады десек, жартыкеш шындықтың да болатынын мойындауға, жарты Ай сияқты жарты шындықты да тұтас дүние ретінде қабылдауға тиіспіз. Бірақ жарты шындық ешқашан, еш заманда толық шындық болып саналған емес, санала да алмайды. Оның тура мағынасы – өтірік! Жастар тілімен айтсақ, шындық пен өтірік қосылған коктейль! Жасанды құндылық. Ал адамзат таза, еш қоспасыз табиғи өнімді аңсағалы талай жылдар артта қалды. 1990 жылы футболдан Италияда өткен әлем чемпионатында Аргентинаның атақты футболшысы Диего Марадона итальян қоғамын екіге бөлді, қоғамда алауыздық, дүрбелең туғызды деп айыпталғаны бар-ды. Сол жылдары «Наполи» командасында атағы жер жарып тұрған шабуылшы Италия және Аргентина ұлттық құрамаларының кездесуі қарсаңында неаполитандық жанкүйерлеріне: «Сіздерді жыл бойына – 365 күн бойына «африкалықтар» деп кемсітеді емес пе? Ендеше, бір күн өздеріңіздің шынымен «африкалықтар» екендеріңізді мықтап дәлелдеп, біздің Аргентинаға жанкүйерлік жасаңыздар» деген мәнзелде қитұрқы ұран тастағаны ел аузында. Іле-шала Римнің қызуқанды саясаткерлері мен спорт функционерлері Марадоннаны жерден алып, жерге салсын. Сүйікті спортшыларына жабылып лағынет айтсын. Алайда Диего Марадонаның бұл сөзінде ащы шындық жатқан-тұғын. Италияның Милан, Турин сияқты ірі қалалары орналасқан солтүстік бөлігі айрықша дамыған, аса қуатты өндірістік аймақ болса, ал Неаполь, Салерно қалалары, одан әрі Сицилия аралы орналасқан оңтүстік бөлігі тастақты жер, ауылшаруашылықты аймақ. Ыстық күн, аптап аңызақта қап-қара боп күйген адамдар бел жазбай еңбек етіп, тіртінектеп жер тырмалайтын өңір. Африкаға біршама жақын маң екені де рас. Ара-тұра солтүстіктің кейбір желөкпе, желбуаз саясаткерлері оңтүстіктен біржола бөлінейік деп ұран тастайтыны да шындық. Ендеше, сол шындықты ашық әрі дауыстап жеткізген Марадонаның не кінәсі бар? Таяуда Германия ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Месут Озил ұлттық құрамамен біржола қош айтысты. Өз еркімен. Мамыр айында «Арсеналдың» жартылай қорғаушысы Месут Озил мен «Манчестер Сити» командасының жартылай қорғаушысы Илкай Гюндоган Лондондағы қайырымдылық кешінде Түркияның президентімен кездесіп, суретке түсіп, футболшылар спорттық жейделерін Ердоғанға сыйлаған болатын. Іле-шала Германияның бұқаралық ақпарат құралдары, Неміс футбол одағының (НФС – DBF) басшылары бұл мәселеден саяси астар, әлдеқандай ілік іздеп әбігерге түссін. Неміс футбол одағының директоры Оливер Бирхофф: «Олардың ешбірі де бұл суреттің символдық маңызын түсіне алған жоқ, бірақ олардың орынсыз әрекет істегені айқын және біз олармен мықтап тұрып сөйлесетін боламыз», – деп айбар шекті. Зіл тастады. Шілде айының соңына таман «Твиттер» парақшасында ресми мәлімдеме жасаған Месут Озил: «Мен Германияда туып-өстім, бірақ ататегім түріктен тараған. Бала кезімнен анам туған елімді ұмытпауға және оны құрметтеуге баулыды. Бұл құндылықтар мен үшін күні бүгінге дейін маңызды... Бірақ шындық біреу, мен сонда Түркия президентімен кездеспеуім керек пе? Ол шыққан тегім мен ата-бабама ашықтан-ашық құрметсіздік болады», – деді белгілі футболшы неміс қоғамына базынасын жеткізіп. Ең бастысы, Месут Озилдің «Жеңсем – неміс, жеңілсем – келімсек екенмін» деген сөзінің астарында ащы шындық жатыр еді. Өйткені осыған дейін өзін толерантты, гуманизм асқақтаған Жерұйық есептеп келген Еуропа өзгелердің өзін төмен санауына әбден үйреніп алған, сірә. Өзге ұлттың өрендері кәрі құрлықта қалыптасқан кейбір қисынсыз салттан тыс әрекет етуге қадам жасаса, өз ұлты, туған халқының діліне, дініне сай пікір білдірсе христиандық құндылықтарды насихаттауды мықтап жолға қойған Еуропа табан асты түсі бұзылып, кілт өзгеріп кететіні қалай? Бәрібір шындық ешкім балталап бұза алмайтын, бөлшектеуге көнбейтін тұтас категория. Бүтін дүние. Ал тоғышар қоғам өзін-өзі алдауға, ең бастысы, алдануға тым құмар болатыны несі екен?!

Жаңабек Шағатай