2 Тамыз 2018, 10:35 1418 0 Өнер Арман Құдайберген

Телеарна мәдениет мекені болуы керек

Жуырда Өзбекстан ақпараттық технологиялар және коммуникация министрлігі Самарқанд аймағында спутниктік STV телеарнасының таралуына тосқауыл қойып, Ташкендегі «Sevimli» телеарнасына қатаң ескерту жасады. Қайсыбір жылы Өзбекстанның бір телеарнасы әйгілі «Титаник» фильмін таратқан. Бас кейіпкерлердің қатысуымен таспаланған махаббат сахнасын, лыпасыз сурет салуға бекінген кейіпкерлер сюжетін  өзбек телеарнасы кесіп тастапты. Ал біздің елдегі музыкалық кей арналар жадағай қоғамға жалаңаш тәнді қашанға дейін көрсете бермек? Онсыз да мәнсіз, мағынасыз жарнамадан шаршаған жұрт тележәшікті талақ етудің сәл-ақ алдында тұр.

ҚАУҚАРСЫЗ ҚОҒАМНЫҢ  БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Ақпарат ағынының заманында өзгеден оқ бойы озық тұру үздік, кәсіби мамандар шоғырланған теле-радио корпорациялардың өзіне оңайға соқпай отыр. Шығынды ақтаймыз деп шыр-пыр болған басшылық қаржы үшін қажетті-қажетсіз жарнамаларға бас ұрды. Жарнама берушінің қаржысына тікелей тәуелді телеарналар жұртты жалықтыратын жарнама үшін де көрерменінен айырылып қалуы бек мүмкін. Тұрақты аудиториясынан айырылған телеарналар осыдан соң ұлттық ділге сай келе бермейтін шулы шоулар жасауға құмар болып алады. Ол қолдарынан келмей жатса, түріктің, үндінің, кәрістің сағыздай созылған телесериалдарына қоржындап ақша шашуға құмар. Құрығы ұзын кей телекорпорациялар прокатқа жаңа шыққан немесе сценарийі қызықты фильмдерді басқадан бұрын телеарнадан көрсетіп те үлгереді. Әйтеуір елдің көңілін аулап, өз қалтамызды да ұмытпасақ дейтін болуы керек. Ал түптің түбінде ұлттық идеология мен елдік намыс қарабайырлықтың тасасында қалып кететіні ащы ақиқат.

Өзбекстанның ақпараттық технологиялар және коммуникация министрігі таратқан мәліметке сәйкес, «көргенсіздік пен зорлық-зомбылық көріністері» бейнеленген материалды жариялаған STV телеарнасы ел ішінде уақытша көрсетілмейтін болды. Телеарна жұмысына мониторинг жүргізген мамандар эфирден берілген кей фильмдер мен музыкалық клиптер «ұлттық менталитетке қайшы және жастар тәрбиесіне моральдық тұрғыдан зиян тигізеді» деп тапқан. Тіпті, сол өнімдердің атын атап, түсін түстеп бере отырып, «БАҚ туралы», «Ақпарат еркіндігі принциптері мен кепілдіктері туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Балаларды денсаулығына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» заңдардың бұзылғанын мәлімдеген. Ресейде өткен мундиальда әннен шашу шашқан америкалық актер Уилл Смит басты рөлде ойнайтын «Мен – аңызбын» кинокартинасы психологияға кері әсер ететін ауыр сюжетімен сынға іліксе, ересектерге арналған «Полный расколбас» анимациялық мультфильмінде сексуалдық үндеудің лебі бар екені айтылған.

Осыған дейін Өзбекстанның Sevimli жекеменшік телеарнасы сексуалдық сипаттағы көріністері бар америкалық «Красотка на всю голову» фильмін эфирден таратқаны үшін көпшіліктен кешірім сұрап, бірнеше қызметкерін жұмыстан босатқан еді. Кейіннен телеарна әкімшілігі: «Әдетте шетелдік фильмдерді көрсетер алдында қызметкерлеріміз өздері қарап шығып, ұлттық менталитетке қайшы тұстарын кесіп алып тастайтын. Фильм эфирден көрсетілген жексенбі күні қызметкерлеріміз аз болғандықтан олар фильмге монтаж жасауды ұмытып кеткен», – деп түсініктеме беріпті. Бұл істі ушықтырмай-ақ, елеместен өтіп кетсе қайтер еді дейміз. Демек дау туындағаны, құқық қорғау органдары өз ісін мүлтіксіз атқарғаны, көрермен тарапынан да порнографиялық материалдарға қарсылықтың болғаны. Тағы бір ғажабы, көз көріп, құлақ естігендердің айтуы бойынша, бұл ұлттың биші қыздарға деген көзқарасы мүлдем бөлек көрінеді. Ешбір ата-ана қызын жартылай жалаңаш жүргізбек түгілі, ел алдына шығып билеуге рұқсат етпейді. Қазақ секілді қызға қырық үйден тыйым салған көршілеріміз өзбек қызының ұяңдығын сақтап қалуға тырысады. Ең бастысы, бірін-бірі көре қалса іші-бауырына кіріп тұратын өзбек халқы қауқарсыз қоғамның болашағы бұлыңғыр екенін жақсы ұғынатын секілді.

ТӘНДІ ТАНЫТУ СӘНГЕ  АЙНАЛҒАНЫ ҚАЛАЙ?

Соңғы он жылдықта мектеп жасындағы жеткіншектердің психологиясы күрт өзгерген. Бұл туралы кәсіби психолог Айгүл Мамбетжанова күйзеліп айтады. Психологтың пікірінше, еліктегіш балалар теледидардан көрген танымал жандарды тұлға деп танып, солардай болуға ұмтылады екен. Бұл ретте қазақ телевизиясына артылған жүктің қаншалық ауыр екенін пайымдау қиын емес. Өкініштісі, жекеменшік телеарналарды бұл міндет толғандырмақ түгілі, ойландырмайды да. Эстраданың арзан шапанын жамылған кейбір өнерпаздар танымал болудың қысқа әрі тиімді жолы ашық-шашық киініп, ел алдында жартылай жалаңаш көлбеңдеу деп білетін сияқты. Және оны жарнамалайтын жекеменшік телеарналар да жеткілікті. Осыдан екі жыл бұрын мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков: «Менің жынымды келтіретін бір нәрсе, «Гәкку» дейтін канал бар. Атынан садаға кетсін! Гәкку деген бәріміздің арманымыз ғой. Ал енді осында ылғи бір жалбаңдаған сайтан, жалаңаш қыздар. Мен ойлаймын, біздің мәдениет министрлігіміз неге бүйтіп көрсетіп жатсыңдар деп отырмауы қажет», – деп Мәдениет және спорт министрінің қоғамдық кеңес алдындағы есеп беру кездесуі кезінде жан мұңын жайып салған-ды. «Гәкку» телеарнасының 2015 жылы Алматы қаласындағы Астана алаңында берген мерекелік концерті көптің есінде. Сахнаға шыққан «МузАрт» тобының әніне жартылай жалаңаш қыздар билеп, бір шу шыққан-ды. Кейіннен Мейрамбек Бесбаев: «Бұл бізге жасалған қастандық. Сүйіп жүрген «МузАртың» былай да шығып жатыр деп елге көрсету. Сосын сол концертте МС Сайлаубек деген шықты. Мысалға, не тілін түсінбейсің, ол өзінің не айтып тұрғанын білмейтін адам. Сол концертке бірге шықтық. Мен ананың дәрежесіне түстім деген жоқпын. Бізді, жалғыз бізді ғана емес, бүкіл әншілерді соның дәрежесіне түсірді. Сондайды істеп жатқан ішімізде алаяқтар бар, шапанын теріс киіп жүрген…», – деп БАҚ өкілдеріне сұхбат берген-ді. Шынтуайтына келгенде «Гакку» арнасына орынсыз шүйліккіміз келмейді. Танымал әншінің айтып отырған сөзінің жаны бар екені де өтірік емес. Алғашында қазақы аудиторияға арналып ашылған бұл телеарнаны қазір көруге көз ұялады. «Мысалы, Жазира мен Жанболаттың клипін алып баршы, көрсетпейді. Әйтеуір қазақ ренжімесін деп аптасына бір көрсетер. Сондай өтірік саясатпен адамдарды алдап бітті», – деген еді Бесбаев ашынып. Көп әнбаяндардан жартылай жалаңаштанып ән салатын қаракөздерімізді көреміз. Эфирден әнші Луинаның «Hey Yo» әні жүріп жатыр. Әншінің өзі жағажайда киетін киіммен әрлі-берлі билеген болады. Біресе кісі шомылатын терең астау ішінде жатады. Мұнда қандай тәрбие, қандай мән болуы мүмкін? Әнші Кәмшат Жолдыбаева жайлы да көп айтуға болар еді. Тізеден жоғары көйлек киіп, халық алдына шығатын Жолдыбаеваны көргенде, көк жәшік алдында отыратын апа-әжелеріміз ернін шүйіріп, бетін басып жатқанын талай көрдік. Әлеуметтік желілердегі белсенді оқырмандар «әні жақсы болғанмен, сәні қызық бұл қыздың» деп жиі пікір білдіреді. Тіпті, қазақстандағы ең сексуалды әнші деп аталып жүр.

ҚР БАҚ туралы заңының 13-бап 3-тарауында «...порнографиялық және арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы теле, радиобағдарламаларды, теле, радиоарналарды тарату, сондай-ақ кино және бейнеөнімдерін көрсету. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бұқаралық ақпарат құралының шығарылуын не бұқаралық ақпарат құралы өнiмiнiң таратылуын тоқтата тұруға негiз болып табылады» делінген. Демек, Қазақстанда әзірге бұл заң шеңберінен ешкім шыға қоймаған. Бірақ телеарналар әнге емес, жалаңаш тәнге жол аша беретін болса, ол жазаның ауылы алыс еместей.

 P.S: «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөз бар. Телеарналар саны артқаны да осыны көзге елестетеді. Ұлттық құндылықтардың насихатын негізге алмағанның өзінде, телеарналар адами құндылықтардан ажырамау керек іспетті.

Соңғы жаңалықтар