Ғаламторды жайлаған алаяқтар

Ғаламторды жайлаған алаяқтар

Ғаламторды жайлаған алаяқтар
ашық дереккөзі
Ғаламтордың дамуы өмірімізді жеңілдетті. Үйден шықпай бірталай қызмет түрлерін пайдалана береміз. Тіпті, тамақ пен техниканы былай қойған жұрт сауда жасау үшін арнайы орындарға баруға ерініп, тауарды үйге алдыруды шығарған. Осы мүмкіндіктерді алаяқтар да мүлт жібермеуге тырысып бағуда. Олар да өз кезегінде жеңіл ақшаны қалай, қандай жолмен тапсақ екен деп үнемі бас қатырады. Және мұндай интернет-алаяқтар түрлі әдіспен тұтынушының ақшасын онлайн иемденіп,  жоқ болып кетеді. Немесе тағы басқа қитұрқылықтар ойлап табарына күмән жоқ. Өткен жылы Астана қаласында құқық қорғау мекемелеріне интернет-алаяқтарға алдандым деген 500 азаматтан шағым келіп түскен.

«СІЗ ЖЕҢІМПАЗ БОЛДЫҢЫЗ!»

Соңғы жылдары электронды поштаға келетін көлік немесе бағалы сыйлық ұтып алдыңыз деген смс-жолдамалар мен электронды хаттар таңғаларлық танымалдыққа ие болды. Әдетте, арам пиғылдылар «ұтыс» үшін электронды есепшотқа ақша аударуды талап етеді. Және ол қаржы ұтысты «салық пен кедендік бақылауға, сондай-ақ, үйге дейін жеткізу қызметіне төленеді» – деп, алданушыны марқайтып қояды. Ақша есепшотқа түскеннен кейін әлгі хабаршы ізім-қайым жоқ болады. Сол тауарға деген қажеттілікті байқаса, тағы басқа қызмет түрлері үшін қосымша қаржы талап ететіні тағы бар. Онысын рәсімдеу құжаттарына қажет деп бүркемелейді. Өткен айда дәл осындай жағдайға душар болған 64 жастағы зейнеткер құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірген еді. Орал қаласының тұрғыны «бағалы ұялы телефон ұтып алдыңыз» деп біреудің хабарласқанын және оның сөзіне сеніп, 17 мың теңгені «KIWI-қоржынға» салып жібергенін жеткізген. Ақша салғанын жеткізгісі келген зейнеткер ізінше нөмірдің өшірулі тұрғанын және алаяқтарға алданып қалғанын байқайды. Қолда бар ұялы байланыс нөмірі арқылы  жедел іздестіру шаралары жүргізілгенімен алаяқты құрықтау мүмкін болмады. Өйткені ол пайдаланған нөмір де, ұялы телефон да еш жерде тіркелмеген көрінеді. Бұл бір ғана зейнеткердің басынан өткен оқиға. Осы тектес жайттар күн санап орын алып жатады. Оның алдын алу үшін адамдар өз кезегінде сақ болуы шарт дейді мамандар. Мәселен, қандай да бір ұтысқа қатысқаныңыз жайында бейтаныс жанға айтуға болмайды. Цифрлық технологиялар заманында адамдар шартты түрде әлеуметтік желілер арқылы есеп беру үрдісі қалыптасты. Бұл да өз кезегінде қауіп тудыруы мүмкін. Дегенмен ұйымдастырушылардың өздері сізге байланысқа шығып жатса, ол ұйым жайында мейлінше мол ақпарат алуға тырысып баққан жөн. Және сол ақпараттың қаншалықты дұрыстығын тексеру үшін интернет желілерін аңдап көрген де артықтық етпейді. Бастысы, көз көрмеген, алақан алмаған ұтыс үшін ақша төлеуге ешкім де міндетті емес.

ТАУАР ВИРТУАЛДЫ, АҚША ШЫНАЙЫ

 Интернет алаяқтардың тағы бір мол шоғырланған жері, көп қолданатын алдау тәсілі танымал сайттар мен интернеттегі ақысыз немесе ақылы жарнама алаңдары. Заң бойынша тұтынушыға тиімді тауарды қолжетімді, арзан бағаға ұсынады. Және ол үшін бастапқы жарна төлеу керектігін міндеттейді. Бұған орай өткен жылы даулы мәселе орын алған болатын. Степногорск қаласының 34 жастағы тұрғыны ешқандай да тергеп, тексерусіз бейтаныс жанның есепшотына  музыкалық құрылғы үшін 35 мың теңге аударған. Дәл осындай бірнеше оқиға Балқаш қаласында да тіркелген. Қала тұрғындарының бірі дәрі-дәрмекті онлайн сатып алмақ болып, жарты құнын алдын-ала есепшотқа аударса, енді бірі күшік сатып алу үшін 60 мың, тағы бірі сақина үшін 85 мың теңге ақшасынан айырылған. Оларды сазға отырғызған алаяқтар құрықталды. Олардың бұрын да осындай қылмыс жасап, тіркеуде тұрғаны анықталған. Жазаға іліккенмен алаяқтық қылмысты қайталауының себебін мамандар көптеген алданушының тиісті орындарға шағым жасай бермейтіндігімен түсіндірді. Қазақстанда 100 адамның бірі ғана осындай жағдайда шағым түсіреді екен. Негізі, интернет алаяқтардың құрығына түспеу үшін, күмән туғызатын барлық сатып алулардан бас тартқан жөн.  Тауарды ұсынушы бұрын да осы қызмет түрімен айналысқан ба, тұтынушылардың пікірі қандай және олар өздері алған тауарға ризашылық білдірген бе, әуелі соны анықтау керек. Тауар жеткізілгенмен сізге ұнамаған жағдайда жарамсыз тауарды қайтып алмайтынын да ескерген жөн. Сондықтан нарықты зерттеп, орташа бағаны біліп алған дұрыс. Егер ұсынылып отырған тауар бағасы мүлдем төмен болса, онда қандай да бір шикіліктің бар болып шыққаны.

ЖҮЛІК «ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕР»

Қандай жағдайда да жеке есепшоттың реквизиттері мен құпия сөзін ешкімге айтпау керек. Щучинск қаласының 34 жастағы тұрғыны жарнама алаңдарынан жұмыс іздеп отырып, өзі армандаған жұмысты көзі шалады. «Жұмыс берушілерге» хабарласып, сол орыннан үмітті екенін жеткізеді. «Іздегенге сұраған» дегендей олар да кезекті құрбандығын тапқанына қуанып, банктен есепшот ашу үшін барлық ақпараттарды тәптіштеп сұрайды. Амал қанша, ер азамат ешқандай жұмысқа алынбайды, есесіне көп уақыт өтпей банкке белшесінен қарызға батқанын біледі. Алданушының электронды есепшоты мен жеке ақпараттарының барлығын біліп алған алаяқтар интернет-банкинг қызметін қолдана отырып өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырғандары анықталған. Осындай цифрлық технологияның жеңілдетілген тұстарының тиімсіздігі де бар екендігін уақыт дәлелдеуде. Жеке ақпарат, құпия сөз тек бір адамға ғана айқын болуы керек. Сонымен қатар банктың пластикалық картасын пайдаланушылар өз карталарына мұқият болғаны жөн. Жоғалтып не ұрлатып алған жағдайда бірден орталыққа хабарласып, картаны бұғаттаған дұрыс. «Құпия кодын өзімнен басқа ешкім білмейді» деп бейқам жүруге болмайды. Өйткені Wi-Fi қосымшасы бар банк карталары 5 мың теңге көлеміндегі тауарды қолданушының рұқсатынсыз, яғни құпия кодсыз-ақ кассадан босата беретінін ескерген жөн. Бұл да түйткілді мәселенің бірі.

ЖОҒАЛҒАН ҚҰЖАТ  АЛАЯҚҚА ЖЕМ

Соңғы жылдары жеке құжаттарын жоғалтқан жандар хабарландыру беретін әлеуметтік желілердегі арнайы топтар мен сайттар көбейді. Алаяқтардың тағы бір шоғыры осы жерлерде. Олар көрсетілген нөмірге хабарласып, құжат қолдарында тұрғанын және өздеріне қаржылай алғыс айтуды талап етеді. Жоғалған зат болғасын «бәлкім ұры ретінде ұстатып жіберерсіз» деп жалған желеу жамылып, «электронды есеп шоттарға ақша сал» деп талап қояды. Мұндай оқиға соңғы кездері көптеп тіркелуде. Ақшаны алғаннан кейін, алаяқтар жоқ болып кетеді. Тіпті, төлқұжат тұрмақ қымбат смартфондарын жоғалтқан адамдар да арнайы хабарландыру береді. Оны таптым деп жалған сүйінші сұрайтын жәлдептер аңқау адамнан алған 4-5 мың теңгені зор табыс санап, қарапайым жанды сазға отырғызады. Мұндай жағдайда мамандар жоғалған заттың табылғанына көз жеткізіп алмай тұрып ешқандай ақша аудармау керектігін айтады. Егер құжат жоғалса нөмірін, берілген жылы мен жарамдылық мерзімін, тағы сондай-сондай деректерді сұрап білген жөн.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАПАНЫН ЖАМЫЛҒАНДАР...

Алаяқтықтың дәл осы түрі үшін ешкім ешкімді айыпқа тарта қоймас. Қайырымдылыққа қаржы жинаған болып, қалтасына жымқыратын түрлі ұйымдар мен жеке адамдар көбіне жүректі елжіретер өмір жолы бар бір баланы таңдап алып, оған көмек көрсетуді сұрайды. Интернет беттерінде мұндай хабарландыруларды жүздеп, тіпті, мыңдап кезіктіруге болады. «Бүлдіршінге дәрі-дәрмек пен шетелде ота жасау үшін бірнеше миллион теңге қажет» деген мәтінді жиі көз шалады. Және көрсетілген реквизиттерге ақша аударсаңыздар дейді қиылып. Көп адамдар қайырымдылық үшін барын беруге даяр. Емнен кейін бала денсаулығы қалай болды деп қызығу былай тұрсын, көмектің кімге көрсетілетінін қазбалап сұрамай-ақ, қолдағысын бере салады. Ал желідегі парақшаның белсенділігі кімді болсын таңдандырмай қоймасы сөзсіз.  Белсенді қолданушылар да табылмай қоймайды, көмек қажет ететін жанды тергеп, тексеріп, анық-қанығына көз жеткізгісі келеді. Ақша қажет етуші тарап та барлық сұрақтарға салмақты жауап қайырады. Тіпті, жәбірленушінің медициналық құжаттары мен тікелей байланыс нөмірлерін де береді. Бірақ оның анықтығы күмәнді. Әлеуметтік желілерде қайырымды жандар жоқ демейміз. Бірақ алаяқтардың үлес салмағы басым секілді. Олардың тек қана ем қажет ететін бүлдіршіндерді ғана емес, табиғат пен жан-жануарларды қорғаймыз деп жеңіл ақша табуды көздейтіні тағы бар.

ЖЕКЕ ПАРАҚША КЕДЕРГІ ЕМЕС

Иә, интернет алаяқтықтың дәл осындай саласы бар. Олар интернеттегі адамдардың парақшасын арнайы вирустар жібере отырып, бұза алады. Онан кейінгісі өз қолдарында. Бұл үрдіс танымал парақшалар тарапына жиі жасалады. Қазақстандағы танымал парақшалардың 3 миллионнан астам жазылушысы бар. Осы аудиторияны көздеген алаяқтар вирус таратып, парақшаны өздеріне қажетті күйге келтіреді. Ол дегеніміз қолданушы өз ақпараттарын қайта растап шығады. Вирус түскен парақша мәліметтерді автоматты түрде бұзып алушыға жеткізеді. Парақшаны иесінен «тартып» алғаннан кейін оның атынан жұрттан ақша сұрайды. Интернеттегі дерек көздерін шолушы жүйе де мұндай вирустарға төтеп бере алмай жатады. Киберқылмыскерлер, тіпті, ішкі істер министрлігінің атын жамылып, «мемлекеттік заң шеңберінен шықтыңыз, тыйым салынған сайттарға кіргеніңіз үшін айыппұл төлеуге міндеттісіз» деген жалған вирустар жібереді. Мұндай жағдайда көрсетілген сілтемеге кірмеу қажет дейді мамандар. Және бұл туралы ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев: «Мемлекеттік органдар азаматтардың компьютерлері мен смартфондарын бұғаттамайды. Және браузерлердегі мұндай хабарламаларға ешқандай қатысы жоқ», – деп мәлімдеген еді. P.S: Өткен жылы Астана қаласының 21 жастағы тұрғыны 25 адамның атынан онлайн-несие рәсімдегені үшін айыпталды. Және несие алғандары жайлы сол 25 жанның бір де бірі білмеген. Бір мекемеде қызмет атқара жүріп, жеке адам басына қатысты ақпараттарды тәптіштеп жинаған жігіт бұған оңай қол жеткізген. Әрине, әр азамат жеке басын қорғап, түрлі қауіптің алдын аламын десе, ақпараттың қауіпсіздігін сақтағаны жөн. Ал әзірге ақпарат тасқыны көбіне алаяқтарға қол болып тұр.