Жалағаш мұражайында Жамбыл Жабаевтың домбырасы сақтаулы

Жалағаш мұражайында Жамбыл Жабаевтың домбырасы сақтаулы

Жалағаш мұражайында Жамбыл Жабаевтың домбырасы сақтаулы
ашық дереккөзі
Қызылорда облысы Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану мұражайында жыр алыбы - Жамбыл Жабаев пен оның немересі Әлімқұл Жамбылов қолданған домбыра сақтаулы тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Мәлім болғандай, аталмыш домбыраның мұражай төрінде тұрғанына биыл 12 жылға жуықтаған. Оны жыр алыбы - Жамбылдың өзі тартқан екен. 1927 жылы Алматы облысында дүниеге келген Әлімқұл ағамыз атасы - Жамбылдың тәрбиесін көріп өседі. Өзі де беріде айтысқа түсіп, талай жыр додаларында сөз бәсекесіне түседі. Олардың қатарында Манап Көкенов, Надежда Лушникова сынды сөз зергерлері бар. Атасы Жамбыл мен қазақтың көптеген ақын-жырауларына арнау жазған. Жарты ғасырдан астам мәдениет саласында жемісті қызмет жасаған ол, 2015 жылы дүниеден озды. «Бұл домбыраны 1982 жылы Әлімқұл Жамбылов ғалым-фольклортанушы Мардан Байділдаевқа сыйға тартқан. Сол жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында республикалық айтыс өткен екен. Домбыра біздің мұражайға 2006 жылы қабылданды. Оны Мардан Байділдаевтың қызы Жанат Байділдаева өткізді. Домбыраның шанағы қатты ағаштан шабылған. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын Әлімқұл Жамбылов қайта қалпына келтірген екен», - деді Жалағаш аудандық музейінің ғылыми қызметкері Марат Ақмырзаұлы. Домбыра жетісулық үлгіде жасалған.  Шанағы ұзын, бесбұрышты. Мойынтұғыр жағы сүйірлеу. Түйметұғыр жағы төртбұрышты. Екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарылай сәл кеңейе келе, дыбыс ойығы тұсына бір елідей жетпестен мойынтұғырына қарай тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзындау. Арқасы үшкірлі дөңестеу болып келген. Шанағының беті қарағаймен, ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылған. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай. Бастырығы мен түпкі тиегі жоқ. Мойынының сырты жұмырланып, беті еңгіштеліп тегістелген. Мойын мен шанақтың ортасында, яғни домбыраның сағасында жіңішке темір жапсырылып түйінделген. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау тесілген. Музейдің негізгі қорында №761 санымен тіркелген бұл домбыраның құндылығы ерекше жоғары екені сөзсіз.