Фрилансерлер де жарна төлейді

Фрилансерлер де жарна төлейді

Фрилансерлер де жарна төлейді
ашық дереккөзі
«Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға жаңа өзгеріс енгізілді. Осыған дейін фрилансерлер табыстарының 5 пайызын зейнетақы қорына тек өз еріктерімен ғана аударып отыратын. Ал 14 шілдеден бастап жарна төлеу заңмен бекітілді. Жаңа талап бойынша енді келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкерлер зейнетақы жарнасын төлеуге міндеттелген. Олардың қатарында жеке кәсіпкерлер, адвокаттар, нотариустер және сот орындаушылары бар. – 14 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтіндер табыстарының 10 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті болады. Жалақыларын қолма-қол алатын жұмысшылар екінші деңгейлі банктерден немесе зейнетақы қорынан арнайы шот ашуларына болады. Сөйтіп зейнетақы жарнасын сол шоттарға ай сайын салып отырады. Осы күні елімізде өз еркімен зейнетақы қорына ақша аударып отырғандар саны көп емес. Салдарынан олар үй кезегіне тұратын кезде, мемлекеттен жәрдемақы аларда немесе банктен несие рәсімдейтін болса біршама қиындықтарға тап болатын. Ал жаңа заң келісімшартпен жұмыс істейтіндердің әлеуметтік көмек алуларына жол ашпақ. Оның үстіне зейнетақы төлемдерін биылдан бастап тек бір ғана мекеме жүзеге асырады, – дейді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрайымының орынбасары Сәуле Егеубаева. Заңға енген өзгеріс бойынша, зейнетақы төлемдері «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асады. Бұрын қариялар зейнетақы алу үшін мемлекеттік корпорацияға өтініш жазатын. Ал базалық зейнетақыны тағайындау үшін қордың көмегіне жүгінетін. Бұдан былай осы жұмыстардың барлығын Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары атқарады. Ал зейнетақы қорына ақша аударудан бас тартқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Оларға салынатын айыппұл көлемі 25 мың теңгеге жуық. Өткен жылы салымшылардың қорға салған ақшасы 32,1 млрд теңгеге жеткен. Оның 5,7 миллиардын келісімшартпен жұмыс істейтіндер өз еріктерімен аударған.