Бауырластық - бабалардан қалған жол

Бауырластық - бабалардан қалған жол

Бауырластық - бабалардан қалған жол
ашық дереккөзі
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр жылдағы Жолдауларында сыртқы саясатқа арнайы тоқталып, көрші елдермен, әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Сондай көршілес, бауырлас ел, Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің бірі – Өзбекстан. Екі елдің халқы ғасырлар бойы араласып жатқаннан кейін, тарихи тамырымыздың байланысы да тереңде. Екі елдің достығын одан әрі нығайту мақсатында 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы және Қазақстанның Өзбекстандағы жылы болып жариялануы көңілге қонымды. Бауырлас елдердің мәдени бауырластығы жаңғырып, экономикалық байланыстары одан әрі нығая түсетіні сөзсіз. Достық қарым-қатынас пен мәдени-гуманитарлық байланысты жаңғырту жолында Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында елімізде бірнеше мәдени іс-шараны өткізу жоспарланған. Астанада түркі халықтарының атақты философы, мемлекет қайраткері Әлішер Науаиға ескерткіш орнатылатын болса, Өзбекстанда абайтануға арналған өзбек президентінің арнайы қаулысы шықты. Өздеріңізге белгілі, «Қиырдағы қазақтар» жобасының аясында алыс жұрттағы қандастарымыз туралы да талай тарихи маңызды мәліметтер жинақталатыны аян. Тарих парақтарына сәл үңілсек, Дешті Қыпшақ даласында Әбілхайыр хандығы немесе «көшпелі өзбектер мемлекеті» ыдырап, Қазақ хандығы құрылып болғаннан кейін Әбілхайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани хан бастаған шайбанилық тайпалардың үлкен тобы 1501-1505 жылдары осы аймаққа келді. Олар Әмір Темір ұрпақтары әулетін биліктен ығыстырып, жергілікті отырықшы тұрғындармен араласты. Тарихи әдебиетте жергілікті тұрғындар жалпылама атаумен «шағатайлықтар» делінеді. Қазіргі қазақ жерінде де, өзбек жерінде де түркі тілдес және моңғол тілдес тайпалар моңғол дәуіріне дейін де, одан кейін де көптеп қоныс аударды. Олар жергілікті халықпен араласты. Қазіргі Өзбекстанның аумағы XIII ғасырда Шағатай ұлысының құрамына енді. Шағатай ұлысының кезінде «Шағатай тілі» деп аталған Орта Азиялық түркі тілі қолданылды. Ал ерекшелігіне келетін болсақ, Қазақстанда халықтардың қалыптасуы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтың негізінде жүрді. Көшпелі тұрмыс салты бұған өз ықпалын тигізбей қоймады. Мұхаммед Шайбани хан – Әбілхайыр ханның тұңғыш немересі, 1451 жылы дүниеге келген. Анасы – Қарагөз бегім, қазақ ханы Қасым ханның шешесі. Жаған бегім екеуі апалы-сіңлілер. Қазақ хандығы құрылған кезден бастап-ақ Сыр бойындағы қалалар үшін күрес жүргізді, бұл күресте Мұхаммед Шайбаниді Әмір-Темірдің ұрпақтары пайдаланды. Шайбанидың бұл күресі ширек ғасырдай уақытқа созылды. Оны Моғолстан мемлекеті қолдады. Бұл уақытты Мауреннахр тарихында шайбанилық әулиеттің тарихы деп атайды. Мұхаммед Шайбани хан көшпелі өзбектермен бірге келген ру-тайпалардың билері мен бектері жақсы өңірлерді иеленді. Біртіндеп оларға бағынышты тұрғындар «көшпелі өзбек емес», «өзбек» деп атала бастайды. Оларды ортақтастырған алғы шарттардың бірі– бәрінің мұсылман болуы еді, екіншіден, олардың көпшілігі түркі тілдес болып келді. Осылайша Дешті Қыпшақтан келген олар бұл жерге «өзбек» этнонимін ала келді. Шайбани ұлысы кейіннен Өзбек ханның атымен өзбек хандығы аталып, бүгінгі Өзбекстан мемлекетінің атауына айналса, ал Қазақ хандығынан бастау алған бүгінгі қазақ елі – Қазақстан тарих сахнасынан өз орнын ойып тұрып алды. Қазақтар мен өзбектердің қалыптасуы мен дамуында ортақ мәселелер көп: олар бір этногенетикалық отбасыға кіретін көршілес елдер. Қазақтың көрнекті мемлекет қайраткерлері, қолбасшы, би-шешендері өзбек жерінде туып-өсіп, білім алып немесе мәңгілік тұрақтарын тапқандары тарихтан белгілі. Нұрата аймағында дүниеге келген Әйтеке би және оның ұрпағы Жалаңтөс батыр Самарқандағы Ұлықбек медресесінің қарсысынан 1620-1636 жылдары «Ширдор» (Арыстан қақпа) медресесін салдырды. 1646 жылы екі медресенің ортасынан «Тіллә Қари» (Алтынмен апталған) медресесінің құрлысын бастапты. Жалаңтөс баһадүр салдырған кешенді құрылыстар Самарқандағы Регистан алаңын қалыптастырып, қаланың салтанатты орталығына айналады. Жалаңтөс баһадүр шын мәнінде өзбек, қазақ, қарақалпақ, қырғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұхара, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, бүкіл Орта Азия сахарасының да қорғаны бола білді. Ташкент қаласының ең көрнекті орындарының бірі саналатын «Төле би кесенесі» сәулет кешенінде қазақтың абыз перзенті Төле би жерленген. XVІІІ ғасырдың бірінші жартысында салынған кесене – қазіргі Ташкент аумағындағы ең көне, тарихи маңызы зор ескерткіштердің бірегейі. Тарихи тұлғалардың қайсыбірінің өмір деректерін зерттесеңіз де, олардың бір ұшы өзбек бауырластардың тарихи деректеріне тірелетіні екі елдің тығыз байланыста болғанын аңғартады. Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қырғидай тиген Кеңес Одағының Батыры генерал Сабыр Рахимов та екі елге ортақ тұлға. Екі елдің ынтымағы әлемдегі қауіпсіздік мәселесіне қатысты ең қиын түйіткілдерінің бірі – ядролық қарусыздандыру мәселесін оңынан шешуге ықпал етті. 1991 жылы Қазақстан Семейдегі сынақ алаңын жапқаннан кейін, 1993 жылы Өзбекстанның сол кездегі президенті Ислам Каримов Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялауды ұсынды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылы Ташкентке сапары барысында қол қойылған Біртұтас экономикалық кеңістікті құру туралы шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байланысты жан-жақты дамытты, әсіресе экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге септігін тигізді. Ал 1997 жылы наурызда жасалған Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан Республикаларының арасындағы Мәңгілік достастық туралы үшжақты шарт – қарым-қатынасты дамытудағы тағы бір маңызды қадам болды. Елбасының 1998 жылдың қазанында Өзбекстанға жасаған ресми сапары көршілес елдердің ынтымақтастығын одан әрі арттыруға тың серпін берді. Шын мәнінде, екі ел бір-біріне сенімді серіктес, сондықтан Қазақстан-Өзбекстан достығы мен ынтымақтастығын тереңдете түсу ісі жалғаса бермек. Өзбекстан – Қазақстанның Орталық Азия мемлекеттері арасындағы ірі сауда әріптесі. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымы ауыл шаруашылығы, металлургия және мұнай өнімдері негізінде өсіп отыр және де Қазақстанда Өзбекстанның жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне деген ерекше сұраныс барын атап өткен жөн. Бауырлас екі мемлекеттің бизнес құрылымдары арасындағы өзара инвестициялар көлемін арттыру көзделіп, Қазақстан 2012 жылдан бері Өзбекстанға бағыттаған инвестициясының көлемін 5 есеге ұлғайтты. Өз кезегінде көрші мемлекет осы жылдың бірінші тоқсанында 4,4 млн доллардан астам тікелей инвестицияны еліміздің экономикасына салды. Екі елдің мәдени бауырластығын жаңғыртып, экономикалық байланыстарын нығайта түсудің алғы шарттары үстіміздегі жылы Астана қаласында өткен Орта Азия басшыларының саммитінен бастау алып, әлем халықтарына үлгі болды. Екі елдің де мақсаты ең әуелі, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм және экстремизммен күрес, экономикалық және экология мәселелерін бірге шешуге жол ашу. Өзбекстан – демографиялық және сауда-экономикалық әлеуеті, мемлекеттілік және мәдени дәстүрлерінің сабақтастығы тұрғысынан мүмкіндіктері зор, Ауғанстанмен тарихи байланыстары терең және әлемдегі әртүрлі орталықтармен өзіндік сипаттағы тепе-теңдікті сақтап келген мемлекет. Сондықтан болар, Елбасы Н.Назарбаевтың Орталық Азия елдерінің одағын құру туралы бастамасы әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осы бастаманы негізге ала отырып, Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның даму тұжырымдамаларында ұлттық-мемлекеттік құрылыс стратегиясынан біртұтас аймақ құру идеясына өту – XXI ғасырдағы ең басты міндеттердің бірі деп қабылдады. Ш.Мирзиёев билікке келгелі бері Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанмен де байланыстарын жаңа деңгейде қалыптастыруға ниет танытып, қажетті шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда Өзбекстан «Егер халық бай болса, онда мемлекет те бай әрі қуатты болады» деген қағидаға сай өмір сүріп, кәсіпкерлікті дамыту мен іскерлік саланы түбегейлі жақсарту мақсатында жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге жол ашуға бет бұруда. Қазақстан мен Өзбекстан – 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өмір сүретін көп ұлтты мемлекеттер. Қазақтар мен өзбектер – бауырлас халықтар. Қазіргі таңда Өзбекстанда үлкен қазақ диаспорасы өмір сүруде. Сонымен қатар, өзбек ұлысының 600 мыңнан астам өкілі қазақ жерін мекен етуде. Еңбекқорлық, сабырлылық және мейірімділік сынды қарапайым адами қасиеттер осы ұлттарға тән және мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының кепілі болмақ. Екі елдің тарихи шежірелерінде де, киелі қоныстарында да ұқсастық және бір-бірінен ажырата алмас тұтастық бар, бұл екі ел арасындағы туристік байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында таптырмас тұғыр. Сондықтан қазақстандық туристік қауымдастық Өзбекстан қалалары Ташкент – Бұхара – Самарқан − Шымған және қазақ қалалары Түркістан – Шымкент – Тараз – Алматы арасында туристік дәліз құруды ұсынады. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта лайықты орынға ие болып, бүгінде нарықтық экономикасы қуатты әрі азаматтық қоғамы ашық, қарқынды дамыған демократиялық мемлекетке айналды. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргелес елдермен тату көршілік пен өзара түсіністік қарым-қатынастарының зор маңызы бар. Осы қатынас арқасында бауырлас өзбек және қазақ халықтары арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік көпірі қаланады. Діні бір, тілі бір, тарихы бір халықтардың интеграциялық байланыстарды үдетуіне ешкім кедергі келтіре қоймас, тек өзара достық қатынас үшін ықылас пен ниет болса болды. Қазақ пен өзбектің бауырмал ағайындық қарым-қатынасы екі мемлекеттің ғана емес, Алты Алашты ұран еткен тұтастай түркі елдерінің мерейі үстемдігін білдіретіні мәлім.

Өтеубай Қожақұлы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

мемлекеттік университетінің профессоры,

тарих ғылымдарының докторы