Аға ұрпақты қолдау

Аға ұрпақты қолдау

Аға ұрпақты қолдау
ашық дереккөзі
Елімізде зейнет жасындағы азаматтарға ерекше қолдау көрсетілетіні белгілі. Осыған орай, қарттардың зейнетақысы да жыл сайын көтеріліп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да зейнеткерлердің зейнетақысы ескерусіз қалған жоқ. Қарияларға қамқорлық көрсетуден Алматы қаласының әкімдігі де кенде емес. Бұған кеше ғана тұсауы кесілген «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» дәлел. Алматы қаласының әкімдігі мен «Күміс ғасыр» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырған жоба негізінде шаһарда зейнет жасындағы азаматтарға арналған орталық ашылды. «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» зейнеткерлер кез келген уақытта бас қосып, пікір алмасады. Одан бөлек бұл орталықта қарттарға заңгер, психолог, дәрігер мамандары кеңес береді. Орталықта ақсақалдар клубы, компьютерлік сынып, денешынықтыру бөлмелері бар. Тіпті, ниетті жандарға шет тілдерін үйретіп, компью­терлік сауаттылығын арттыруға да көмектеседі. Орталықта йога, аэробикамен шұғылданып, шахмат, үстел теннисін ойнауға мүмкіндік бар. Алматы қаласында алғаш рет ашылып отырған орталық мамандары күніне 75-80 адамды қабылдай алады. Ондағы қызметкерлер егде жастағы азаматтардың зейнетке шыққан соң жалғызсырап, қоғамнан бөлініп қалмауына жәрдемдеседі. Ресми деректерге сүйенсек, Алматы қаласы тұрғындарының 12 пайызы зейнеткерлер. Сол қариялардың өмір сүру салтын жақсарту мақсатында шаһарда арнайы жол картасы да әзірленген. Жоспар бойынша бүгінге дейін 32 әлеуметтік клуб өз жұмысын бастады. Соның арқасында мыңнан астам зейнеткер компью­терде мәтін теріп, ғаламтормен жұмыс істеуді меңгеріп үлгерген. Алдағы екі жылдың ішінде бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу  жоспарланған. Жуық арада қаржы табам деген қарияларды қолдауға  арналған «Ata-Apa»  интернет сайты ашылмақ. Жыл сайын Алматыда 4 мыңдай қариялар шипажайларда ем алса, 17 мыңнан астам адам әлеуметтік жәрдемақы алады.Сондай-ақ, зейнеткерлердің 75 пайызы қоғамдық көліктерде тегін жүреді.  Биыл  800-дей  жанды  фитнес-клубтар мен бассейндерге апару жоспарланған. Ал жаңадан ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» күніне 75 қарияның көңіл күйін көтермек. Аталмыш орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек әкімдіктің ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың мәселесін шешумен айналысатынын атап өтті. «Мемлекет басшысыныӊ тапсырмасымен біз Алматыда мемлекеттік балабақшаларға ақы төлеуді екі есе төмендеттік. Жастарға қолдау көрсету үшін студенттік жатақханалар салынуда, жас отбасылар алғашқы жарнаны төлемей-ақ, 5 пайыздық несие алып, тұрғын үй мәселесін шеше алады. Дегенмен тұрғындардыӊ тағы бір категориясы бар, олар көмекке зәру. Бұлар – егде жандар, Алматыда олардыӊ қатары 12 пайыздан астам. Жасы келген адамдар зейнетақымен шектелмеулері тиіс. Олар өздерініӊ керек екендіктерін сезінгендері жөн. Сондықтан біз биылғы жылды Алматыда аға ұрпақты қолдау аясында өткізетін боламыз», – деді Бауыржан Байбек.