28 Маусым 2018, 15:47 1762 0 Өнер Әсел ӘНУАРБЕК

«Астана – ұлы даланың інжу-маржаны»

Еліміздің бас қаласы – Астананың 20 жылдық мерейтойы ел аумағында ғана емес, шет мемлекеттерде де аталуда. Апта басында Ресейдің Астрахань қаласында «Астана – ұлы даланың інжу-маржаны» атты фотокөрменің тұсауы кесілді.

Қазақ халқының ұлттық мақтанышына айналған Астананың әсем келбетін таныстыратын фотокөрме Астраханьдағы облыстық тарихи өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Фотокөрмеде елордадағы негізгі нысандар мен көркем орындардың фотосуреттері жиналған қауым назарына ұсынылды. Аталмыш көрменің ұйымдастырылуына Елбасы қоры мен Қазақстанның Астраханьдағы консулдығы қолдау білдірді.

Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған көшпелі фотокөрмені тамашалауға келген көрермендер өте көп болды. Ал көрменің ашылуында сөз алған Астрахань облысының губернаторы Александр Жилкин қазақстандықтарды Астананың 20 жылдығымен құттықтады. «Астана қазір Еуразияның кіндік қаласына айналып үлгерді. Президент Нұрсұлтан Әбішұлының төл перзенті саналатын елорда осы заманғы озық ой мен технологияның жемісі екені анық. Әсіресе, қаланың кіре берісіндегі «Астрахань» ауданы біздің көңілімізге жылылық пен мақтаныш ұялатады. Себебі ол бізді Қазақстанмен байланыстыратын тағы бір алтын көпір деп білемін», – деді ол.

Дәл осындай фотокөрме Чехия астанасы – Прагада да өтті. Чехиядағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен өткен фотокөрмеге жиырмаға жуық фотосурет қойылды. Астананың айрықша ғимараттары бейнеленген фотосуреттер чехиялықтардың көңілінен шықты. Чехиядағы Қазақстан елшілігінің бірінші хатшысы Мәдина Мұратбекова: «Чехия қоғамына Астананың әлеуметтік мәдени саласындағы даму үрдісі, заманауи үрдісі, замануи құрылыс нысандары таныстырылып отыр», – деп атап өтті.  Айта кету керек, Чехиядағы елшілік қазақ жазушыларының еңбектері жинақталған кітап көрмесін де ұйымдастырды. Кітап көрмесіндегі басты жәдігер – Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты еңбегі. Аталмыш тарихи туынды әлемнің 30 тіліне аударылып, 3 миллионға жуық данамен жарыққа шыққан болатын.

Соңғы жаңалықтар