Келімсектер еуропалық құндылықтарға көлеңке түсіре ме?

Келімсектер еуропалық құндылықтарға көлеңке түсіре ме?

Келімсектер еуропалық құндылықтарға  көлеңке түсіре ме?
ашық дереккөзі

Адам құқығы мен теңдікті ту еткен кәрі құрлық ХХІ ғасырда ойламаған жерден идеологиялық қарама-қайшылықтарға тап болды. Бір жағынан, мыңдаған мигранттар демографиялық дағдарыстағы Еуропа үшін тиімді экономикалық тетік болса, екінші жағынан, олар – әлеуметтік-саяси қауіпсіздікке және әлеуметтік тепе-теңдікке төнген қатер.

Түптің түбінде, пана іздеген мыңдаған заңсыз мигранттардың тасқынына еуропалық әлеуметтік мемлекеттер ұстыны төтеп бере ала ма? Егер шұғыл шара қолданып, қиыннан жол таппаса, Еуропа өз тұғырынан таяды. Себебі идеологиялық ұстындарды қолдаса, әлеуметтік дағдарысқа тап болмақ, ал материалдық игіліктерін қорғаса, жылдар бойы темірқазық саналған құндылықтарынан бас тартқан болады.

Еуропа тарихында мұндай миграциялық дағдарыс бұрын-соңды болған емес. Өз ішінде халықтардың қоныс аударуы, мәдениеттердің өзара ықпалдастығы болғаны рас. Бірақ басқа құрлықтан шыққан, түр-түсі бөлек, діні жат, тілі бөтен түрлі халықтардың жаппай ауа көшуінің себеп-салдарын әзір салмақтап үлгерген жоқ. Себебі бүгінгі миграциялық процесс кәрі құрлықтың өзі үшін тарихи нонсенс.

Ресми деректерге қарағанда, 2002-2010 жылдар аралығында заңсыз мигранттар саны жылына 20 мыңнан аспаған екен. Соңғы жылдары жағдай күрт өзгеріп, 2014 жылы олардың саны 169 мыңға жетті. Ал биылғы жылдың қаңтар мен шілде айы аралығында кәрі құрлыққа 340 мың заңсыз мигрант келген.

ХХІ ғасырдағы миграцияның түрлі себептері бар. Саяси, әлеуметтік, экономикалық, тіпті психологиялық себептердің әрқайсысына жеке тоқталып көрелік.

Саяси себеп. Еурокомисссия босқындар мәселесін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі дағдарыс деп атады. Шындығында, аймақтық қақтығыстар мен соғыстардың кесірінен әлемнің саяси картасы өзгеріске түсті, енді әлеуметтік-этностық сипаты ауысып жатыр.

Босқынның тағдырын ешкім өз қалауымен таңдап алмас. Соғыс өрті қаулаған елдерден бас сауғалап, мыңдаған адам туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Олардың мұндай аттың жалы, түйенің қомында қалған тағдырына жергілікті билік те, батыстық демократияшыл елдердің саясаты да кінәлі.

Сирияда, Иракта, Ливияда соғыс басталғанда кәрі құрлықты оның өрті еш шарпымастай көрінген. Мысырда жергілікті билік құлап, әскери төңкеріс болғанда, оның салдары туристік бағыттардың өзгерісімен ғана шектелер деген.

Кезінде «Араб көктеміне» түрткі болған саяси себептер енді ашық айтыла бастады. Базбір еуропалық қайраткерлер Африка мен Азияны жайлаған тұрақсыздықтың түп тамырын АҚШ пен Израильдің сыртқы саясатынан іздейді. Ауғанстан мен Иракта соғыс қимылдарын жүргізген саясаткерлердің қателігінен көреді. Тунистен Ауғанстанға дейінгі аймақтағы тұрақсыздық саясаттың салдары деседі.

Шындығында, араб елдеріндегі төңкерістер кезінде Италия жағалауларына 65 мыңдай босқын табан тіреген. Ал 2014 жылы бас сауғалап келгендер саны 170 мыңға жетті.

Соғыс пен берекесіздіктің кесірінен Африкадағы Сомали, Эритрея, Таяу Шығыстың көптеген тұрғындары да туған үйін тастап, босып кетті.

Ендеше, Азия мен Африкада тыныштық орнамай, тұрақтылық пен береке қайта оралмай, Еуропа бұрынғысынша қамсыз өмір сүре алмасына көзі жете бастады. Босқындар мен келімсектер тасқынын тоқтату үшін олардың елінде бейбіт тұрмыс орнатуға атсалысу керектігін еуропалық саясаткерлер түсінген сияқты.

Әлеуметтік себеп. Адам құқығын жалаулатқан еуропалық елдерде босқындар белгілі бір артықшылықтарға ие. Қазіргі таңда Еуропаға бағытталған миграцияның негізгі салмағы Германия мен Швецияға түсіп отыр. Мұның себебі босқындарға жасалатын жағдай әр елде әр түрлі деңгейде. Мысалы, скандинавиялық мемлекеттер мигранттарға жергілікті тұрғындармен тең жағдай жасайды: оларды баспанамен қамтамасыз етіп, балаларын оқытуға, тегін медициналық көмек алуға құқық береді.

Ал Германия заңдарына сәйкес, босқындар пана сұраған өтініш қаралып жатқан алғашқы үш ай ішінде тегін жатын орынмен, тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі әрі оларға медициналық көмек тегін көрсетіледі. Бұдан бөлек, адам басына айына 143 еуродан беріледі. Ал осы орталықтан шыққаннан соң босқындар ай сайын ересек адамға 287 еуро мен 359 еуро аралығында көмек, алты жасқа дейінгі балаларға 84 еуро алуға қақылы. Оның үстіне, енді олар әлеуметтік баспана алуға талпынады. Неміс билігі беретін осы ақшалай көмек бұл елге «экономикалық мигранттардың» көптеп келуіне себеп дейді сарапшылар. Германияның ішкі істер министрі Томас де Мезьердің айтуынша, бұл елдегі босқындар алатын қызмет түрлері мен ақшалай көмектің құны Албания, Босния, Косово сияқты елдердегі еңбек адамының жылдық табысынан артық екен. Басқаша айтқанда, жылына 3,5 мың еуродан көп деген сөз.

Вице-канцлер Зигмар Гарриэльдің айтуынша, неміс үкіметі биыл босқындарды қабылдауға 3 миллиард еуро жұмсауы мүмкін. Германия үкіметі қыркүйек айының соңында аймақтарда босқындарды қабылдау мәселесіне қатысты суыт кеңес өткізуге бекініп отыр. Себебі қазірдің өзінде босқындарды қабылдау орталықтарында қосымша 150 мың орын қажет екені белгілі болды. Босқындар мен мигранттарды еңбекпен қамту үшін жергілікті жұмыспен қамту орталықтары да үкіметтен қаржылық қолдау сұрауда.

Ұлыбританияда босқындарға жан басына аптасына 35 фунт (шамамен 50 еуро) береді. Екі баласы бар отбасыға аптасына 148 фунт (208 еуро) бөлінген. Францияда босқындар тегін медициналық сақтандыруға ие болады, ал босқындар лагерінен орын табылмаған әрбір адамға 340 еуродан бөлінеді. Жатақханада орналасқандарға жағдайына байланысты айына 91 еуродан 718 еуроға дейін бөлінеді.

Германиядағы босқындардың жартысына жуығы Югославиядан келген келімсектер. Яғни, олар соғыс өртінен бас сауғалағандар емес, жақсы тұрмыс іздеген экономикалық мигранттар деген сөз. Олар да босқындарға берілетін жеңілдіктерді пайдаланады екен. Енді жергілікті билік босқындар туралы заң талаптарын күшейтуге тырысуда. Егер жаңа талаптар қабылданса, онда босқын мәртебесін Сирия сияқты соғыс өртіне оранған елден келген келімсектер ғана алуға құқылы болмақ.

Сонымен, қазір еуропалық мемлекеттер мигранттарға жасалатын көмек аясын шектеуге тырысуда. Мақтаулы Еуропаның тосылған тұсы да осы. Бір жағынан, бас сауғалап келген келімсектерге еуропалық құндылықтарға сай жағдай жасау керек, екінші жағынан, көмек сұрап келушілер қатарын сирету керек. Бұл тығырықтан шығар жол әзір табылар емес.

Экономикалық себеп. Еуропа елдерінің бақуатты тұрмысы кедей елдердің қызғанышына да, қызығуына да себеп.

Еуропаның өзі ішкі миграцияны реттей алмай, әрі-сәрі күйге түскелі қашан. Шығысеуропалық еңбек мигранттары үш-төрт жыл бұрын Чехияға аттанатын болса, соңғы кездері Польшаға көбірек ауа бастады. Еңбек мигранттарының босқындардан бір айырмашылығы олар Еуропалық Одақта жағдай жақсы болғандықтан, яғни табыс табу үшін қоныс аударады. Ал босқындар өз елдерінде жағдай нашар болғандықтан, яғни бөтен елге бас сауғалап барады.

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Румыния мен Болгария тұрғындарына Еуропалық Одақ елдерінде жұмыс істеуге берілген шектеуді алып тастады. 2004 жылдан бері Шығыс Еуропадан Ұлыбританияға жарты миллионнан аса еңбек мигранты келген. Қазірдің өзінде Ұлыбританияда 150 мың румындар мен болгарлар өмір сүріп жатыр.

Жалпы, ағылшын жеріндегі жұмыс көзі көбірек әрі мұнда әлеуметтік көмек алу жеңілірек. Ұлыбританияда жұмысқа тұру, жергілікті тұрмысқа бейімделу жағдайы жақсы, босқындардың Францияға тұрақтамай, Тұманды Альбионға өтіп кетуге ұмтылатыны сондықтан болса керек. Бірақ Шенген аймағына кірмейтін болғандықтан және шекаралық бақылаудың қатаңдығының арқасында Ұлыбританиядағы босқындар саны Германиямен салыстырғанда әлдеқайда аз. 2014 жылы олардың саны 31 400-ге жеткен. Тіркелген босқындар саны бойынша Ұлыбритания Еуроодақ бойынша бесінші орында тұр екен.

Дегенмен, қартайған Еуропа иммигранттарға зәру. Арадағы теңізден өтіп, тау-тасты кезіп, өзге құрлыққа баруға жүрегі дауалайтындар негізінен жастар болса, қартайып бара жатқан ұлттарға жас жұмыс күші ауадай қажет. Оның үстіне, еуропалықтарды біржола құрып кетуден сақтайтын бұла күш те осылардан болмақ. Сондықтан Еуропа белгілі бір деңгейде иммиграциялық толқынды қолдайды. Тек оның еуропалық қалыпты бұзатын тасқынға айналуына жол бергісі келмейді.

Психологиялық себеп. Әдетте бөтен елден бас сауғалап, пана сұрап не нәпақа іздеп баратындар қоғамның белсенді мүшелері, еті тірі тұрғындар. Мұндай адамдар барған жерінде де күнкөріс үшін жанталасып әрекет ететін көрінеді. Яғни, қай жерде жүрмесін, қозғалыс, яғни, өзгеріс тудырады деген сөз. Иммигранттар елінің ең үлкен мысалы Америка осыған нақты дәлел.

Екінші жағынан, өз елін тастап шыққандар басқа жерде тұрмыстың әлдеқайда жайлы, өмірі қауіпсіз, болашақ жарқын екеніне сенеді. Асан Қайғы сияқты Жерұйықты іздемесе де, қамшының сабындай қысқа ғұмырын қайғысыз өткізу үшін көшіп-қонудың қандай да бір ауыртпашылығын көтеруге даяр. Жылы орнын суытқан адамдар орныққан жерінен дүр көтерілуге қай кезде де бейім тұрады. Сондықтан иммигранттардың өздері де, ұрпақтары да бір елге тамыр жая қоюы қиын. Егер барған жерінде жағдай күрт өзгеріп, ахуал қиындайтын болса, кешегі мигранттың қайтадан сап түзеп, одан әрі сапар шекпесіне ешкім кепіл бола алмайды. Басқаша айтқанда, бұл орайда мигранттар мен босқындардың писхологиясы ұқсас: олар барған елін біраз уақыт бөтенсиді, біржола сіңісуі екіталай.

ЖАҢА БАҒЫТТАР

БҰҰ дерегіне жүгінсек, 2015 жылдың басынан бері 300 мың босқын Еуропаға теңіз жолы арқылы жеткен екен. Өз елінен безген мигранттар адам тасымалынан байлыққа белшесінен бататын контрабандистер үшін пайда көзіне айналды. Жерорта теңізіндегі мыңдаған босқындардың аянышты тағдыры әлемдік ақпарат құралдарында айтылып-жазылып жүр. Жыл басында тіпті контрабандистердің адам тоғытқан кемелерді жағалауға жақын жерде басқарусыз тастап кеткен оқиғалары да тіркелген.

Сириядан бортына жүздеген адам тоғытқан талай кеме Италия жағалауына келіп тоқтады. Олардың ішінде діттеген жеріне жетпей, орта жолда ажал құшқандары қаншама. Былтырғы жылы Италияға Африка мен Таяу Шығыстан теңіз арқылы 170 мыңдай босқын келген екен. Мыңдаған мигранттардың ішінде тірі қалып, аман жеткендерінің ғана саны бұл.

Былтыр Жерорта теңізінде 34 мыңнан аса босқын қаза болған. Алдыңғы жылы теңізден өтпек болған 700 адам ажал құшқан еді. Бірақ қайғылы оқиғалар тізбегі де Еуропаға ағылған адам тасқынын тоқтата алмады.

Қазір Сириядан қашқандар Түркия арқылы Сербияға, одан Венгрияға заңсыз өтіп жатыр. Заңсыз мигранттардың бағыты: Сирия – Түркия – Грекия – Македония – Сербия – Венгрия. Одан әрі Шенген шеңберіндегі бақуатты елдер қол созым жерде ғана тұр. Кей деректерге қарағанда, бір адамның осы жолды басып өтуі 5000 еуроға дейін шығындануды қажет етеді. Ал ақшасы жоқ мигранттар бөтен елдің ой-шұқырын түгендеп, түн жамылып, адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп, оның үстіне, жергілікті қарақшылардың тонауына түсіп, жем болса да, өлген-тірілгеніне қарамай алға ұмтылады.

Қазір Венгрия Сербиямен арадағы шекараны тікенді сыммен және дуалмен қоршап, заңсыз мигранттардан өздігінше қорғанып жатыр. Бірақ адам тасқынына тікенекті сым бөгесін болады дегенге сену қиын. Бір жол жабылса, екінші бір бағыт ашылады. Адам өмірін ақшамен өлшеген контрабандистер бұған сеп.

Мұның бір дәлелі, Ұлыбританияның The Guardian газетінің жазуынша, сириялық босқындар жақында Еуропаға Ресейдің Норвегиямен шекарасы арқылы өтетін жол тапқан.

ПЛЮРАЛИЗМ ПІКІР ҚАЙШЫЛЫҒЫНА ҰЛАСТЫ

Еурокомиссия босқындар мәселесін шешуде біліксіздік танытып отыр. Брюссель ұсынған жолдар босқын дағдарысын біржола шешуге тиімсіз. Себебі еуропалық көшбасшылар мигранттар мәселесінде дағдарыстың салдарларымен ғана күресуде. Ал бұл дағдарыстың туындау себебі неде дегенде, еурократтардың көбі үнсіз қалды.

Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан «Еуропа тек еуропалықтар үшін» деп ұран тастады. Орбанның үндеуін ашық та, астыртын да қолдаушылар жетерлік. Бірақ адам құқығын алға тартып, еуропалық құндылықтарды қорғаушылар мұндай оқшаулану саясатына қарсы.

Шын мәнінде, Брюссель Еуропаның төл ұстынына қайшы іс-қимыл жасауға құлықсыз. Бірақ соғыс пен кедейшіліктен қашқан мыңдаған, келешекте миллиондаған болуы мүмкін адамға пана беруге кәрі құрлық дәрменсіз. Сондықтан еуропалық басты қағидалардан бас тартуы ықтимал. Еуропалық қағидалар адам құқығын қорғау және өміріне қауіп төнген адамдарға пана беру еді.

Германия Еуропаға босқындардың қаптап кету себебін Италия мен Грекияның солқылдақтығынан көріп отыр. Дублин конвенциясына сәйкес, пана іздеуші келімсектер Еуропа аумағына табан тіреген елде тіркеуден өтіп, сол елден пана тауып, қажетті көмек алуы тиіс. Бірақ Италия мен Грекия билігі босқындарды одақтастар жеріне кедергісіз өткізіп жіберуде. Солтүстікке қарай ұмтылған мигрантттардың қалауы бұған басты себеп болса, екінші жағынан, мыңдаған босқынды орналастырып, жұмыспен қамтуға, әлеуметтік қолдау беруге Италияның да, Грекияның да шамасы жетпейді. Бұл елдердің экономикалық қиыншылығы өз басына жетерлік.

Австрия мен Германия Рим мен Афиныны осы орайда Еуропалық сотқа беруге дайын екенін мәлімдеді. Ал Италия мен Грекия босқындарды қабылдаудың бар салмағы өздеріне түскенін айтып, басқа одақтастарына «қолдау білдірмейсіңдер» деп айып тақты.

Еуропалық елдер босқындарды қабылдау үшін әр елге белгілі бір мөлшерде квота белгілеу мәселесін талқыға салды. Бірақ Шығыс Еуропа мен Балтық елдері өз жерінде еуропалық қағидаға сәйкес босқындарды қабылдауға дайын болмай шықты. Салыстырмалы түрде тыныш Эстонияның өзінде 200 босқынды квота беріп қабылдау керек пе жоқ па деген мәселеге байланысты қоғам екіге жарылып, айтыс-тартысқа бой алдырды.

Бірақ Чехия, Эстония, Латвия, Литва, Нидерланды, Португалия, Франция елдері міндетті квота белгілеуді қолдамайды. Еурокомиссияның бұл ұсынысын кері қайтару үшін 15 мемлекеттің бірауыз қарсылығы қажет. Чехия басшылығы босқындарды кәрі құрлықта құшақ жайып қарсы алудың орнына, олардың өз елінде көмек беру керек деп санайды.

Чехия Еурокомиссия ұсынған жүйе бойынша босқындарды қабылдауға квота белгілесе, оның мөлшерін өзі бекітуге ынталы. Ол тіпті Люксембургте Еуропалық одақпен Еуропалық сотта соттасуға дайын.

Бұл жағдай еуропалық біртұтастық пен бауырластыққа сына қағылғанын көрсетеді. «Ортақ өгізден оңаша бұзау жақсы» деген қағидаға еуропалық елдер бой алдыра бастағандай.

НЕМІСТЕР ЕКІГЕ ЖАРЫЛДЫ

Былтыр Германияда 200 000 босқын тіркелген. Биылғы жылдың алғашқы үш айында келген 85 мыңның дені Косово, Сирия, Сербия, Албания, Ирак және Ауғанстаннан шыққан.

Неміс Ішкі істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биыл Германияға баспана сұрап келуші келімсектер саны 800 000-ға жетуі мүмкін. Бұл дегеніңіз, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда төрт есе көп.

Мигранттар мәселесі кәрі құрлықта екіұдай көңіл-күй тудырды. Германияның өзінде келімсектерге түсіністікпен қараушылар да, оларды жек көрушілер де баршылық. Әсіресе, Шығыс Германия тұрғындары сырттан келгендерге тым салқын. Сәуір айында жүргізілген сауалнамаға қарағанда, немістердің жартысына жуығы босқындар санын көбейтуді қолдайды.

Соңғы кезде босқындар орналасқан мекен-жайларға, лагерьлер мен жатақханаларға өрт қойып, шабуыл жасау жиілеп кеткен. Биылғы жылдың алғашқы жартысында босқындарға қарсы 150 шабуыл ұйымдастырылған. Былтырдың өзінде 170 оқиға болған. Жергілікті «Пегида» атты ұйым астыртын түрде арандатушылық іс-әрекеттерді ұйымдастырып, отқа май құйып отыр.

Бірақ неміс қоғамы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін нәсілшілдік пен астамшылыққа қатысты айыптаулардан сескенеді. Сондықтан болуы керек, Германия канцлері Ангела Меркель «Ксенофобияға жол бермейміз» деп мәлімдеді. Германияның президенті Иоахим Гаук те жақында сөйлеген сөзінде арандатушылық әрекеттерді айыптады. «Босқындар лагеріне жасалған шабуылдарға шыдауға болмайды», – деді ол.

ШЕНГЕННІҢ ШЕҢБЕРІ ТАРЫЛА МА?

Германия мен Швецияға өткісі келген мигранттар Грекия, Италия, Австрия елдерінің шекараларындағы жағдайды күн сайын ушықтырып барады. Бұл елдердегі шекаралық күзет мыңдаған босқындар Еуропаның солтүстігіне тезірек өтіп кетуіне мүдделі. Ал Германия Еуроодақтың басқа мүшелерінен шекаралық бақылауды күшейтуді талап етуде. Ендеше, Шенген келісімі біртіндеп өз күшін жоюы мүмкін деген жорамал бар. Себебі Еуропалық одақ аумағында еркін жүріп-тұру мүмкіндігіне тосқауыл қойылуы мүмкін.

Осы орайда, Ангела Меркель тамыздың соңғы күні берген баспасөз мәслихатында мигранттарды бөлісу мәселесі Шенген келісімінің бұдан әрі күшінде болу-болмау мәселесіне тікелей қатысты деп мәлімдеді. «Егер біз босқындарды өзара әділ бөлісу туралы келісімге келе алмасақ, онда Шенген мәселесі көптеген елдер үшін күн тәртібіндегі мәселеге айналады» деді канцлер.

Өткен аптада Ұлыбритания, Германия мен Францияның ішкі істер министрлері бас қосып, «миграциялық тасқынды тотқтату үшін шұғыл шара қолдану керектігін» мәлімдеді. Ал 14 қыркүйекте Брюссельде Еуроодаққа мүше елдердің ішкі істер және әділет министрлері кезектен тыс кеңес өткізеді. Осы кеңесте тығырықтан шығар жол табылмаса, Еуропадағы миграция дағдарысы Еуроодақтың өз ішінде түрлі қайшылықтарға себеп болуы мүмкін.

ЕКІЖҮЗДІ... ЕУРОПА

Еуропадағы иммиграция мәселесі екіжүзді қанжар секілді. Бір жүзі адам құқығының сақталуын талап етсе, екінші жүзі кәрі құрлықтағы қалыптасқан тәртіп пен жайлы тұрмыс деңгейінің өзгермеуін тілейді. Жеме-жемге келгенде, «өле жегенше, бөле же» дегенге Еуропа дайын болмай шықты. Миграциялық саясатта солқылдақтық танытып отырған Франция ынсабы да, ырысы да бөлек екенін ашық білдіруде.

Еуропа жүздеген жылдары бойы адамның игілігін басты мұрат еткен қоғам құрды. Енді жайлы тұрмыс, қауіпсіз өмір, алаңсыз қарттық кепіл болған қоғамдық құрылысты басқа елдерге үлгі етіп отыр.

Екінші жағынан, еуропалық мемлекеттердің өзі әлемдік экономикалық дағдарыс салқынын сезіне бастады. Ұлыбритания мен Францияда жұмыссыздық көрсеткіші артып келеді, жергілікті азаматтардың мемлекеттік жәрдемақы алуы қиындады, тұрақтылық тұралап қалуға ұласуы мүмкін. «Пиерре» қайырымдылық қорының мәліметтеріне жүгінсек, қазірдің өзінде Францияда 140 мың адам көшеде түнеп жүр.

Мұндай жағдайда сырттан келген мигранттар жергілікті нарықтың еңбек бөлінісіндегі тепе-теңдікті жоймақ. Олар арзан жұмыс күшіне айналып, жергілікті тұрғындарды нәпақасынан айыруда. Тегін медициналық жәрдем, мемлекеттік қолдау жергілікті бюджетке салмақ болып, салық төлеушілердің арқасына аяздай қарып барады. Осының бәрі кәрі құрлық тұрғындарының сырттан келушілерге салқын қабақ танытуларына себеп.

Еуропалықтардың мигранттарды құшақ жая қарсы алуларына кедергі келтіретін тағы бір жайт – қауіпсіздік мәселесі. Яғни, тыныш та жайлы өмір сүріп үйренген еуропалықтардың өз бастарына төнген қауіптің себебін келімсектерден көреді. Лаңкестердің қолымен жасалған Лондон, Париж қалаларындағы жарылыстардың қарапайым мигранттарға түк қатысы болмаса да, оларды жанама себеп көруге бейім.

Осылайша, ХХІ ғасырдағы Еуропада адам құқығы мен өз тыныштығы таразыға түсті. Бір жағынан, соғыс пен кедейшіліктен қашқан босқындар, бөтен елге бас сауғалаған мигранттар еуропалық үғым-түсініктегі адам құқығына сәйкес, саяси баспана алуға, көмек алуға, жаңа жерде өмір сүруге толық құқылы, екінші жағынан, еуропалықтар келімсектердің құқығын сақтау үшін өз тыныштығын бұзуға риза емес. Басқаша айтқанда бөтен елде адам құқығының сақталуын өз жерінде отырып талап ету оңай. Алыстан нұсқау беріп, ақыл айту оңай. Ал қаптаған мигранттар баспана сұрап, есік қаққанда, олардың адами құқығын қорғау оңай емес екен. Францияның бұрынғы үкімет басшысы Мишель Рокардың сөзі барша еуропалықтардың пиғылын аңғартқандай: «Франция әлемнің бар кедейін паналата алмайды».