20 Маусым 2018, 18:08 1524 0 Көлік Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Алматы теміржолында 19 штаттан тыс жағдай тіркелген

Алматы теміржолында 19 штаттан тыс жағдай тіркелген. «ҚТЖ-жүк тасымалы» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Сәрсебек Жапаров Алматы өңірлік коммуникациялар қызметінде теміржолдағы төтенше жағдайлар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, Алматы бөлімшесінің территориясында төтенше жағдайлар болып тұрады. «Жылжымалы құрамның рельстен шығып кетуі көбінесе подъездік жолдарда болады. Жекеменшік подъезд жолдарына біздің локомотивтер қызмет көрсетеді. Текелі-Талдықорған учаскесінде де жекеменшік компания қызмет көрсететін. Сол аймақта жолдың жағдайының нашарлығынан құрамды жинастыру кезінде вагондар рельстен шығып кеткен. Қазақстан теміржолы әкімдікпен бірге стратегиялық нысанды жасақтауға көмектесті. Себебі елге көмір жеткізу керек. Сол үшін тез арада жөндеуге тура келді»,- деді Сәрсебек Жапаров. Оның айтуынша, жолдардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында технологиялық жұмыстар жиі жүргізіліп тұрады. «Айына екі рет арнайы жол өлшейтін құрал жолдан өтіп, бәрін өлшеп шығады. Егер, ақау анықталса, сол жерде қалпына келтіріледі. Рельсті ауыстыру керек болса, ауыстырады. Арнайы арба бар. Сол арбамен кесте бойынша жүріп өтеді. Қазір күн аптап ыстық болған соң, рельстің жағдайы нашарлай түседі. Ауа райы әрқалай. Дайындық барлық жерде басталды. Біздің бөлімде 100 пайыз жүргізілді. Биыл жолдардың жағдайын жақсартуға көп қаржы бөлініп отыр. 800 шақырым жолға күрделі жөндеу жасалады», - деді Сәрсебек Жапаров. Темір жолдың Алматы бөлімшесінде 1 тоқсанда 37 шақырым жол күрделі жөндеуден өткізіледі. «Штаттан тыс жағдайлар негізінен оқиға және апатты жағдай болып бөлінеді. Жыл басынан бері 19 штаттан тыс жағдай болды. Оларға тек қана рельстен шығып кету жағдайлары ғана емес апаттық сөндіру, дабылдардың жабылуы, түрлі техникалық, технологиялық ақаулар жатады. Вагондар 2 рет жолдан тайған»,- деді спикер. Айта кету керек, пойыздардың жылдамдығы түріне байланысты. Жазық жолда пойыздардың жылдамдығы сағатына 150 км жетеді. Пойыздар орта есеппен сағатына 100 км жүреді. Бұған дейін Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызының апатқа ұшырағанын хабарлаған болатынбыз. Одан кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комиссия құрылғанын жария еткен еді.

Соңғы жаңалықтар