Байқоңырдағы 6 мектеп қазақстандық білім стандартына көшірілді

Байқоңырдағы 6 мектеп қазақстандық білім стандартына көшірілді

Байқоңырдағы 6 мектеп қазақстандық білім стандартына көшірілді
ашық дереккөзі

Байқоңырдағы мектептер жаңа оқу жылынан бастап қазақстандық білім стандартына көшірілді. Бұған дейін Назарбаевтың орнына Путинді президентім деп келген Байқоңырдағы қазақ балалар енді қазақстандық білім стандарты бойынша оқытылмақ. Бұл сүйінші хабарды Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жеткізді.

Бұған дейін ұлт жанашырларының Ресей жалға алатын ғарыш айлағындағы қазақ балалардың тағдырына алаңдап, құзырлы органдардың есігін тоздырғаны мәлім. Бұл жергілікті биліктің де назарынан тыс қалмаған. Былтыр Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мырза: «Байқоңырда Қазақстан балалары оқитын алты мектеп бар. Олар Қазақстанның білім стандарты емес, Ресейдің білім стандарты бойынша білім алады, – дей келе, 2015 жылдың 1 қыркүйегінен Байқоңырдағы сол алты қазақ мектебінің тәлімгерлері қазақстандық білім беру стандарты бойынша оқытылатыннын айтқан. Көшербаев мырза уәдесінде тұрды. Арнайы өткізілген келіссөздер мен Қазақстан мен Ресейдің білім министрлері жүргізген келісімшарттың нәтижесінде, байқоңырлық балалар отандық білім беру жүйесіне көшірілді. Негізі білім саласы кез келген елдің – ұлттық саясатының ажырамас бөлігі. Жас ұрпақтың санасын өзге елдің идеологиясымен улап, қоғамның жырақ қалдырған осы олқылықтың орны толғанына қуаныштымыз. Былтырғы сөзінде Қырымбек Елеуұлы: «Қазақтың балалары қазақ мектебінде кітап бетін ашады да, “Президентім Путин” дейді. Ертең олар қандай азамат, қандай патриот болады деп айта аламыз?», – деген еді. Президенті мен Әнұранын шатастырған ұрпақтың бойынша шынында патриоттық сезімнен жұрнақ та қалмасы анық. Тағы бір түйткіл, байқоңырлық қазақ балалар мектеп бітіргесін Ұлттық біріңғай тестілеуге қатыса алмайтын. Жоғары білім алуда кедергілер мен қиындықтарға тап болатын. Енді Байқоңырдағы қара домалақтар да ҚР Конституциясында көрсетілген құқықтарын пайдалана алады.

Нәзия Жоямергенқызы