28 Тамыз 2015, 10:37 5977 0 Руханият Ахмет ӨМІРЗАҚ

"Таушықтың сансыз тауында" Айбергенов пен Қалдаяқовты еске алды

Ежелден «Ақын – елдің еркесі» деп жанына жақсы жырды серік қылған ұл-қыздарын төбесіне көтерген халқымыз қашанда дарынды перзенттерін ұлт мақтанышы санап, оларға қатысты оқиғалардың бәріне сергек қараған. Десекте, бізде ақындардың өлең-жырлары жатқа айтылып, олар туралы аңызға бергісіз әңгімелер ауыздан-аузыға көшіп жүргенімен Еуропа елдеріндегідей өнер адамдарына қатысты жәдігерліктер көздің қарашығындай сақтала бермейтіні бар.

Басқаны айтпағанда, Ресейде бір ғана ақындарға қатысты жәдігерліктер мен оларды еске түсіретін қаншама нәрсе бар?! Мысалы, Пушкин көлеңкесінде демалған қайың – мәдени ескерткіш ретінде мемлекет тарапынан қорғалады. Сол сияқты ұлы ақынның көзі түскен Анна Керн сүрініп кеткен тас Қалдаяқовта жәдігерлік саналып,  сақталуда. Оған арнап жүздеген ақын өлең жазған. Орыстың аса дарынды ақындары Александр Блоктың теңіз бойындағы курортта «Незнакомка» атты өлеңін жазған бөлме мен Анна Ахматова тұрған Ташкенттегі үй, Коктюбель курортында ақын Масимилиан Волошин тұрған жер – мұның бәрі тарихи ескерткіш санатында. Ал, біртуар ақын Николай Гумилевтің (ақын Анна Ахматованың жары, даңқты ғалым Лев Гумилевтің әкесі) қаны төгілген жер анықталып, қасиетті орынға айналған. Сол сияқты біздің елде де орыстың талантты ұлдарын еске түсірерлік ескерткіштер жоқ емес. Шымкентте Владимир Высоцкий концерт берген алаңға орнатылған ескерткіш тақта мен Оралда атақты жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов тұрған үйі сол санатта.

Ал, өзімізде ше? Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов секілді бірнеше көрнекті қазақ ақын-жазушыларына арналған мұражай үйлері ғана бар демесек, ұлыларымызды еске түсіріп тұратын басқадай ескерткіш жәдігерліктерді есімізге түсіре алмаймыз...

Алайда олқымызды толтыруға, барымызды бағалауға ұмтылып тұратын жігерлі жас ұрпақ барда түңілуге болмайды екен. Жақында «Ақжол» ҚДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы жастар қанатының ұйымдастыруымен Түпқараған ауданы, Таушық кентінде ерекше басқосу болып, ол басқосу қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов пен ақиық ақын Төлеген Айбергеновтің киелі Маңғыстауға іс-сапармен келгендеріне 50 жыл толуына арналды. «Естен кетпес сол сәттер жадымызда!..» атты әдеби-сазды кеш өткенді қайта жаңғыртып, баяғының құдіретін бүгінгіге таныта білуімен тағылымды болды. Осыдан жарты ғасыр бұрын қазақтың дарынды қос перзентінің осы топыраққа табаны тиіп, кездесуде олар оқыған өлеңдер мен шырқаған әндерді еске түсірген аға ұрпақ өкілдерінің айтқандары жиынға келген жас ұрпаққа қайталанбас әсер бергені анық.

Әдеби еске түсіру кеші «Естен кетпес сол сәттер жадымызда!» атты деректі фильмнің көрсетілуімен басталды. Фильмде Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың Маңғыстау сапары өткен ғасырдың 60-жылдарындағы түбектің тыныс-тіршілігімен сабақтастырыла өріліп, оларға қатысты суреттер көрсетілді, естеліктер айтылды.

Одан әрі жиында Түпқараған аудандық мәслихатының хатшысы Айкүміс Досанова мен Таушық кентінің әкімі Шалқар Әзірбаев сөз сөйлеп, жиынның жас ұрпаққа берер тағылымы жайында айтса, Алматыдан келген  Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова мен әнші, композитор Ажар Сейтенова, Астанадан жеткен ақын Оңайгүл Тұржан Шәмші мен Төлеген туралы, олардың өшпес әні мен өлмес поэзиясы туралы тебірене сөйледі. Сол сияқты, осыдан 50 жыл бұрын Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов Маңғыстау ауданының орталығы Таушық кентіне келгенде жанында жүрген ақын Әзірбайжан Қонарбаев пен сол кезде оларға ән салып, құрмет көрсеткен Нәжиева Күлән апаның естеліктерін шараға жиналған жұрт ұйып тыңдады.

Жиын мінбесінен маңғыстаулық ақындар Ақшагүл Төлегенова, Оңғарбай Рза, Айтуар Өтеген, Ақшагүл Рамазанова, Көмек Ыбрайұлы Төлеген мен Шәмшіге арнаған өлеңдерін оқыса, Т.Айбергенов пен Ш.Қалдаяқов шығармаларын насихаттап жүрген «Арна» квинтеті 1965 жылы Таушық кентінде алғаш рет тұсауы кесілген, Төлеген Айбергенов сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың «Ақерке-Ақжайық» әнін және Төлегеннің сөзіне жазылған басқа да әндерді нәшіне келтіре шырқап, шетпелік әнші Әбіл Жұмағалиев, Таушық кентінің өнерпаз әжелері, Түпқараған ауданының орталығы Форт-Щевченко қаласының «Қызғалдақтар» би тобы өз өнерлерімен жиналғандарды тәнті етті.

Солайша, бір кезде:

Таушықтың сансыз тауында,

Тұлпарлар қалды ақтабан.

Жайықтың жағалауында,

Қарағай қалды қаптаған...

Айт, айтпа тербеп мені ізгі,

Тебіренген күндер өтті ғой.

Қайтейін ащы теңізді,

Жігіттер қалып кетті ғой... –

деп, өздерін сонша ардақтаған елге шексіз риза боп, қимастықпен артына қарай-қарай кеткен Төлеген мен Шәмшіні жарты ғасырдан соң да еске алып, жақсы күндерді жаңғыртып отырған Таушық халқы мен осы іске мұрындық боп отырған маңғыстаулық жастардың өткенге деген құрметі – айта қаларлықтай өнегелі іс болды. Жақсылық жалғасын таба берсін.

Ахмет ӨМІРЗАҚ

Соңғы жаңалықтар