Қажыдан қалған мол мұра

Қажыдан қалған мол мұра

Қажыдан қалған мол мұра
ашық дереккөзі
Әлем қазақтарының руханиятында өзіндік орны бар тұлға, ақын, діни қайраткер, халық ағартушысы Ақыт қажы Үлімжіұлы жайында деректер көп емес. Ол туралы Қытай, Моңғол қазақтарындай емес, атажұрттағы ел аса көп дерек біле бермейді. Алайда Ақыт қажының ғибратқа толы ғұмыры мен жүріп өткен жолы, артында қалған мұрасы талайға рухани азық. ТҮРКСОЙ аясында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, О.Сүлейменов атындағы «Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие» институтының ұйымдастыруымен қазақтың көрнекті ақыны, Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Ақыт қажы Үлімжіұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Рухани жаңғыру және Ақыт Үлімжіұлының шығармашылық мұрасы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған қатысқан ғалымдар Ақыт Үлімжіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасының насихатталу, зерттелу жайы мен ақыттанудың өзекті мәселелерін талқыға салып, Абай мұрасымен астасып жатқан шығармашылығын талдап, діни-философиялық бағыттағы дүниелеріне баға берді. Шын мәнінде, дәл Ақыт қажыдай қажылық сапарын суреттеген адам кемде-кем.  Ақыт қажыдай Абайды түсінуге, оның өлеңдерін ақыл таразысынан өткізіп, халыққа жаюға ұмтылған ақын да сирек. 1868 жылы Алтай аймағының Көктоғай ауданы, Қайырты күзеулігінде дүниеге келген Ақыт Үлімжіұлы сауатын мұсылманша ашады. Ол туралы ақынның баласы Ғазез Ақытұлының естелігінде: «Әкем жеті жасқа келгенде өзінің немере ағасы Садық Жебенұлынан Құран сауатын ашады. Онан соң сол кездегі ауылдың тәуір молдасы атанған Ғұсманнан түркі тілдегі діни кітаптарды оқып, Құранның қирағатын түзейді. Яғни, Құранды грамматикалық ереже бойынша оқитын дәрежеге жетеді. Сөйтіп, ауылдағы санасы ашық, толық сауатты кісінің бірі болып шығады. Жігіт аяғын басқан кезде сол кездегі Молқы руының үкірдайы Жуанған ауылына не себеппен келгені беймәлім, Бұхара медресесінде мүдәрріс болған ұлты өзбек, нақ аты Махбубулла, жанама аты Мырзабақа деген адам келіп, бала оқытады. Мұнан Жуанғанның көрші-қолаңдарының балалары болып, алпысқа жуық бала оқиды. Ақыт осы балалардың қатарында оқуға кіреді де, олардың ішінен оқуға ынталы әрі зеректігімен айрықша көзге түседі. Ақыт осы адамнан араб, парсы, түркі тілдерін үйренумен бірге, шариғат ережелері аталатын фиқһ ғылымын да пысық игеріп шығады» –  деп, жазады. Кейінгі өмірінде Ақыт Үлімжіұлы ұсақ өлеңдер жазып, арасында айтысқа қатысып жүреді. Түрлі қызметтер атқарады. Қобда мен Алтайдың арасында атпен хат тасиды.  Өзі Қазан қаласынан басылып шыққан Фирдоуси, Низами, Қожа Хафиз, Сағди, Науаи, Сопы Аллаяр, Қожа Ахмет Яссауи және Сүлеймен Бақырғанилардың өлеңдерін оқып, жыр жазуға машықтанады. Ақыт ақын өзінің тұңғыш дастаны «Жиһаншаны» 1891 жылы 22 жасында жазып бітіріп, Қазан баспасына ұсынады. Ең кереметі, ұзақтау жатып қалса да, кітап 1897 жылы жарық көріп, алғаш басылып шыққан қазақ кітаптарының біріне айналады. Тарих ғылымдарының докторы Әбдiуақап Қара: «Ақыт қажы өлеңдерiнiң екi томдық жинағы Түркияда Кониа қаласында жарық көрдi. 1300 беттен тұратын екi томдыққа ақынның көптеген өлеңдерiне қоса өмiрбаяны және ғылыми қосымшалар да енген. Бұған дейін Моңғолияда, Қытайда және Қазақстанда ақынның еңбектері жарық көрген кітаппен қуана қауыштық.  Ақыт қажы ХХ ғасырдың бас шенінде Қытай қазақтары ішінен шыққан ғұлама, тарихшы, ақын тәрбиеші, жаңашыл ойшыл, қоғам қайраткері. Оның шығармалары бір ғасыр бойы Шыңжаң, Моңғолия және Түркия қазақтары арасында құндылығын сақтады. Ақыт қажы және еңбектері, өкінішке қарай, кеңестік кезеңде Қазақстанда оқытылған жоқ. Зерттелген жоқ. Сондықтан ол Қазақстан үшін тәуелсіздік жылдарына дейін беймәлім тұлға болып келді. Негізінде ол қазақ әдебиетінде Абаймен бірге аталуға тиіс маңызды тұлға еді. Өйткені ол, кітаптары Ресей патшалығында, тіпті Абайдан бұрын жарық көрген некен-саяқ қазақ ақындарының бірі», – десе,  Моңғолия ғылым академиясының Баян-өлгей аймағы бойынша Ғылыми орталық директоры Золбаяр Гагаа: «Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің негізін қалаушы Ақыт қажының «Ғақлиялық үндеулер» деп аталатын кітабы моңғол тілінде аударылды. Оны редакторлау міндеті маған жүктелді. Бұл ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы көшпенді халық әдебиетіндегі үндеу бағытындағы туынды. Аталмыш кітап Моңғолия оқырмандарының қолына жетіп, кітап сөрелерінен орын алды. Өз басым бірнеше ерекшелікті байқадым. Біріншіден, Ақыт қажының шығармаларында береке-бірлікке шақыру басым. Екіншіден, білімге ұмтылуға шақырады. Білімнің өлшеусіз байлық екенін халықтың санасына сіңіруге тырысқан. Үшіншіден, оның шығармалары хакім Абайдың өлеңдерімен  ұштасып жатыр», – дейді. Қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы қаламгердің 1891-1914 жылдары Санкт-Петербург, Қазан баспаларынан «Абият ғақидия», «Сейітбаттал Ғазы», «Ишан Махмұд» қатарлы кітаптары «Жиһанша», «Ахиретбаян (Қиямет ахуалы, Ахуал-и-қиямет)», «Сәйпілмүлік-Жамал» дастандары бірнеше рет жарық көрді. Өз кезінде «Айқапта» «А. Алтайский» деген бүркеншік атпен шығармалар жариялап тұрған. Оның қажылық сапарынан сыр шертетін «Қажыбаян» атты өлең романы да елге кеңінен танымал. Қытайдағы қандастар  Ақыт қажыны Абайдан кейінгі қазақтың рухани ақылманы, шешен биі, халық ақыны ретінде танып, ерекше қастерлейді.