Әлемдік кеңістікке кең жол ашқан

Әлемдік кеңістікке кең жол ашқан

Әлемдік кеңістікке кең жол ашқан
ашық дереккөзі
Ел болашағы білімді жастардың қолында. Сондықтан, елімізде жастардың сапалы білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Тіпті, білімге құштар жастардың шекара асып мемлекет есебінен тегін оқып келуіне де мүмкіндік бар. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасының маңызы зор. Талай қазақстандықтың әлемнің озық үлгідегі оқу орындарында білім алуына жол ашқан бағдарламаға биыл 25 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында адами капиталды дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлгені белгілі. Өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығына айналуға тиіс. Ол үшін барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру ісін жеделдету қажет. Бүгінде елімізде сапалы әрі заман талабына сай білім беру – басты міндет. Осы міндетті жүзеге асыруда «Болашақ» халықаралық бағдарламасына да зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Кемел келешектің кепілі

 1993 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Болашақ» халықаралық стипендиясы – қазақ жастарының шетелде білім алуына жол ашқан бағдарлама. Бүгінде әлемнің 35 елінің 200-ден астам жетекші жоғары оқу орны бағдарламаның стратегиялық серіктесіне айналған. Алғашында тек төрт қана елдің – АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Францияның жоғары оқу орындарын таңдау еркі болса, кейінгі жылдары басқа да өркениетті елдердің атағы алысқа кеткен білім ордаларында қазақстандық жастардың да дәріс алуына кең жол ашылды. Атап айтқанда, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур секілді елдердің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында мұнай ісі, энергетика және экономиканың басқа да басым бағыттары бойынша білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың алдыңғы легі елге оралып, Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін лайықты үлестерін қосып келеді. Қарапайым қазақ баласының білім көкжиегін кеңейтіп, әлемнің озық университеттерінде білім алуына мүмкіндік беретін бірегей бағдарлама бойынша 25 жыл ішінде 12 мыңнан астам қазақстандық білімгер әлемнің түрлі университеттерінде білімін жетілдірді. Олардың 3 мыңға жуығы әлеуметтік салада, 2 мыңнан астамы білім және ғылым саласында, 1 мыңға жуық түлек денсаулық сақтау және өндірістік салада қызмет атқарады. Ал мемлекеттік қызмет атқарып жүргендер саны мыңға таяу. Айта кетейік, тұңғыш рет 1994 жылы 187 үміткер «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды. Бағдарлама алғаш қолға алынған 1994-2004 жылдар аралығында – 785, ал 2005-2007 жылдары 12046 стипендия тағайындалды. Дәл қазіргі уақытта 1209 қазақстандық білімгер шетелде білімін жетілдіруде. Олардың 14-і бакалавриат, 1021-і магистратура, 118-і докторантура, 2-еуі аспирантурада оқып жатыр. Ал тағылымдамадан өтіп жатқандардың саны – 54. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқандардың 46,2 пайызы Ұлыбритания, 35,8 пайызы АҚШ пен Канада, 5,2 пайызы Еуропа елдері, 4,9 пайызы Азия және Мұхит жағалауы елдері, 5 пайызы Ресей Федерациясында білім алуда. Бүгінде «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлері Times Higher Education, QS және Academic Ranking of World Universities халықаралық академиялық рейтингтердің нұсқасы бойынша әлемнің ең алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында оқуда. Түлектердің 5 мыңы магистр, 3 мыңға жуығы бакалавр, 300-ден астамы PhD докторы дәрежесін алған. «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет мемлекеттердегі іргелі оқу орындарында білімін шыңдап, тәжірибе жинақтап келген мамандар қызмет орнының сапасын арттыруға өз үлестерін қосады. Яғни, шетелде жинақтаған тәжірибесін мемлекеттің даму жолында тиімді жүзеге асыруда. «Болашақ» бағдарламасының түлектері шетелде алған білімдерін Астана мен Алматы қалаларында 5 жыл, өзге өңірлерде 3 жыл пайдалануы тиіс. Өкінішке қарай, бағдарлама бойынша шетелде білім алып, сонда қалып қойған жастар да бар. Олардың бәрі оқыту үшін жұмсалған мемлекет қаржысын толықтай қайтаруға міндеттелген. Ереже бойынша, олар оқу біткеннен кейін елге оралып, жұмыс істеуі керек. Бірақ та кей жағдайда қазақстандық студенттер шетелдік компанияларда немесе зертханаларда тәжірибесін тереңдету үшін қалып қояды. Ондай жағдайда олардың өзі ерікті түрде шәкіртақыдан бас тартады немесе еліміздегі Халықаралық бағдарламалар орталығы оларға шәкіртақы төлемеу туралы шешім қабылдайды. Шетелде қалып жұмыс істейтін студенттер саны шәкіртақы алушылардың жалпы санының 1 пайызы ғана. Бірақ олар сол жақтан мүлдем келмей қалады деген сөз емес. «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алуға ниеттілер үйін немесе басқа да бір жылжымайтын мүлкін кепілге қояды. Бұл – оның мемлекет қаржысымен оқып алып, басқа жаққа қашып кетпейтіндігінің кепілі. Ал егер кепілзат қою міндетін алып тастаса, шетелде қалып жұмыс істегісі келетіндердің саны артуы мүмкін.

Түлектер қазақ үшін қызмет етеді

Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы ширек ғасыр ішінде талай жасты қанаттандырды. Тәуелсіз ел атанған алғашқы жылдары Қазақстан экономикасының күрделі жағдайды бастан өткізгені мәлім. Сол тұста ел келешегіне үміт артқан Елбасы «Болашақ» бағдарламасын бекіткен еді. Осылайша, жат жұрттан «өнер-білім жиған» жастар еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Бағдарлама бойынша шетелде білім алған жастардың басты міндеті – ел мұраты, ұлт мақсатына жұмыла жұмыс жасау. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» түлектері елімізде басқарудың алғы шебінде тұрғанын баса айтады. «Сіздердің білімдеріңіз біздің шынайы жетістігіміздің біріне айналды. Қазақта «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Біз сіздерді болашақ үшін ектік. «Болашақ» түлектері Қазақстанның ең қиын заманында капиталына құйған үлкен инвестициясы болып табылады. «Болашақ» стипендиаттары, сіздер елдің болашағысыздар. Мәңгілік ел болу деген алдымызға мұрат қойдық. Сол жолда жұмыс істейтін сіздер боласыздар. Бұл ұлы мақсат қою, ұлы мақсатқа жету тек қана ұлы халықтың қолынан келетін іс. Біз өзімізді ұлы халықпыз деп санайтын болсақ, ұлылыққа жетеміз. Биік белестерді бағындыру сендердің біліктіліктеріңді талап етеді. Бүкіл ел сенім артып, сіздерді жіберді, оқытты. Ол сенімді игілікпен ақтау сіздер үшін ұлы парыз болып табылады. Сол ұлы парыздың шыңына шығасыздар деп сенемін», – деген болатын. Жастардың білім алуына бағытталған инвестиция – ең тиімді стратегия. Өйткені сапалы білім шексіз мүмкіндіктер мен тың идеяларға жол бастайды. Әлемнің ешбір елінде баламасы жоқ бағдарлама бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс жүргізіп келеді. «Болашақ» бағдарламасы егемен Қазақстанға қажет халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы толқынын дайындаудың маңызды міндетін табысты түрде жүзеге асырды. 2010 жылы Астана қаласында әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев университетінің ашылуы Қазақстан үшін білімді әлемдік экспорттаушыға айналуының басы болды. ЖОО-ның барлық білім беру мен ғылыми-зерттеу бағдарламалары әлемнің үздік отыз ЖОО-на енгізілген университеттермен және беделді халықаралық ғылыми ұйымдармен ресми серіктестік бойынша жүзеге асырылады. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде ең үздік шетелдік тәжірибе енгізілген. Қазіргі таңда Назарбаев университетінде «Болашақ» бағдарламасының 200-ден астам түлектері қызмет етеді. Ал өткен жылы Елбасы «Болашақ» бағдарламасындағы қаражаттың бір бөлігі Назарбаев университетіне берілетіндігін айтқан болатын. Қазақстан Президенті өз сөзінде: «Болашақ» бағдарламасындағы қаражаттың бір бөлігін осы университетке беретін кез келді. Нарықта өз идеялары мен технологияларын ұсынатын жас ғалымдар жүйелі түрде кеңес алып және оларға бастапқы капитал, ғимарат беріліп, заң қызметі көрсетілуі керек», – деген еді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне ерекше сенім артады. «Болашақ» бағдарламасы – сендерге мемлекет берген сенім несиесі. Мен сендерді, бағдарлама түлектері мен стипендиаттарын менің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы идеямның белсенді жақтаушылары ретінде қарастырамын. Естеріңде болсын, кім жұмыс істейді, сол ешқашан жастығын жоғалтпайды. Кім жұмыс істеуді қойса, ол отызында-ақ қартаяды. Біз барлық нәрседе үлгі болуға тиіспіз. «Қазақстан – 2050» – біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. «Болашақтың» негізінде «Қазақстан – 2050» қозғалысын құруды ұсынамын. Жаңа қозғалыс адамдарға еліміздің негізгі міндеттерін түсіндіруі керек. Әрбір азамат Стратегияны, оның міндеттері мен мақсаттарын түсінуге тиіс. Барша қазақстандықтарға бірлік, топтасу және мақсатқа беріктік қажет. Соның барлығын жүзеге сендер асыруға тиіссіңдер. Біздің күшіміз – бірлікте», – деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы. «Болашақ» түлектерінің алдағы уақытта биіктерді бағындыра беретіні анық. Өйткені олар алған білімі және қол жеткізген жетістігімен шектеліп қалып отырған жоқ. Терең білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өздерінің білікті маман екендігін жұмыс барысында байқатуда. Білімін одан әрі жетілдіруді де бірінші орынға қояды. Болашағын «Болашақпен» байланыстырып, армандаған шетелдік жоғары оқу орындарында өз таңдауы мен қалауы бойынша білім алған жастар Қазақстанның даму жолында аянбай еңбек етуге тиіс. «Болашақ» бағдарламасының ел дамуында алар орны бөлек. Ең алдымен, бұл экономика, білім, ғылым, денсаулық сақтау, ұлттық мәдениет, өнер саласының білікті мамандармен толығуына жол ашады. «Болашақ» бағдарламасымен әлемдегі үздік университеттерде білім алып келген түлектердің барлығы дерлік еліміздегі мемлекеттік және жеке компанияларда табысты қызмет етіп жүр. Бүгінде халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түсу талаптары жоғарылады. Конкурсқа қатысу үшін IELTS тестінің қажетті балы 5.0-ден 5.5-ке дейін көтерілген. Тек «инженерлік-техникалық мамандық» санаты бойынша үміткерлерге қойылатын талаптар бұрынғы деңгейде – IELTS 5.0 қалады. Алдағы уақытта тіпті жоғарылып, 6.5 баллға жететін болады. Білім іздеген әрбір қазақстандық жас өрен шетелдегі белгілі жоғары оқу орындарының студенті атана алады. Бастысы, «Болашақ» бағдарламасының талаптарынан сүрінбей өтуі қажет. Сынақтан сүрінбеген әрбір жастың өзі армандаған, өзі таңдаған оқу орнында білім алуына толық мүмкіндігі бар. Бұл үшін жастардың Мемлекет басшысына айтар алғысы шексіз.