Бес бастама байыппен орындалуы тиіс

Бес бастама байыппен орындалуы тиіс

Бес бастама байыппен орындалуы тиіс
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалында «Қазақстан – 2050» демократиялық саяси күштері коалициясының кезекті отырысы өтіп, онда «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуін жүзеге асыру бойынша өңірде атқарылған жұмыстың аралық қорытындысы талқыланды. Коалиция отырысына «Нұр Отан», «Ақ жол», «Қазақстанның коммунистік халық» партияларының облыстық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары Ғалым Бекмағамбетов, Бақытбек Смағұл және Бейсенбай Мәжитов қатысып, бес бастаманың үш бөлігіне байланысты өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың алғашқы кезеңдерімен танысты. Отырыста «7 – 20 – 25» бағдарла­ма­сы­ның облыста қалай жүзеге асырылатыны, шағын несие берудің жолдары және студенттерді жатақханамен қамту жағдайы кеңінен талқыланды. Ұлттық банктің облыстық филиалының төрағасы Виталий Чеусовтің хабарлауынша, 2016-2017 жылдары тұрғын үйлерді пайдалануға берудің рекордтық өсіміне қол жеткізілген. Осы екі жыл ішінде 21 миллион шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті. Ол осы қарқынды ұстап тұру маңызды екендігін атап өтіп, «7 – 20 – 25» бағдарламасына нақты тоқталды. Бағдарламаға басында баспанасы жоқ, алған несиесін төлей алатын және алдағы жылдары да қарызын толықтай өтейтін мүмкіндігі бар азаматтар қатысатындығына назар аударды. – Алғашқы кезеңде Ұлттық банк «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша ең алдымен жаңадан салынған бірінші деңгейлі үйлерді сатады. Содан кейін уақыт өте бағдарлама аясында баспана берудің мүмкіндіктерін зерттеп, зерделеп, оның аясын кеңейтетіндіктерін айтты. Екінші деңгейлі банктер үй алуға ниет білдіргендерге «7 – 20 – 25» бағдарламасы негізіндегі кестеге сай несие береді де, оны Ұлттық банк жанынан құрылған арнайы компания сатып алады. Несиелер тек теңгемен беріледі. Қазір банк нақты қадамдар белгілеп отыр, қажетті заңнамалық құжаттар да әзір, арнайы компанияның операторларын қалыптастыру бойынша шешім қабылданды. Ол «Баспана» ипотекалық ұйымы болып аталады, – деді В.Чеусов. Коалицияға қатысушылар осы орайда, ауылды жерлерде бұл мәселенің қалай шешілетіндігін сұрап білді. Баяндамашы бұл жайында бағдарлама іске аса бастағанда, оған да көңіл бөлініп, өзгерістер болуы мүмкіндігін жеткізді. Шағын несие беру мәселесіне келетін болсақ, өз кәсібін бастағысы келетін азаматтарға қажетті сома 12-13 пайыздық мөлшерлемеде беріледі. Өткен жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы негізінде 938 азамат білім алып, олардың тек қана 146 жобасына ғана несие беріліпті. Мұның себебін мамандар кәсіп ашуға қатысты білім алған азаматтардың көбісі өз қаражаттары есебінен кәсіп ашуға болатынын түсініп, мемлекеттен қарыз алмауға тырысуымен түсіндірді. Сондықтан оқып шыққандар саны мыңға жуық болса да, жобаларына несие алғандар 20 пайыздың шамасында деп түсіндірілді. Демократиялық саяси күштердің өкілдері өз істерін бастағысы келетіндер ішінде ауылдардың, шалғай елді мекендердің де тұрғындары бар екендігі ескеріліп, шағын несие беретін мекемелерге осы мәселені дұрыс жолға қою қажеттігін тапсырды. Студенттердің жатақханаларын салу мәселесіне орай, облыстық білім басқармасының бөлім меңгерушісі Әсет Дүйсебаев, жоғары оқу орындары мен колледждердің ректорлары мен директорлары баяндама жасады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік және А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеттері мен облыс орталығындағы 4 колледжге барлығы 2870 орынды қамтитын 11 жатақхана керектігі анықталды. Бұл орайда, жоғары оқу орындарына 1 мың және бес жүз адамға шақталған жатақханалар салынбақшы.