Технология тілі – жаңғыру кілті

Технология тілі – жаңғыру кілті

Технология тілі – жаңғыру кілті
ашық дереккөзі
Елбасы ұсынған «Цифрлық Қазақстан» – цифрлық технологияны меңгеру ғана емес, жаңа заманға бейімделу. Елімізді дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін қолға алынған бағдарлама қоғамнан жаңа инновациялық дамуды және жедел технологиялық жаңғыруды талап етеді. Ол үшін азаматтардың ІТ-сауаттылығын арттырып, жаңа технологияларды күнделікті өмірде кеңінен қолдану міндеті тұр. Президент жүктеген тапсырманы орындауға зор жауапкершілікпен кіріскен «Нұр Отан» партиясы білім беру саласын цифрландыру, мектептерде электронды күнделік жүйесін енгізу және бағдарламалау мен робототехника негіздерін тереңірек оқыту үшін еліміздің түкпір-түкпірінде ІТ сыныптар мен ІТ орталықтар ашу ісін қолға алды. Апта басында «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалында облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаевтың қатысуымен облыстық басқарма басшылары және Алматы облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бастамалық жобаларды іске асыру және IT сыныптары және орталықтар ашу бойынша өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Мүделлі тараптарға тигізер шарапаты мол шараға Алматы облыстық білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, спорт және дене тәрбиесі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының басшылары қатысты және ортақ істің орайын келтіруге уағдаласып, өзара ынтымақтастық жөнінде келісімге келді. – «Нұр Отан» партиясының Алматы облыстық филиалы өңірде жүзеге асып, өзгелерге өнеге ретінде таратылып жатқан бірқатар игілікті істерге ұйытқы болып келеді. Соңғы кездердің өзінде ғана нақты әлеуметтік топтарға бейімделген партиялық жеті жобаны орындап, елдің алғасына бөленді. Сонымен бірге, 22 жаңа жобаны орындауға бел шеше кірісті, – деген «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Төлендіұлы халықтың ақпараттық технологияларды жете білуі Елбасының экономиканы цифрландыруға қатысты жүктеген тапсырмасын орындаудың көрінісі болатынын айтты. Ол облыстық кәсіпкерлер палатасы мен басқармалар арасын­дағы ынтымақтастық жөніндегі келісім ақпараттық технологиялардың қолданысына кең жол ашып, тұрғындардың, оның ішінде жастардың заманауи ақпараттық технология­ларды жан-жақты меңгеруіне серпін беретін­дігіне сенім білдірді. «Нұр Отан» партиясының Атырау облыстық филиалы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті арасындағы өзара ынтымақтастық меморандумы да игілікті іске ұйытқы болды. Тараптар қол қойған келісім аясында білім ордасында ІТ орталығы ашылды. Университеттің бағдарламалық инженерия кафедрасы ұйымдастырған шараға «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының басшылары, білім ордасының профессор-оқытушылары, студенттер, ІТ орталығының тыңдаушылары қатысты. – Елбасы Н.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында университетімізде «Ақ­параттық технологиялар» курсына оқытатын орталық ашылды. Біздің тыңдаушыларымыз 1 ай бойы ақпараттық тех­нологиялар бойынша білім алып, оны тәжі­ри­бемен ұштастыруға мүмкіндік алды. Ақпаратты технологиялар курсын 3 бағытта оқытуға көңіл бөліп отырмыз. Бірінші – программалауды үйрену, екінші – жалпы ақпараттық техно­ло­гияларды меңгерудің жолын үйрену, үшінші- ден – негізгі мамандықтар үшін дизайн, графиканы үйренуді меңгеру, – деді университеттің Физика-математика ақпараттық тех­но­ло­гиялар факультетінің деканы Бекет Кен­жеғұлов. Ақпараттық технологияларды меңгерудің үш бағыты бойынша курс тыңдаушыларына университет ұстаздары дәріс береді. Қала, аудан және ауылдағы мамандардың үйренуіне ың­ғайлы болу үшін курс сағаттары түстен кейін­гі уақытқа қойылған. Бір ай тегін оқуға бүгіннің өзін­де білім, денсаулық, заң саласының маман­дары қызығушылық танытуда. Курс тыңдау­шы­лары үшін екі сынып компьютермен жабдық­талған. IT орталығының ашылу рәсімінде «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жұмахметұлы еліміздегі стратегиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыру үшін «Нұр Отан» партиясы жаңа жобалар қолға алғанын тілге тиек етті. – Жаңа жобалардың барлығы Елбасы, партия Төрағасы Н.Назарбаевтың партия қызметін жаңғырту жөніндегі нақты тап­сырмасы бойынша дайындалған. Аталған партиялық жобалардың аясында облыс көлемінде балаларға арналған 10 IT сыныбы іріктеліп, онда 8 жастан 16 жасқа дейінгі мектеп оқушылары бағдарламалау және роботтех­никасының негіздері бойынша тереңдетілген білім алады. Балаларға арналған тегін ІТ сыныптарын іске қосу үшін негізгі оқыту бағдарламасы ретінде арнайы британдық Love to code бағдарламасы халықаралық білім франшизасын сатып алу қарастырылып отыр. Әр ІТ сыныпта дәріс беретін мұғалімдер іріктеліп, олар бүгінде Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында ашылатын «ІТ мамандарын даярлау орталығында» бастапқы дайындықтан өтеді. Аталған орталықта жас ерекшелігіне қарамастан, ниет білдіруші барлық азаматтар цифрлық сауаттылықтарын арттырып, кәсіп­керлікті дамыту бағытындағы веб-бағ­дарлама­лар­ды жасақтауды үйренеді. Бұл жобаға жастар­ды және жұмыссыздарды тарту шараларын қолға алуымыз қажет, – деді Н.Ожаев. Аталған жобалар партияның «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуына қосқан нақты үлесі болмақ. Жаңа партиялық жобалар еліміздегі страте­гиялық бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруға жүйелі түрде қатысуға, білікті кадрлар тобын қалыптастыруға және заманауи техно­логияларды қолдануға бағытталған. «Нұр Отан» партиясының «ІТ-мамандарды дайындау» партиялық жобасына Павлодардың Инновациялық Еуразия университеті де үн қосты. Білім ордасының базасында жаңа ІТ орталығы ашылды. Орталықтың ашылу рәсіміне Павлодар облысы әкімінің орынбасары Әлия Арынова, «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, ИнЕУ ректоры Марат Баяндин мен Аймақтық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәди Сыздықов қатысты. Орталықта жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушы жастар іріктеу сынағынан өтеді. Оны сәтті тапсырған жағдайда тыңдаушы оқуды бастайды. Қазірдің өзінде 44-тен астам адам өтініш беріп үлгерген. «Нұр Отан» бұл жобаны «Атамекен» ҰКП бірігіп  іске асырып отыр.  Өз сөзінде Илья Теренченко атап өткендей, ұйымдастырушылар үшін ең маңыздысы – еңбек нарығында сұранысқа ие болатын білікті мамандарды дайындау. – Партиялық жұмысты әрі қарай жаңарту мақсатында партиябасшылығы 22 жаңа жобаны қолға алғаны белгілі. Павлодар облысында жаңа партиялық жобаны іске қосу бойынша жұмыстар басталды. Соның ішінде, аймақта пилоттық режимде 3 жаңа партиялық жоба іске асырылады. Солардың бірі – «ІТ-мамандарды дайындау» жобасы,  – деді И. Теренченко. ИнЕУ оқытушысы Елена Малышеваның айтуынша, тыңдармандарды үлкен жұмыс күтіп тұр. – Оқыту бағдарламасының көлемі өте үлкен. Оқытудағы 200 сағат бойы жастар теорияны да, практиканы да меңгеретін болады. Біз оқыту аяқталған кезде тыңдаушылар   Android қосымшасын өздігінен әзірлеу мен оны  Play Market-ке салатын деңгейге жетеді деп үміттенеміз,  –  дейді оқытушы. Жоба қатысушысы Алтынай Теміржанованың айтуынша, бұл ІТ орталығының жастарға берер мүмкіндігі мол. Ол партиялық жоба туралы әлеуметтік желілерден білген. «Қашыр ауданынан цифрлық білім алуға арнайы келдім. Болашақта туған ауданым мен Қазақстанның ІТ-технологиясын дамытуға үлес қосқым келеді»,  –  деп ағынан жарылды Алтынай. «Нұр Отан» партиясы қолға алған жобалардан шалғайдағы ауыл мектептері де тыс қалмайды. Мәселен, жуырда Маңғыстау облысындағы Қарақия ау­данының Құрық мектеп-гимназиясында ба­лаларға арналған тегін IT сыныбының ашылуы айтулы оқиға болды. IT сыныбында 8-16 жас аралығындағы балалар бағдарламалау және робот техникасын еуропалық білім беру стандарттары негізінде факультативті пән ретінде тереңдетіп оқытылады. Ең бастысы – сыныпта білім алу тегін. Салтанатты шара барысында «Нұр Отан» партиясы Қарақия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дина Сәбитова және демеуші – «Ерсай» ком­паниясының өкілі Райымбек Жайлыханов балаларға арналған IT сыныбының лентасын қиды. Жиынға облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Клара Құлатай, аудан әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев және аудандық мәслихаттың депутаттары мен бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері мен мекеме басшылары қатысты. – Балаларға арналған тегін IT сыныбының ашылуы – шалғайдағы тұрғындар үшін үлкен жаңалық. Қазір бүкіл әлем қарқынды дамып қана қоймай, жедел өзгерістерге ұшырауда. Сондықтан біздің де бүгінгі заман талаптарына сай бейімделуіміз қажет, – дейді ауыл тұрғындары. Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен білікті ІТ-мамандарды дайындауды мақсат еткен жобаны іске асыру аясында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастарды қосқанда, бүкіл мемлекет бойынша 100 мың адамды, жыл сайын бүкіл аймақты толықтай қамти отырып 35 мың адамды оқыту жоспарланған. Жастар сұранысқа ие цифрлық машықтар мен заманауи бағдарламалау тілдерін (Java, Python, PHP, Swift және т.б.) меңгермек. Әрі қарай оларды еңбекпен қамтуға да көмек көрсетілетін болады.