Мағжанның жыры мәңгі өлмес

Мағжанның жыры мәңгі өлмес

Мағжанның жыры мәңгі өлмес
ашық дереккөзі
Көрнекті қазақ ақыны Мағжан Жұмабайдың туғанына 125 жыл толуына орай ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы жариялаған «Мағжан Жұмабай жылы» аясында Қырғызстан астанасы Бішкекте Мағжан ақын шығармашылығына арналған конференция өтті. Жиынды ұйымдастыруға Ишанали Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті мен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымы ұйытқы болды. Халықаралық конференцияға ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ, Гази университеті Түркітану ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Хуля Касапоглу Ченгел, Ишанали Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Төлебек Абдырахманов, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы елшілігінің орынбасары Рымтай Кәрібжанов, Қазақстан Республикасының ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Асқар Тұрғанбаев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, профессор Бауыржан Жақып, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, жазушы Абдиламит Матисаков, т.б. қатысты. Сондай-ақ, конференцияға қырғыз бен қазақ елдерінің бірсыпыра өнерпаздары да арнайы шақырылды. Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның түлегі Сәулежан Тағзия мен осы оқу орнының студенті Жайдар Шунан Мағжан әндерін, Жаннұр Мұсылманбек Кенен Әзірбаевтың әндерін нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ықыласына бөленсе, қырғыз өнерпаздары қазақ және түрік тілдеріндегі әндерді орындап, қонақтарға құрмет көрсетті. Халықаралық конференцияны Қырғыз Республикасының ТҮРКСОЙ-дағы өкілі, белгілі ақын Қожагелді Кулиев жүргізіп отырды. Конференцияға келген қонақтарды Ишанали Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Төлебек Абдырахманов қабылдап, алыс-жақыннан келген бауырларға алғысын білдірді. Мағжан шығармашылығы туралы қырғыз зерттеушілері профессор Назира Курбанованың, жазушы, әдебиет зерттеушісі Мамат Болоттың, доцент Жұмағұл Байдилдаевтың, Мағжан шығармаларын қырғыз тіліне тұңғыш рет аударған ақын, аудармашы Нұрлан Калыбековтің тың ізденістері мен пікірлері қазақ ақынына деген бауырлас елдің ерекше ілтипатын көрсетті. Түркітілдес елдердің Мәдениет министрлерінің 35-ші Тұрақты Кеңесінде ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мерейтойларына орай 2018 жылды қазақ ақыны Мағжан Жұмабай, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов және әзірбайжан сазгері Қара Қараев жылдары деп жариялаған болатын. Бұған дейін Түркияның бірнеше қаласында Мағжан Жұмабай жылының ашылу салтанаты жоғары деңгейде аталып  өтті.

Тоғжан Төлеген