ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС

ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС

ҰСТАЗДЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛАҒАТТЫ ІС
ашық дереккөзі
Тіл, дін, дәстүр, тарих және атамекен. Осы бес құндылықты көзінің қарашығындай сақтап, бойтұмары еткен болашақ ұрпақ бағзы бабалар аманатынан адаспаса керек. Баға жетпес бес рухани байлыққа «Бес анық» деп ат қойып, айдар тағыпты ұлағатты ұстаз. Кешегі кеңес кезінде Алаш азаматтарын ардақтаудан тайсалмай, қазақ тілінің тағдырына алаңдаушылық білдірген, егемендіктің алғашқы жылдарында ұлт мүддесін қорғайтын жүйелі заң шығаруға ықпал етіп, адалдық пен ар-намысты бәрінен биік қойған Мұхтар Арынға Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің алдынан еңселі ескерткіш-бюст ашылды. Тағылымды шараның салтанатына алыс-жақыннан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, елге танымал ақындар мен журналистер, ғалымдар мен саясаттанушылар келді. Әсілі, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған Мұхтар Арын есімін мұқым ел біледі. Дүниеден озғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ой-толғамдары ел ортасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Өміршең сөздері кейінгі жастарға өшпес өнеге. Алаш үшін атқарған абыройлы істері қазіргі қоғамға айнымас темірқазық. Балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келіп, тар заманда есейген ауыл баласы алысқа көз тікті. Білімге деген құштарлық Алматы Шет тілдері институтына жетелеп, филология ғылымдарының кандидаты дәрежесіне дейін көтерді. Әр жылдары бірнеше жоғары оқу орнында, министрлікте абыройлы қызметтер атқарды. Ғұмырының соңғы он екі жылын Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректорлығына арнады. Қандай қызметте жүрсе де, ұмыт қалған ұлттық мұраларды қайта жаңғыртуға күш салып, маңызы зор ғылыми еңбектер жазды. Халықтың рухын оятып, қызыл саясаттан кемтарлана бастаған тілін тірілтетін мақалалар жариялады. Заңғар тұлға туралы зиялы қауым айтар пікір де бір төбе. Бәрі де ел үшін туған перзенттің парасат-пайымын әңгімелеп, жарқын істерін жоқтайды. Саналы ел ерін ұмытпайды. Оған аядай ауылға жиналған алқалы топ дәлел. Аймақта өткен атаулы күнге халық көп жиналды. Зиялы қауым өкілдері алдымен Бақалы өңірінде мәңгілік тыныс тапқан Мұхтар Арынның кесенесіне келіп, рухына құран бағыштады. Еңселі ескерткіштің ашылу рәсімінде Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков осындай өнегелі іске «Рухани жаңғыру» бағдарламасы түрткі болғанын айтып, шараға қатысып отырған Мұхтар Арынның зайыбы Райхан Бердіқожақызына, асылдың сынықтары Ерлан мен Нұрланға ізгі тілегін арнады. Сонымен бірге, облыс әкімі Амандық Баталовтың сәлемін жеткізді. Шарада ұлт ұстазының үзеңгілесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы сөз сөйлеп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды. Айтулы философ ақтөбеліктердің ыстық сәлемін де арқалай келіпті. Құрметті ағайын! Мұхтар Арын – бүкіл қазақ халқына ортақ тұлға. Әсіресе, оның есімі ақтөбеліктерге өте ыстық, – деп бастады Амангелді Әбдірахманұлы алғашқы сөзін. – Мұхтар Ақтөбеде ұзақ жыл ректор болды. Көп ректорлардың бірі емес, келелі ой айтатын кемеңгер басшы еді. Мұхтар Ғалиұлы студенттерді ғана тәрбиелеп қойған жоқ. Сонымен бірге, халықтың тәрбиешісіне айнала білген абзал жан. Біле білсеңіздер, Рухани жаңғырудың алғашқы кезеңі тәуелсіздік алған жылдармен сәйкес келді. Сол жаңғырудың алғашқы легінде Мұхтар Арын жүрді. Ол қандай іске де қазақ руханияты тұрғысынан қарайтын. Адамды тірісінде мақтап жатады. Өлгеннен кейін ұмытады. Бірақ ұлы істерімен ұмытылмайтын адамдар бар. Ондай тұлғаны халық іздейді, сағынып тұрады. «Қайран Мұхаң-ай, былай дейтін еді-ау» деп, еске алады. Міне, Мұхтар Арынның әр сөзі, көрсеткен үлгісі ел жадында. Қазақ халқымен бірге. Сонау бір жылдары қазақтың батыр қызы Әлияны комсомол мектебі тәрбиеледі деп кеуде соққан коммунистер көп еді. Ал Абайды орыс мәдениеті өсірді деген ұшқары пікірлер жиі айтылатын. Мұхтар Арын ұлт рухын жаныштайтын теріс идеологияларға қарсы шығып, халықтың маңдайалды мақтаныштары ең алдымен қазақтың ұлттық тәрбиесінен нәр алғандығын дәлелдеп бағатын. Амангелді Айталы арда азаматтың көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп берді. Жиында сөйлеген Сарқан ауданының Құрметті азаматы Мейрамғали Қалиасқаров Жиренше шешеннің «Дүниеде не өлмейді – ғалымның хаты өлмейді» деп түйінделетін аңызын мысалға келтіріп, Мұхтардың есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті. Мұхтар Арындай ұлағатты ұстаздың ұрпағын өрбітіп, киелі шаңырағының отын маздатқан Райхан анамыз да алқалы әлеумет алдында ақтарыла сөз сөйлеп, барша жұртқа рахметін айтты. Сондай-ақ, ескерткіштің авторы, белгілі мүсінші Қадыржан Кәкімовке аналық алғысын жаудырды. «Мұхаң бүкіл өмірін ұстаздыққа арнады. Бұл ескерткіш халықтың ақ ниетімен, ақ батасымен ашылып тұр. Мұхаң болашақта елім рухани бай, кемеңгер болса екен деп армандап кетті. Оның жүрегі дінім, тілім, елім, жерім деп соқты. Мен Мұхаңдай азаматы бар бақытты әйелмін», – деді Райхан ана. Салтанатты шараның екінші бөлігі «Мұхтар Арын: ұстаз, ағартушы, қайраткер» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Сарқан ауданының әкімі ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Жеңіс Қасымбектің, ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің құттықтау хаттарын оқып берді. Конференцияда әр облыстан келген ғалымдар, оқытушылар арамыздан ерте кеткен тұлға жайлы естеліктерін айтып, ағынан жарылды. Атап айтқанда, Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Абылай Мұхамбетжан баяндама жасап, «Ақтөбенің Абайы» атанып кеткен текті азаматтың атқарған ұшан-теңіз істеріне тоқталды. Сонымен қатар, конференцияға ескерткіштің ашылуына ыстық ілтипаттарын білдіріп, ізгі тілектерін жолдаған танымал тілтанушы ғалымдар Әбдуәли Қайдардың, Рабиға Сыздықтың және Өмірзақ Айтбаевтың сәлемдемелері жеткізілді. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Атырау облысы әкімдері мен университет ректорларының құттықтау хаттары оқылып, жаңа жинақтар, ғылыми кітаптар, портреттер тарту етілді. Оның ішінде «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес Мұхтар Арынның күріштен бейнеленген портретін сыйласа, Павлодар мемлекеттік университетінің проректоры Арман Ақышев ғалымның жары Райхан анамызға зерлі қамзол жапты. Шара соңынан М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуінде қазақтың күмбірлеген күйлері төгіліп, Жомарт Тәкебаев, Сая Есенкелдинова, Бейбіт Мұсаев және Әсем Сембинаның орындауында әсем әндер шырқалды. Оркестрге танымал дирижерлар Әли Алпысбаев пен Арман Аманжолов жетекшілік етті. «Ауылдағы еш жерде оқымаған, сақалы беліне дейін түскен қарияға өзіңнің ғылыми идеяларыңды түсіндіре алсаң, сонда ғана нағыз ғалым боласың, балам!» – дейтін Мұхтар Арын. Әттең, осы сөзді бүгінгі тым терминшіл ғалымдар әр диссертациясының маңдайшасына жазып қойса ғой деп күйінеміз. Тағы бір сөзінде: «Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неден көрінеді дегенде, біріншіден, ұстаздың соңынан ерген шәкірттері болу керек. Екіншіден, қандай заман болса да, ұстаз ең білімді адам болуы тиіс. Үшіншіден, сыныпта сабақ беріп тұрған адамды мұғалім дейміз. Ал ұстаз үйде болсын, түзде болсын, далада болсын, қонақта болсын, қай жерде болса да ұстаздық міндетін адал орындап, өз ісімен басқаларға үлгі болуы керек. Төртіншіден, ұстаз қандай болса да ұлттық сезім туғызатын ойларды насихаттап, ортаға салып, түсіндіріп, ағартушылық қызметтерді атқаруы керек. Осындай адамдарды «Ұлт ұстазы» деп атайды», – дейтін. Уақыт мінберінен қарасақ, бұл байламды ой өзіне арналып айтылғандай. P.S: Мұхтар Арынұлы көшесі,10. Бақалы ауылдық Мәдениет үйінің мекенжайы осылай. Ғылым жиырма үш көктемнен кейін өзі  қанағаттанған  өңірде қайта тас мүсін кейпінде тірілді. Ең бастысы, ел жадындағы ескерткіш  өшпесін  деп  тарқастық  біз де ғылымның  ақжарқын  ауылдастарына қарай-қарай.    

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Алматы облысы,Сарқан ауданы,

Бақалы ауылы