«Келісіп пішкен тон келте болмас»

«Келісіп пішкен тон келте болмас»

«Келісіп пішкен тон келте болмас»
ашық дереккөзі
Апта басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Сочи қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Сонымен қатар, Елбасы Ресей президенті Владимир Путинмен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелерді талқылады.Кеңес отырысында Қазақстан Президентімен қатар Беларусь Республикасының президенті Александр Лукашенко, Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Молдова Республикасының басшысы Игорь Додон мен Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян болды. Жиында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері сөз болды. Келелі кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциялану нәтижелеріне назар аударып, интеграциялық үдерістер экономикалық даму қарқынына үлес қосатынын айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде экономикалық одақтың халықаралық аренадағы беделінің артқанын, шет мемлекеттердің аталмыш ұйыммен сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға қызығушылық танытып отырғанына тоқталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасын дамыту жөніндегі шаралар кешенін дайындау үшін арнайы үкіметаралық жұмыс тобын құру туралы ұсыныс білдірді. «Ірі  инфрақұрылымдық «мегажобаларды» іске асыру мүмкіндігін де қарастыру  қажет. Бірлестік қызметі барысында Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық  тұрақтандыру және даму қорының рөлін арттырған жөн. Олар ірі  инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуы керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы экономикалық одақ жұмысында Астанадағы «ЭКСПО-2017» кешенінің базасында құрылып жатқан үш халықаралық орталықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы институттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын. Сонымен қатар, «ЭКСПО» аумағында Одақтың қаржы мәселесіне қатысты  іс-шараларды, соның ішінде көмекші және консультативтік-кеңесші  органдардың отырыстарын өткізген жөн. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі  цифрландыру мәселелерін іске асыру үшін келешекте бой көтеретін ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі базасында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы «Цифрлық жобалар мен бастамаларды басқару офисінің» жұмысын ұйымдастыруды ұсынамын», – деді Қазақстан Президенті. Жиын соңында Елбасы кеңес отырысында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуы ұйымға мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты жандандыра түсетінін айтты. Ал кеңес қорытындысы бойынша тараптар бірқатар шешімдер мен құжаттарды қабылдады.