Ұлағатты ұстаз болатын

Ұлағатты ұстаз болатын

Ұлағатты  ұстаз  болатын
ашық дереккөзі
Биыл ұлағатты ұстаз Дәнеш Құрманбайқызы Мамытбаеваның туғанына 90 жыл, өмірден өткеніне 26 жыл толды. Ол Қызылорданың Қазалы, Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында ұстаздық қызметтің қызығы мен шыжығын жауапкершілікпен атқарып, шәкірттерінің жандүниесіне жол тапқан ұстаз болды. Дәнеш Құрманбайқызы 1928 жылы «Мақпалкөл» табанында «Еңбекші» колхозында шаруа отбасы Құрманбай Құлтабановтың (Есмаханның) шаңырағында дүние есігін ашады. Оның туған жері талай билер мен батырлар, шешендер мен ақын-жыраулар шыққан өңір. Жасынан Сыр сүлейлерінің жырларын тыңдап, жаттап өскен Дәкеңмен сөйлесе қалсаң, әдебиетшіден артық әңгімелейтін. Өзі де өлең шығарып, әзіл-оспаққа жақын болды. 1992 жылдың шілде айында жолығып қалдым. Дәнеш қатты ауырып отыр екен. Соған қарамастан Дүроңғардың өлеңдерін жатқа айтқаны таңғалдырды. Дәнеш апаның әкесі Құрманбай Құлтабанұлы (1902-1989) ел ақсақалы болған кісі. Көрнекті ақын, жазушы Әбдікәрім Оңалбаев Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінің 1948 жылғы 30 шілдедегі санында Дәнеш апаның студенттік кезеңі туралы «Екі семья, екі түрлі тәрбие» атты мақалада жазып: «Біздің Дәнеш білімге де, іске де бірдей ғой. Япырай десеңші, сөзге келсе тілінен бал тамады, іске келсе бір қаһарман. Өнегесі де мықты ғой» деген ауыл әйелдерінің әңгімесінен мысал келтірген. Білімі мен тәжірибесі толысқан шақта ұстаз болған Д.Мамытбаева өзінің іскерлігін қоғамдық жұмыстарда да көрсете білді. 1967 жылы оның есімі аудандық «Құрмет» тақтасына жазылған. Сондай-ақ, Тереңөзек аудандық партия, аудандық атқару комитеті және кәсіподақ ұйымының (1973 жылдың 11 қаңтарындағы №44/22) қаулысымен халық ағарту саласы бойынша Дәнеш Мамытбаеваның есімі «Құрмет» тақтасында жазылып тұрды. Шынын айтқанда, Қазалыдан шыңдалып өсіп, тәжірибе жинақтаған Дәкең Тереңөзекте тарих, қоғамтану пәндерін оқытудың тәжірибесін насихаттап, аудан, облыс, республика көлемінде үлгі-сабақ ретінде пайдаланылды. Тәжірибелі ұстаз әдебиет пен өнер жайында тарих, қоғамтану сабақтарында жергілікті жер-су, археологиялық ескерткіштер жайлы кеңінен пайдаланатын. Ол кісінің бастауыш партия ұйымы мен әйелдер кеңесінде, педагогтық кеңесте, соңғы қоңырауларда сөйлеген сөздері әлі күнге көзкөргендердің есінде. Д. Мамытбаева 1968 жылы өткен мұғалімдердің облыстық ІV съезінде делегат, Қазақ ССР мен Қазақстан Комитетінің 50 жылдығына арналған республикалық педагогикалық оқуларға да қатысқан. Тереңөзек аудандық партия комитетінің 1968 жылғы Қызылорда облыстық партия комитетіне жолдаған мәліметінде: «... Аудан мектептерінде белсенді әйелдер қатарында Д.Мамытбаева бар» деп ерекше атап өткен. Д.Мамытбаева 1967-1973 жылдар аралығында тарих, қоғамтануға арналған кабинетті жабдықтау, жасақтау, мектеп музейін ашу, аудан, мектеп тарихын зерттеу, түрлі кештер, кездесулер, диспут, викторина, т.б. қызықты кештердің бірден-бір ұйымдастырушысы бола білді. Ол өз сабағында қоғамтану, тарих пәндерін оқыту әдісі кабинеттік оқу жүйесі, көрнекті құрал, өлкетану, туризм, патриоттық тәрбие беру ісіне кеңінен мән бере оқытқан. Лениндік ұлт саясатын жүзеге асыру, оқушыларды археологиялық қазба жұмыстарына тарту, Қазақ ССР тарихын оқытуда көркем әдебиетті кеңінен пайдалану арқылы өз сабағының мәнді де маңызды болып өтуіне күш салды. 1981 жылғы 3 ақпандағы «Оқу- тәрбие жұмысын жақсарта береміз» атты мақалада №105 орта мектеп, бастауыш партия ұйымының секретары Ә.Көбееваның және Қармақшы аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Т.Науановтың аудан мұғалімдерінің август мәслихатындағы сөзінде: «... №105 орта мектептің тарих және қоғамтану пәндерінің мұғалімдері Д.Мамытбаева мен К. Жаппасбаев тағы басқалардың есімдерін ерекше атауға тиіспіз» делінсе, аудандық коммунизм шамшырағы газетінің бірнеше бас мақаласында озат мұғалімдер қатарында Д. Мамытбаеваның есімі жазылған. Жаңақазалыдағы 80 гектарлық баудың алғашқы ағашын отырғызғандардың бірі Дәкең болатын. Қазалыға Дәкең 1950 жылы келін болып енсе, 1983 жылы аса қадірлі ана болып оралды. Қазалыда КСРО Жоғарғы кеңесі президумының жарлығымен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. «Айналдырған ауру алмай қоймайды» демекші, аты жаман аурудан Дәнеш Мамытбаеваның жүрегінің соғуы 1992 жылдың 12 тамызында тоқтады. Қызылорда облыстық білім басқармасы, Халық ағарту қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің көңіл айтуында: «... Д.Мамытбаева өз пәнін жете білумен қатар, шәкірттерінің көңіл күйін терең түсінуші еді. Ол тарих сабағында туған халқының әдебиетін, әсіресе, ауыз әдебиетін молынан қарпып пайдаланатын, шешендік өнерді қатты қастерлейтін және жұртқа тарата білген», – деп жазған-ды. Шынында да, солай болатын. Дәнеш Құрманбайқызын ақтық сапарға шығару рәсіміне Қазақстанның түкпір-түкпірінен ағылған жұртта есеп жоқ болды. Д.Мамытбаеваның қаншалықты жұртшылыққа қадірменді болғанын елімізге белгілі кісілердің бірер сөзімен қорытындыламақпын. Олардан артық айта алмаспын да. Қоғам және мемлекет қайраткері Сейілбек Шаухаманов: «...Дәнеш Құрманбайқызы ақылды, білімді, парасатты, мінезі жібектей, иман жүзді, мейірім мен шапағаты мол жан еді» десе, Тереңөзек ауданындағы республикаға белгілі журналистер Сейткамал Усабаев пен Сұлтан Қожаниязовтар: «... Егер ері бастық болмаса, біздің Дәнеш ауданның бірінші басшысы болуға нағыз лайық жан» дегенінің куәсі болған едім. Сыр елінің қадірменді қызы, қоғам қайраткері Алмагүл Божанова өз сөзінде: «... Менің айрықша есімде қалғаны Дәнеш апайдың екі көзі мөлдіреп, нұр шашып отырар еді. Сөзге шешен болатын», – деді. Дәнеш Құрманбайқызының ел арасында асқан құрметке ие болуы оның имандылығы мен биік парасаттылығы, жан тазалығы, білімді де ілімді ұстаз болуы дер едім. Сондықтан да артында мыңдаған шәкірт қалдырған білікті ұстаздың өнегелі өмір жолы, оның асыл бейнесі ешқашан ұмытылмақ емес.  

Тынышбек Дайрабай,

зерттеуші,

ҚР Мәдениет қайраткері