Суретшілер неге наразы?

Суретшілер неге наразы?

Суретшілер неге наразы?
ашық дереккөзі
Бразилиялық суретшілер наразылық акциясына шықты. Олар кәсіби тіркеу жөніндегі міндеттемелерді тоқтатқан билік бастамасымен келіспей отыр. Нақтырақ айтқанда Бразилияда бұдан былай суретшілік мамандық ретінде саналмайды. Демек, олар енді көптеген әлеуметтік басымдықтарды, атап айтқанда зейнетақы мен жұмысшыларға арналған медициналық қызметті де ала алмайды. Бразилия суретшілері өздерінің құқығы жайлы алғаш рет өткен ғасырдың 70-жылдары ғана ашық айта бастады. Қылқалам шеберлері 1978 жылы наразылық шеруін ұйымдастырып, суретші еңбегі жай әуесқойлық емес, нағыз мамандық екенін мойындауды талап еткен болатын. Өткен ғасырда суретшілердің жағдайын түсінген билік олардың құқығын жұмысшылармен теңестірді. Араға 40 жыл салып бразилиялық суретшілер тағы да наразылыққа шықты. Өйткені Баия штатының шенеуніктері ескі заңды жойып, суретшілердің құқығын жоққа шығармақшы. «Мен жас күнімде көппен бірге суретшілердің құқығы үшін күрестім. Біз бүгін бұрынғы әділетсіздіктің қайталануына жол бермеуіміз қажет. Бізді кәсіпқой маман деп емес, әуесқой адамдар ретінде ресми түрде танығылары келгендіктен, бұл барлық суретшілерге, бүкіл әлем шеберлеріне жасалған қастандық деп есептейміз», – дейді жергілікті суретші Вильям Батиста де Соуза. Баияда наразылықтың басталғанына бір аптадан асты. Суретшілер өз талаптарын жергілікті әкімдік пен прокуратураға жолдады. Әзірге билік тарапынан жауап жоқ. Шенеуніктер бұдан бұрын суретшілер тек тиісті білімі туралы дипломы немесе біліктілік куәлігі болған жағдайда ғана еңбек жеңілдігіне ие болады деген еді. «Кәсіпқой суретшінің мәртебесін дәлелдейтін тиісті құжат болуы қажет. Егер сен құжаты жоқ суретші болсаң, мемлекет қандай да бір жеңілдік беруге міндетті емес. Сондықтан наразылыққа шыққандардың тиісті құжаты болмаса, олардың талаптары негізсіз болмақ», – дейді жергілікті заңгер. Наразылыққа шыққандардың басты талабы – мемлекеттен берілетін жеңілдік. Егер дипломы жоқ суретшілерді кәсіпқой маман деп санамайтын болса, оларға басқа жұмыс іздеуге тура келеді. Бразилияның көптеген штаттарындағы жұмыссыздық статистикасын есепке алсақ, бұл суретшілерге ауыр соққы болары анық. Баия штаты суретшілерінің тағдыры енді жергілікті шенеуніктердің қолында. Олар жиналыс өткізіп, ескі заңды қолдап немесе одан бас тарту үшін дауыс беруі тиіс. Ал наразылыққа шыққандар өздерінің жеңіске жететініне сенімді. Егер шенеуніктер олардың талабын орындамаса, қылқалам шеберлері наразылық акциясын ары қарай жалғастыра бермек.