Бөтен елдің белгілі брендтері

Бөтен елдің белгілі брендтері

Бөтен елдің белгілі брендтері
ашық дереккөзі
Биылғы жылдың алғашқы үш айында көлік нарығындағы сауда-саттық өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есеге өскен. Дәлірек айтсақ, жалпы сомасы 26 млрд теңге тұратын 5 мыңнан астам көлік өз иесін тауып үлгерді. Қуантарлығы, сатылған әрбір екінші көлік – отандық өнім. Қазақстандықтардың таңдауы көбіне Ресейдің және Оңтүстік Кореяның брендтеріне түскен. I тоқсан қорытындысы бойынша жергілікті өндірістен шыққан үздік ондықты Lada (2563), Hyundai (1143), Kia (530), Ravon (305) және JAC (262) бастап тұр. Үздік ондықты Chevrolet (177), KAMAZ (79), Skoda (68), Peugeot (42) және Foton (42) толықтырды. Бұл  туралы Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының төрағасы Олег Алфёров мәлімдеді. Оның айтуынша, автокөлік құралдарының өндірісі де екі есе артқан. Қаңтар-наурыз айларында 7 мыңға жуық темір тұлпар конвейерден шығарылған. Бұл көрсеткішке негізінен үш фактордың арқасында қол жетіп отыр. «Біріншіден, біздің кәсіпорындар шығаратын көлік модельдері көбейді. Бүгінде қазақстандық зауыттар автокөлік брендтерінің 140-тан астам түрін өндіреді. Екіншіден, «Жеңілдетілген автонесие» бағдарламасына Ұлттық қордан қосымша 8 млрд теңге бөлінді. Осылайша отандық өнімге сұраныс артты. Және үшінші фактор – ел экономикасының тұрақты өсімі», ‒ дейді Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының төрағасы Олег Алфёров. Қазақстандық автобизнес қауымдастығының есептеуі бойынша, жыл басынан бері «Азия Авто» зауытында 4411 автокөлік құрастырылған. «СарыарқаАвтоПром» зауыты қаңтар-наурыз айларында 2108 жеңіл, жүк көлігін және автобус шығарған. Ақмола «КамАЗ Инжиниринг» 121 жүк көлігін, алматылық Hyundai Trans Auto 44 техника шығарған болса, семейлік Daewoo Bus I тоқсанды 15 көлік шығару нәтижесімен жапқан. Үш айда шығарылған техниканың жалпы құны – 39,5 млрд теңге. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе, яғни 2015 жылдың көрсеткішіне жетеғабыл. 2015 жылы Қазақстанда 14477 автокөлік өндіріліп, өндірістің жалпы көлемі 80 млрд теңгені құраған еді. Өскемендік «Азия Авто» зауытының болжамы бойынша, отандық көлік құрастыру кәсіпорнының өндірісі биыл 19 мың көлік болады. «Былтырғы жылы Қазақстанда 46 мың көлік сатылған. Біздің болжамымыз бойынша, осы жылы шамамен 60 мың көлік сатылады. Егер өндіріс көрсеткіштерін қарайтын болсақ, онда өткен жылы 11,5 мың көлік құрастырылған. Биыл 19 мыңға дейін шығарамыз деп отырмыз», – дейді сұхбатта «Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаев.