Инвестицияның 70 пайызы-Қазақстан еншісінде

Инвестицияның 70 пайызы-Қазақстан еншісінде

Инвестицияның 70 пайызы-Қазақстан еншісінде
ашық дереккөзі
Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену мақсатында Қазақстанда инвестицияларды тарту үшін ыңғайлы жағдай жасалуда. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Франция-Қазақстан: стратегиялық  әріптестікке он жыл» форумы барысында Үкіметтің жүргізіп отырған негізгі шаралары туралы айтып берді. Өткен жылы  Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп 2018-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледі. Бұл Стратегияның негізгі міндеті – тікелей шетелдік инвестициялардың салыну көлемін ұлғайту. Сондай-ақ, экономикалық мүмкіндіктерді ескере отырып, инвестицияларды тартуға 36 әлеуетті ел анықталды, оның 11-і басымдыққа ие, соның ішінде Франция да бар. Бұл елдер бүкіл әлем бойынша инвестициялар мен жаңа технологиялардың донорлары саналады. Осы басым елдердің әрқайсысымен жұмыс істеу үшін ҚР СІМ-мен бірлесе отырып, іс-қимылдардың жеке тәсілі мен нақты жоспары әзірленетін болады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елімізде өткізіліп жатқан маңызды жүйелі іс-шараларға назар аударды. Мәселен, шетелдік өкілдер мен өңірлік бөлімшелер желісімен Кazakh Invest инвестициялар жөніндегі ұлттық компаниясы сәтті жұмыс істеуде. Кazakh Invest мақсатты ТҰК және ірі компаниялармен Үкімет атынан «бір­ыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде қызмет атқарады. Инвесторларға кедендік баж салығынан босату, салықтық жеңілдіктер, салықтық демалыстар, заттай гранттар және т.б. секілді жеңілдіктер ұсынылады. Қазақстанда әртүрлі салалық бағыттары бар 11 арнайы экономикалық аймақ және 22 индустриялық аймақ бар. АЭА қатысушыларына «бір терезе» қағидаты бойынша жеңілдіктер мен қызметтер пакеті ұсынылады. Индустриялық аймақтардың қатысушыларына мемлекет барлық қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ірі мемлекеттік кәсіп­орындарды жекешелендіру бойынша ауқымды науқан жүргізіліп отыр. Сатуға шамамен 800-ге жуық актив ұсынылған. Бұл тау-кен өнеркәсібі және металлургия, мұнай-газ саласы, энергетика, көлік және байланыс, инфрақұрылым және т.б. компаниялардағы акциялар. Бұдан өзге, елімізде ЭЫДҰ ұсыныстарын ескере отырып, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа Кодекс әзірленді. 2018 жылдың шілде айынан бастап күшіне енетін кодекстің қабылдануымен шешілетін басты мәселелердің бірі – «бірінші келген – бірінші алады» қағидатын қолдану. Осыған байланысты министр француз компанияларына жер қойнауын пайдалану саласындағы жаңа мүмкіндіктерге қатысуға асығуға кеңес берді. «Біз мыс, алтын, қорғасын, мырыш және басқа да металдарды геологиялық барлау саласындағы жобаларды іске асыру үшін инвесторлармен жұмысты одан әрі жалғастыруға дайынбыз, сондай-ақ, ынтымақтастық үшін бос кен орындарын ұсынуға әзірміз», – деді министр. Ол осы жылдың маусым айында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру туралы аукцион өткізу жоспарда бар екенін мәлімдеді. Барлығы 69 жер қойнауы телімі дайындалды, оның 5-і – өндіруге және 64-і – барлауға арналған. Бұдан өзге, министр Еуразияның жүрегінде, Еуропа мен Қытай арасында орналасқан Қазақстанның тиімді географиялық орналасуына тоқталды. Қазақстаннан 2 мың шақырым радиуста 500 млн астам адам өмір сүреді. Бұдан өзге, Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелігі 180 млн-нан астам тұтынушысы бар Одақтың ортақ нарығын ашады. Қазіргі таңда Еуразиялық трансқұрлықтық дәліздердің жаңа архитектурасын қалыптастыру жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көлік саласындағы басты міндет – 2020 жылға қарай транзиттен түсетін жыл сайынғы кірістерді 5 млрд АҚШ долларына дейін арттыру. Жалпы алғанда 2017 жылы Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті шамамен 17 млн тоннаны құрады. Жыл сайын Қазақстан арқылы Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік тасымалдың екі есеге артуы байқалуда. Қазақстан транзиттік әлеуетін ескере отырып, 2015 жылы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамаларының түйіндесуі бойынша ынтымақтастық жоспарына қол қойды. Нәтижесінде Қазақстан мен Қытайдың көліктік-логистикалық инфрақұрылымын біріктіру процесі белсенді түрде жалғасуда. Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Ляньюньган теңіз портындағы Қазақстан-Қытай терминалы мен «Қорғас» АЭА құрғақ порты секілді бірлескен инфрақұрылымдық жобалар өңірлік хабтар болып саналады және Қазақстан аумағы арқылы транспорттың барлық түрі бойынша Қытайдан Еуропаға экспорттық-импорттық және транзиттік тасымалдар көрсеткіштерінің тұрақты өсімін қамтамасыз етеді. «Орталық Азиядағы инвестициялардың 70 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі, бұл еліміздің шетелдік инвесторлар үшін тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Осы қарқынмен жұмысты жалғастыруға дайынбыз», – деген  Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек француздық әріптестерді Қазақстанның дамушы экономикасына батыл қадаммен инвестиция салуға шақырды.